Аймақтар • 12 Сәуір, 2022

Үбі өзені арнасынан асып кетті

444 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тау қары еріншектене еритіндіктен Шығыс Қазақстанда су басу қаупі әлі де бар. Оның үстіне өзен-көлдердің мұзы әлі де сіресіп жатыр. Жуықта Үбі өзенінде мұз кептеліп, Бородулиха ауданы Речное ауылындағы бірқатар үйдің ауласына су кірді. Сақадай сай құтқарушылар тілсіз жаудың бетін қайтаруға бірден аттанды.

Үбі өзені арнасынан асып кетті

Төтенше жағдай мамандары жетіп үлгергенше, Речное ауылында екі үйді су басып, үш үйдің маңайына жайылған. Құтқарушылар жете салысымен, 16 тұрғынды қауіпсіз жерге шығарды. Қора-қопсысындағы торайына дейін аман алып қалды. Ауылдықтардың айтуынша, дер кезінде жеткен құтқару қызметі 50 бас малды ауыл шетіндегі су баспайды-ау деген орынға қа­маған. «Малым – жанымның садағасы» деп отырған Речное ауылының тұрғындары үшін малдан басқа байлық жоқ.

Өзен арнасына кептелген мұзды техникамен ашу мүмкін болмағандықтан, мамандар бірден жаруға шешім қабылдады. Себебі минут сайын көтеріліп бара жатқан өзен суы бүкіл ауылға қауіп төн­дірді. Су қаупінің алдын алуға қыс ортасынан бері дайындалған құтқарушылар 6 067 шаршы метр алаңда жарылғыш зат пайдаланып, кептелген мұзды күлдей етті. Қауіп тағы төнбеуі үшін төтенше жағдай қызметкерлері тікұшақпен өзен бойын барлап шықты.

Дегенмен, судың екпіні күшейе берген көрінеді. 20 сағат ішінде су деңгейі тағы көтеріліп, 8 үй су астында қалған. Оның алтауы тұрғын үй болса, екеуі бос тұрған еді. Тұрғындар құтқарушылардың бақылауымен дереу үйлерін тастап кетті. Ресми деректерге сүйенсек, 36 тұрғын, оның ішінде 10 бала эвакуациядан кейін туған-туыстарына орналастырылған екен.

Оқиға орнына облыстық ТЖД жеке құрамының 69 қызметкері, 2 жүзу құралы, 11 мотопомпа және 8 бірлік техника, ЖАО-ның 20 қызметкері және 8 бірлік техника жұмылдырылды. Қоғамдық тәртіпті сақтау және су басқан үйлерді тонау фактісін болдырмау үшін полиция қызметкерлері де жұмылдырылды.

– Речное ауылында су басу қаупінің беті қайтқан сияқты. Бақылауда ұстап отырмыз. Жалпы, облыста жағдай тұрақталды, – дейді ТЖД баспасөз хатшысы Марина Лискова.

Қазіргі уақытта ауылда су деңгейінің төмендеуі байқалады. Тікұшақпен шолу жасаған мамандар өзен арнасында мұз кептелісі жоқтығын айтты. ТЖД мамандарының күшімен су басқан аумақтарда сору жұмыстары ұйымдастырылды. Қауіптің беті қайтты дегенмен, құзырлы органдар мониторинг жүргізіп, күшейтілген режімде жұмыстарын жалғастырады.

ТЖД бастығы Ерлан Нұрпейі­совтің айтуынша, Марқакөл қоры­ғы жақта қардың биіктігі 100-125 сантиметр аралығында. Ал облыстың оңтүстік өңірлерінде қар мүлдем жоқ. Қар суының қоры Алтай, Глубокое, Катон­қарағай, Көкпекті аудандарында және Риддер қаласында нормадан жоғары. Синоптиктер бол­жағандай, сәуірде облыс аума­ғының басым бөлігінде жаңбыр жауады.

Жалпы, облыс аумағында су басу қаупі бар-ау деген 108 елді мекенде 7 682 тұрғын үй орна­ласқан. Сондай-ақ облыстық ТЖ де­партаментінің бастығы «Жол картасы» бағдарламасы аясында қа­былданған шаралардың нәти­же­сінде су басу қаупі бар елді ме­кендердің азайғанын тілге тиек етті.

– Жағдай шиеленіскен жағ­дайда жеке құрамның 1 524 адамы, 838 бірлік техника және 179 мотопомпа бар. Одан бөлек жергілікті атқарушы органдардың күштері дайын. ТЖД күштері мен құралдарының топтамасы әзірленді. ТЖД үшін 111 уақытша орналастыру пункті дайындалды. Алтай, Глубокое, Шемонаиха, Катон­қарағай, Көкпекті және Бо­ро­­дулиха аудандарында су тас­қы­ны жағдайы болған жағдайда өзге өңір­лерден күштер мен құ­рал­дарды ауыстыру схемасы әзір­ленді, – деді ТЖД бастығы Ерлан Нұрпейісов.

Жуықта су тасқыны болуы ықтимал өңірлерге мониторинг жүргізу мақсатында Алтай ауданына ТЖМ 68303 әскери бөлімінің 16 әскери қызметшісі және 2 жол талғамайтын техникасы жіберілді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, дәл қазіргі уақытта гидрологиялық жағдай тұрақты. Өзендердегі жарылыс жұмыстары 17 елді мекендегі барлық 22 учаскеде аяқталды. Үш рет аэровизуалды тексеру жүр­гі­зілді. Бұл орайда тұрғындар да ар­қаны кеңге салмай, үй маңындағы бұлақ­тардың көзін ашып, қоқыстан тазартып қойғандары жөн деседі құтқарушы мамандар.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Бородулиха ауданы