Бүгінде сексеннің сегізіне келген Харитон Васильевич Сыр жұртшылығына танымал адам. Оны білетін үлкен де, кіші де сыйлап тұрады. Өзі өте мәдениетті, биязы, сыпайы адам болған соң да шығар, қазағы мен орысы, корейі не басқа ұлттың өкілі болсын Харитон ақсақалдың алдын кесіп өтпейді.
О кісінің азан шақырып қойған аты Ге Хак Рим. 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қызылордаға ата-анасымен бірге жер аударылып келген. Әкесі Ге Бон У Кореяда туған екен. Кедей отбасында өмірге келіпті. Орта мектепті бітіргеннен кейін дәулеті жетпеген соң сол кездегі үрдіс бойынша Еуропаға не Америкаға кетіп білім ала алмаған. Өзі оқыған мектепке жұмысқа орналасқан. Солайша, өз білімін өзі жетілдіреді. Кейіннен саясатпен айналысады. Кореяны жапон басқыншыларынан азат етуге белсене араласады. Кореяның коммунистер партиясына мүшелікке енеді. Жастайынан өмірі арпалысқа толы болады. Кореяның уақытша үкіметі құрылғанда соның қатарына енеді. Бүгінгі тілмен айтсақ, баспасөз хатшысы қызметін атқарады. Уақытша үкімет оны Мәскеуге оқуға жібереді. Бірақ жете алмайды. Орта жолда абақтыға қамалады. Содан Ресейде қалып қояды. Ақыр соңы Қиыр Шығысқа барып тұрақтайды. Сонда жүрген кезінде Қазақстанға жер аударылады.
– Қыркүйектің шуақты күндерінің бірі еді. Бізге жолға жиналуға бұйрық берілді. Бір ауыл тұтастай корейлер тұратын едік. Бәрімізге жолға қажетті заттарымызды жинау тапсырылды. Мен ол кезде 11 жаста болатынмын. Үлкендер киім-кешегін буып-түйіп, қолда бар азын-аулақ малын сойып, артылғанын сатып, әбігерленіп қалды. Біз секілді ойын балалары бұған шын қуандық. Әйтеуір алақандай ауылдан ұзап шығатынымызға мәзбіз. Бәрімізді вагондарға бөліп тиеді. Қайда бара жатқанымызды, не үшін көшкенімізді білмедік. Ұзақ жүрдік. Сол жолда ең алғаш рет Байкалды көрдім. Тас лақтырып ойнағанымыз әлі есімде. Әрбір станса сайын тоқтаймыз. Бірақ бізді вокзалға жақындатпайды. Тауарлы пойыздармен қатар тұрамыз. Сол жүргеннен жиырма күн жолда болдық. Келген жеріміз Қызылорда қаласы екен, – дейді ардагер өткен күндерін еске алып.
Қиыр Шығыстан ауған кәрістер қалада екі аптадай ғана тұрақтайды. Сонан соң іргедегі Сырдария ауданынан жер бөліп, сонда қоныстандырады. Ал Ген Бон Удың отбасы қалада қалады. Себебі, Харитон Васильевичтің әкесі мұғалім болатын. Қаладағы корей мектебінде ұстаздық етеді.
Өмір тарихы туралы сөз етіп отырған ақсақал жылы ғана жымиды. Есіне әлдене түскенін байқайтындаймыз. Сосын сөзін одан әрі жалғады. «Біз келгенде елдің арасында жел сөз тарапты. «Ойбай, не дейсің, мына келгендер адам етін жейді екен», деген. Содан қазақтардың барлығы бізді алапес көргендей айналып қашады. Жақындамайды. Кейіннен оның қаңқу сөз екенін білді ғой», дейді Ге Хак Рим.
Жер ауып келген корейлер бірден егін салады. Көкөністерін өсіріп, жемісін жей бастайды. Сонда жергілікті ұлт «мыналар шөп жейді екен» деп күліпті. Әңгіме осы тұсқа келгенде: «Қазақтар корейлердің адам емес, шөп жейтінін білгенде қатты таңғалған екен ғой», деп жатырмыз. Ақсақал риза болып күліп алды.
Бір жылдан соң қаладағы корей мектебі жабылыпты. Солайша, оқушылардың барлығы орыс орта мектептеріне ауыстырылады. Бесінші сыныпқа дейін ана тілінде білім алған балаға бұл қиын тиеді. Оның үстіне бір ауыз орысша білмеген соң сабаққа деген ынтасы біржолата жоғалады. Ең қиыны, бұл да емес. Әкесі жұмыссыз қалады. Бір отбасының асыраушысы табыс көзінен айырылып, әртүрлі жұмыстарға жегіледі. «Осындай қиыншылық кезде біз қазақ халқының қамқорлығын ерекше көрдік. Қолдарындағы бір үзім нанын бізбен бөліскенін қалай ұмытарсың?! «Аштықта жеген құйқаның дәмі таңдайдан кетпейді» деген ғой. Осы рас сөз», дейді қария.
Бүгінгі күннің биігінен қарағанда, Ге Хак Рим талай зобалаң заманнан өткенін айтады. Аштықты да, жаппай қуғын-сүргінді де, екінші дүниежүзілік соғысты да көреді. Осының бәрінен аман өтіп, мына бейбіт те берекелі заманға жеткеніне шүкіршілік етеді.
– Ел ішіндегі дүрбелеңнің барлығы халықтың арасындағы алауыздықтан басталады. Ұлттар бір-бірімен дүрдараз болып, ауызбірліктен ада қалыпқа енсе, онда оның соңы жақсылыққа апармайды. Шыны керек, «халықтар достығының мекені» делінген Кеңес Одағының өзінде дәл қазіргі Қазақстандағыдай жағдай болған жоқ. Бір ұлтты екіншісінен кем санау бар еді ол кезде. Ал қазір Қазақстанда барлық ұлт пен ұлыстың өкілі тең құқылы. Ешкім ешкімді кемсітіп не көзге шұқып жатқан жоқ. Дәл осы жерде Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған рөлі орасан зор. Бұл өзі әлемде баламасы жоқ құрылым ғой. Міне, енді осы институттың жұмысы әлемді қызықтырып жатыр. Өзге мемлекеттер осы құрылымды зерттеу үстінде. Осының өзінен-ақ Қазақстанның өте дұрыс бағытта дамып келе жатқанын бағамдай аласыз. Ең ғажабы, 1937 жылы мен алғаш көрген қазақ пен қазіргі қазақты салыстыруға мүлдем келмейді. Осы аралықта қазақ халқы мәдени-рухани жағынан да, саяси-әлеуметтік тұрғыдан да қатты өсті. Әсіресе, Тәуелсіздік жылдарында қазақ халқы жаңаша түледі. Ойлау өрісі кеңейіп, мемлекетшілдік рухы ұлғайып, осынау ұлан-байтақ жерді аман сақтап, ондағы 130-дан астам ұлт пен ұлыстың барлығын теңдей ұстап, тұтастығын нығайту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлындай көреген басшының аты тарихта алтын әріптермен жазылатыны хақ, – дейді шежіре қарт.
44 жыл бойына Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында табан аудармастан жұмыс істеген Ге Хак Рим әкесі көрмеген жақсылықты көріп отыр. Себебі, 1995 жылы Корея мемлекеті оның әкесіне ұлт-азаттық күрес жолындағы еңбегі үшін «Тәуелсіздік» орденін береді. Оның кәріс халқының тарихы, тілдік құрылымы туралы зерттеулерін басып шығарады. Ал өзі Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті бір сессиясында Елбасының қолы қойылған Құрмет грамотасын иеленеді. «Бұл – менің өмірімдегі ең үлкен құрмет», дейді ол құрмет қағазын көрсетіп.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.