Аймақтар • 12 Сәуір, 2022

Жылыжайлы өңірде көкөніс неге қымбат?

518 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жылыжайы көп, көкөніспен тұтынушыларды жыл бойы қамту мүмкіндігі мол Түркістан өңірінде баға тұрақтылығы – өзекті мәселе. Яғни ерте шығатын көкөністердің құны қымбат, жергілікті жұрттың көпшілігіне бағасы қолжетімсіз. Нарықта көрші елдің өнімі кем дегенде екі есе арзан.

Жылыжайлы өңірде көкөніс неге қымбат?

Отандық өнімнің бәсекеге қабілетсіздігін айтушылар да бар. Түркістандықтар дастарқанынан үзілмейтін қызанақ пен қиярдың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарынан шығып қалуын да бағасының қым­баттауымен байланыстырады.

Әйтпесе негізінен осы қыза­нақ пен қиярды өндіретін жылы­жайлардың жалпы көлемі облыс­та 1 467 гектарды құрап, рес­пуб­ликадағы жылыжай аумағы­ның 71%-ын иемденуде. Яғни өңірде 3 366 жылыжай бар. Сон­­дай-ақ биыл Түркістанда 50 гек­тар аумаққа заманауи үлгі­дегі жылыжай кешенін салу жос­­парлануда. Қазіргі таңда инвес­торлар анықталып, инфра­құрылым мәселесі қаралуда. «Әлеуметтік маңызы бар өнім­дердің тапшылығын тудырмау мақсатында картоп 8,5 мың гектарға, пияз 2 мың гектарға және сәбіз 2 мың гектарға егілуде. Егістік жер­лерді ағын су­мен қамтамасыз ету үшін 52 ша­қырым каналды бетондау, 241 шақырым канал­дарға меха­никалық тазалау жұмыс­тары жүргізілді», дейді облыс­тық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сы­ның басшысы Нұрбек Ба­ды­­рақов.

Жылыжай және оның өнімдерінің бағасы жөнінде «Оңтүстік Қазақстан жылыжайлары қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлес­тігінің өкілдері де Мәжіліс депутат­тары­ның өңірлерде болған сапарлары кезінде дабыл көтерген болатын. Нәти­жесінде, жылыжай саласының күрделі жағдайынан хабардар болған депутаттар Ауыл шаруашылығының министрі Е.Қарашөкеевке сауал жолдады.

«Елдің оңтүстігінде жылыжай көкөніс шаруашылығы ауыл шаруа­шылығы­ның жетекші саласы болуы керек. Өкі­ніш­ке қарай, ерте шығатын көкөністер­дің қазіргі құны қымбат, көптеген қазақстандық үшін бағасы қолжетімсіз болатыны, әкімдердің базар­дағы бағамен жағаласып шап­қылай­тыны да белгілі. Себебі­не үңіліп, зерттеген жан бар ма? Қауым­дастық ұсынған есеп-қисаптар бо­йынша өнеркәсіптік жылыжайдың бір гектарын жылытып, жарықтандыруға жұмсалатын шығындар сағатына 45 кВт электр энергиясын тұтынуға дейін барады. Оған қоса электр энергиясына, минералдық тыңайтқыштарға, еңбекке ақы төлеуге, күндізгі жарық ұзақтығының қысқаруына байланысты қосымша жарықтандыруға жұмсалатын шығындар және бар. Тиісінше, осындай үлкен шығындар болған кезде көкөністер бағасының жел­тоқ­саннан бастап наурыз-сәуір айлары­на дейін төмендеуі екіталай. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жетекші экспорттаушы елдерде өнімділікті арттыру үшін жасанды қосымша жарықтан­дыру (күндізгі жарық уақытын ұзарту) қол­данылады. Алайда Түркістан облысында коммуналдық қыз­мет­тердің қымбат болуына байланысты қосымша жарықтандыруды қолдану тиімсіз.

Бұл проблема 3 жылдан астам уақыт бойы көтеріліп ке­ле­ді, отандық өнім көрші ел­­дер­де (Өзбекстан, Түрік­менстан) өндірілген өнім­дермен бәсекелесе алмайды. Мысалы, коммуналдық көр­сетілетін қызмет­тер құ­нын салыс­тырғанда мына­дай: Түркістан об­лы­сында 1 кВт электр энер­гия­сы­ның құны 33,17 теңгені құ­райды, ал Өзбек­станда – 18 теңге, Түрік­менстанда – 2-3 теңге; Түркістан облы­сында мың текше газ­дың бағасы – 35 788 теңгені құрайды, Өзбекстанда – фермерлер үшін біздің ұлттық валютаға шаққанда 11 мың теңге, Түрік­мен­станда бар болғаны 45 теңге. Су бізде 1 текше үшін 262 теңге, ал көр­ші елдер­де тегін. Өңір эко­логия­сын бұзатын көмірдің 1 тоннасы 14 600 теңге. Қыс­қа қарай ол 20 мың теңгеден асып жы­ғы­лады. Газ бағасы бойынша да басқа об­лыстармен салыстырғанда Түркі­стан облысы 1-орында тұр. Ал Қазақстандағы ең арзан газ Шығыс Қазақстан облысында (мың тек­ше үшін 11 218,76 теңге), Ақ­төбе облы­сында (14 536,37 теңге), Батыс Қазақ­стан облысында (17 873,39 теңге). Осы­лайша, еңбек ресурс­тарының шы­ғындары отандық өнімнің өзіндік құнына үлкен әсер етеді. Қысқасы, на­рық­та көрші елдің 1 кило өнімі кем дегенде 2 есе арзан, отандық өнім бәсекеге қабілетсіз. Жағдайды оңалту үшін тиісті министрлік шұғыл шаралар қабылдауы қажет деп ойлаймыз», деді депутаттық сауалды жария еткен Дархан Мыңбай.

Бұл орайда яғни баға тұрақтылы­ғын ұстап тұру және жылыжай алаң­дарын кеңейту, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мақсатында депутаттар коммуналдық көрсетіле­тін қыз­меттерді (электр қуаты, таби­ғи газ, көмір) арзандатуға арналған шығын­дардың құнын 50% мөлшерінде субсидиялауды қарастыруды ұсынды. Қуат көздерін субсидиялау және жылыжай шаруашылықтарының несиелерін төлеу мерзімін ұзарту, коммуналдық төлемдерге төленетін тариф көлемін күн­дізгі және түнгі кезеңге бөліп төлеу те­тіктерін қарастыру жөніндегі ұсы­ныстарын шаруалар өңірге жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке де жет­кізген болатын. Әзірге министрлік тарапынан жауап жоқ.

Түркістан өңірінде бау-бақшалық өнім­дердің бағасы да көпшілік көңі­ліндегідей емес. Бағбандардың уәжіне жүгінсек, оның өзіндік себебі де бар. Мысалы, шетелден әкелінетін тыңайт­қыштарды сатып алуға мемлекеттен субсидия бөлінбейді. Оны шаруашылық алдын ала сатып алады, енді бірінің қаржылық жағынан қауқары жетпейді.

«Тыңайтқыштың бағасы шаруалар үшін қымбат. Себебі шетелден импортталады. Бір литрін 5 мың теңгеден сатып алдық. Бізге 300 литр, кейде 400 литр керек. Ал күн суыта берсе, екінші рет себу қажет. Толассыз жауған жаңбыр сол тыңайтқышты шайып кетеді. Бұл жағынан да шығын бар», дейді «Александровский сад» ЖШС басшысы Бақтияр Тағаев.

Ордабасы ауданы Бөржар ауылдық округінде 40 гектар жерге алма және сүйекті жеміс ағаштарын еккен фермер шаруашылығына тамшылатып суару технологиясын енгізген. Қазір бапталған бақта алма, өрік, қара өрік, шабдалы, шие ағаштары бар. Күн жылыған кезде сүйекті жемістер бірден бүршік жарған, алайда наурыздағы суық шаруаларды біраз әбігерге салды.

«Биыл жаңбыр көп жауды. Қыстың аяғы, көктемнің басындағы суықтан сү­йек­ті жемістердің гүлін үсік ұрып ке­ту қаупі жоғары. Биыл өнім көлемі екі есе­­­ге азайып кетуі де мүмкін. Өнімнің сапа­­­сы ауа райына тікелей байланысты – күн жылы болса, жақсы гүлдейді, соған сай жақсы өнім береді», дейді Бақтияр Тағаев.

Шаруаның айтуынша, бақтағы жеміс ағаштарының 80%-ы өнім беруі мүмкін. Фермер Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке өнімді, арнайы қоймаларды, ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдығын сақтандыру мәселесін жеткізіпті.

«Ауыл шаруашылығы саласында кредит беру шарттары шаруаларға қолжетімсіз болып отыр. Яғни берілетін кредиттің пайызы жоғары – шаруа шаруашылығын ашу үшін 17%-бен қарыз алады. Бұл – бірінші. Екінші мәселе – кредит алу үшін кепіл қою. Мұнда алынатын кредит сомасына 120%-ға кепіл қою керек. Кепіл құны да төмен бағаланады. Әсіресе, шаруа жерін кепілге қойған кезде қаржы инс­титуттары оны өте төмен бағалайды. Ауыл шаруашылығында түрлі мәселе болады. Ауа райына байланысты өнім үсіп кетеді. Сондай кезде фермердің дәлелді себебі барына қара­мас­тан, қаржыландыру инс­ти­тут­тары оларды қолдау по­зи­­­циясын ұстанбайды. Яғ­ни нақты себебі болғанына қара­мас­­тан, кре­дитті мезгілінде өтей ал­­майтын шаруаға кредит уа­қы­тын шегеруге мүмкіндік қа­рас­­ты­рылмаған», дейді фермер.

Шаруалар алма, өрік, қара өрік, жүзім өсіруге ауа райы қолайлы оңтүстік өңір­лер­де келешекте жаңғақ ағашы­на арналған ұзақ мерзімді мем­ле­кет­тік бағдарлама қа­жет екенін айтуда.

Былтыр құрылған Түркі­стан, Алматы, Жам­был облысында жеміс өсіру, сақтау, сатумен айналысатын кәсіпкерлердің басын қосатын «Қазақстан бақ­тары» консорциумының төр­ағасы Нұрлан Құралов оң­­түс­тік өңірде гүлдеп үлгер­ген жеміс ағаштарының 20%-ы үсіп кеткенін айтады. «Бау-бақ­ша­­ны сақтандыруды енгізу қажет. Сақ­тандырумен айналы­сатын компаниялар бар, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі солармен келісіп, жемістің белгілі бір бөлігі үсіп кетсе, соны өтеу бойынша келісім орнатуы қажет. Әрине, шаруалар шығынның толық өтелгенін қалайды, екінші тарап өз ұсынысын айтып, ортақ келісімге келуге болады», дейді Н.Құралов.

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының хабарлауынша, минералды тыңайтқыштардың құ­нын субсидиялау бағдарламасы­на 4,5 млрд теңге қарастырылған. Нәтижесінде, 475 түрлі минералды тыңайтқыштардың құны 50% суб­сидияланып, 368,1 мың гектар егістікті тыңайту жоспарлануда. Тыңайтқыш тапшылығын болдырмау мақсатында «ҚазАзот» АҚ-мен облыс ауыл шаруа­шылығы тауарын өндіру­шілерге қажетті аммиак селитрасын уақтылы және толық көлемде жеткізу туралы арнайы меморандум түзілген.

Әлеуметтік маңызы бар өнімдерді Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматы қаласына жеткізу жөнінде облыс әкімдіктерімен меморандумдар түзілген. Жалпы, биыл облыста егіс көлемі 848,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Өткен жылмен салыстырғанда егіс алқа­бы 3 мың гектарға артып отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың ай­туынша, егістікті әрта­рап­тандыруға сәйкес, биыл мал азығы дақылдарына көңіл бөлі­ніп, егіс көлемі 13 мың гектарға артып, жалпы 228 мың га алқапқа егіледі.

«Бүгінгі таңда жос­парланған жаз­дық дақыл­дардың 21%-ы егілді. Өткен жыл­мен са­лыстырғанда көк­темгі дала жұ­мыстары бір аптаға ер­те басталды. Биылғы көк­темгі дала жұ­мыс­­­тарына 22 701 бірлік ауылшаруашылық техни­касы қатысуда. Жос­пар­лан­ған жер жыр­ту жұ­мыс­тары 95%-ға орын­далды, 106 мың гектар жер­де сор шаю жұ­мыстары то­лықтай жүр­гізілді. Биылғы жылдың өнімі үшін егілген 177 мың гектар күздік би­дайдың жағдайы жақ­сы. Қоректендіру жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, Түркістан облы­сын­дағы ауылша­руа­шылық да­қыл­дары 100% тұ­қым­мен қамтамасыз етіл­ді. Осы тұқымдардың 50%-ы суб­си­диялау мақсатында 600 млн тең­ге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, көк­темгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Аграрлық несие корпорациясы­нан 6%-бен 5,3 млрд теңге несие қаржы қара­­лып, 3,6 млрд теңгесі 783 тауар өн­­діру­ші­ге таратылды. Бұдан бөлек 60 мың тонна минералды тыңайтқышты дер кезінде жеткізу үшін «ҚазАзот» ЖШС келісімшарт жасалды.

Бүгінгі таңда облыста осы қажет­тіліктің 50%-ы бар, 10 мың тоннасы таратылды, 25 мың тоннасы қоймада тұр, тауар өндірушілерге күнделікті келісімшартқа сәйкес босатылуда», деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар облыста 47 900 тонна жанар-жағармай арзандатылған бағамен беріледі. Бүгінде 18 мың тонна жанар-жағармайдың құны толығы­мен төленіп, тауар өндірушілерге 6 300 тоннасы босатылған. Бағасы тауар өндірушілерге жеткізіп беру құнын қоса алғанда 193-195 теңгеден сатылуда. Яғни өңірде көктемгі дала жұмыс­тарын оңтайлы мерзімде ат­қару мақсатында диқандарға мүмкін­дік жасалуда. Дегенмен бүгінгі баға жыл бойы үзілмейтін көкөнісі де, жеміс-жидегі де мол дерлік түркі­стан­дықтардың тәбеті­не кері әсерін тигізіп тұр.

 

Түркістан облысы