Партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде Президент партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы керек екенін айтқан болатын.
Amanat партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов көшпелі мобильді топтардың басты міндеті – тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күту емес, оларға өздері бару екенін атап өтті. «Шалғай ауылдардың тұрғындары облыс орталығына жету үшін 300 шақырым жүру қажет. Ал жолдың нашарлығынан қарттар мен көлігі жоқ адамдарға діттеген жеріне жету тіптен қиын. Сондықтан алдағы уақытта мұндай қабылдаулар Қазақстанның барлық өңірінде болады», деді ол.
Қабылдаулар кезінде Түркістан облысына қарасты Жеңіс ауылының тұрғыны Әуескүл Үздеубай ауылдық емхана жанынан дәріхана ашуға көмек сұраса, жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Жаңабекұлы ауылға газ құбырын тарту мәселесін көтерді. Ал Жеңіс ауылының тұрғыны Әділбек Ұсманов су тапшылығы мен оның қымбаттығына назар аударды.
«Р-6 каналы» 1967 жылы салынған. Бұрын су сыйымдылығы секундына 2 000 текше метр болса, қазір 1 400-ге азайған. Арықтың бойында жүзден астам шаруақожалығы бар. Жаңа жайылым жерлерге су жеткізу қиын. Сонымен қатар мың текше метр үшін тариф – 800 теңге, бұл өте қымбат. Барлық су арналарына күрделі жөндеу қажет. Ал сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мамандар мен жергілікті тұрғындардан бақылау комиссиясы болуы қажет», деді ауыл тұрғыны.
Аманаттықтар Түркістан облысына қарасты Жеңіс, Ақтөбе, Темір, Қарақоңыр және Қоғам сияқты барлығы 5 ауылға барып, тұрғындарды мазалаған фермерлік шаруашылықты субсидиялау, мектеп пен балабақша салу, жер телімдерін бөлу секілді өзекті мәселелерді талқылады.
Сапар аясында Amanat мобильді бригадалары Солтүстік Қазақстан облысындағы шалғай елді мекендердің тұрғындарын қабылдады. Партия мүшелері Келлеровка, Имантау, Ясная Поляна, Далматово, Қиялы ауылдарында болды.
Қабылдаулар кезінде Келлеровка ауылының тұрғындары азық-түлік бағасын реттеп, денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу мүмкіндігін қарастыруды және көшеге жарық орнатуды сұрады. Ауыл халқының су жүйелері жұмысына қатысты да шағымдары көп. Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесі мүшелерінің айтуынша, дәл осы мәселе әрбір ауданда көтерілген. Ал Келлеровкада орталық сумен жабдықтау мүлде болмаған, тұрғындар әлі күнге дейін суды арнайы пункттерден сатып алуға мәжбүр.
«Келлеровкада 2,5 мың адам тұрады және XXI ғасырда суға қатысты осындай проблемалардың болуы, әрине, өте қолайсыз. Біз бұл мәселені Экология министрлігінде де көтереміз», деп атап өтті партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаева.
Бұған дейін мобильді қоғамдық қабылдаулар Ақмола, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарына барған болатын. Шалғайдағы 147 ауылдың 1 500-ден астам тұрғыны өзекті мәселелерін көтеруге мүмкіндік алды. Оның ішінде су және газбен жабдықтау, жолдарды жөндеу, жайылымдар мен шабындық жерлер беру, интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелер бар.
Естеріңізге сала кетейік, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 40 мыңнан аса адам жүгінген. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру (32%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (14%), тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу (11%) толғандырады. Мемлекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутаттар 8 мыңнан астам қабылдау өткізіп, 22 мың адамды қабылдады.
Сонымен бірге партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді.