Пікір • 13 Сәуір, 2022

Саяси құрылымы берік мемлекеттің көші де түзу болмақ

511 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған биылғы Жолдауын: «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек» деп бастады. Расында да солай. Өйткені бұл жолы еліміздегі жиі айтыла беретін ағымдағы бағдарламалар, әлеуметтік саланың мәселелері емес, Жаңа Қазақстанды құру мақсатының негізі болатын саяси реформаларды жүзеге асыру ісі міндеттелді.

Саяси құрылымы берік мемлекеттің көші де түзу болмақ

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Тәуелсіз Қазақстанның өткен отыз жылы биік қырға шығып, қайта түскендей әсер береді. «Биік қырға» дей­тінім аталарымыз алысып, аңсап өткен еркіндіктің, бос­тан­дық­тың не екенін білдік, рухымыз аспандады, тілімізбен, діні­мізбен, тарихымызбен қайта қауышқандай болдық, қазақ деген халықты дүние жүзі танып білді. Халқымыз экономикалық формацияның өзгерісіне де төтеп берді, санаулы жылдарда елдің әлеуметтік жағдайы да дұрыстала бастады. Дегенмен Тәуелсіздіктің елең-алаңында еліміздің саяси құрылымын­дағы белгілі миссиясын атқар­ған авторитарлық жүйенің уақыт өте келе шегенделіп, тапжыл­май қалуы – бар биліктің бір адамның қолына шоғырлануы ел өмірінің бар саласын басынан бөгеген ағынсыз судай тыныссыз тоқырауға әкелгенін уақыттың өзі көрсетті. Және оның салдары мойны озық елдердің ілгері көшіне теңелу үшін саяси жаңарып, қоғам мен биліктің тізе қосуы, пікір алуандығы болуы керектігін меңзеді. Көшті бастайтын экономика емес, қайта сындарлы саясаты бар, қоғамды ести алатын, басқаруға қолайлы сая­си құрылымы жетілдірілген мемлекеттің жүгі аумайтынын уақыт дәлелдеді.

Президент Жолдауындағы «Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-эко­но­ми­калық өзгеріс жасау мүм­кін емес» деген лебіз жұрт көкейі­нен шыққан негізгі тү­йін­нің бірі болды. Саяси жаң­ғыру түп­теп келгенде қоғам мен билік ара­сының алшақ­тамауы, түсіністік орнауы болып табылады. Демократиялық қаты­настарды орнату үшін соң­ғы бірер жылда ғана жаңа­шыл­дығы «елімізде жаңа сая­си мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауап­кер­шілік пен сенімнің артуына жол ашқан» оннан аса заң қа­был­данды. Бұл Жолдауда Пре­зидент ұсынған елдің саяси жү­йесін кешенді жаңғырту бағ­дар­ламасына, реформаларға негіз болатыны сөзсіз. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл бастамалар осыған дейін жүргізілген өзгерісті жұмыстардың жал­ғасы болуымен қатар, «қоғам­ды дәйекті түрде демокра­тия­ландыруға септігін тигізетінін» және «мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз ететінін» атап кетті. Уақыттың да, жұрттың да күткені осылар екені тағы айқын.

Жолдауда Президент өкі­леттігі туралы айтыл­ды. Бір адамның саяси үстем­дігіне ба­рынша шектеу қою үшін Орталық сайлау комис­сиясы­ның, Есеп комитеті мен Конс­титуциялық кеңес төрағалары, мүшелері міндетті түрде партия мүшесі болмайтындығы айтылды. Соған сәйкес жергілікті жер­дегі түрлі деңгейдегі әкім­дер мен олардың орынбасарлары да партия филиалдарынан шыға­ды. Сонымен қатар биліктің бір қолда шоғырлануынан болатын тамыр-таныстықтың, олигархиялық топтардың күш алмауы және сыбайлас жем­қорлықтың тамырланып кет­пеуі үшін Президенттің жақын туыстарына саяси мемле­кеттік қызметші болуға және квази­мемлекеттік секторда бас­шы­лық жасауға тиым салынатын болады.

Жолдауда айтылған өкілді билік тармағын қайта құру да уақыты піскен, халық күт­кен өзгеріс еді. Мұның басты мақ­саты Президенттің өкілет­тігін біртіндеп қысқарта отырып, парламенттің рөлін арттыру еді. Алдымен Сенатты жа­сақ­тау тәртібіне және оның ат­қа­рар қызметін қайта қарауға мән берілді. Қазір жоғарғы палатада 49 депутат бар. Әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Президент тағайындайды. Мұндай құры­лым осыған дейін заң шы­ғару үдерісіне Мемлекет бас­шы­сының тікелей ықпал жасауына мүмкіндік беріп келген еді. Мұның өз уақытында тиімділігі болмай қалған жоқ, бірақ уақыт бір орнында тағы тұрған жоқ. Сондықтан Президент уақыт өзгерістерді де қажет ететіні туралы өте нақты әрі дұрыс айтты деп білеміз. Енді Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10-ға дейін азаятын болды.

Саясаттағы артықшылық пен жасандылық өзін ақтамай­тын көрініс екені қоғамда ашық сынға ұшырап жатады. Расында, Парламент қонақ болып төрде отыратын орын емес, бұл халықтың ірік­теген ақыл-ойы, ерік-жігері. Парламенттің төменгі пала­та­сындағы өзгеріс қоғам пікі­ріне құлақ асудың тамаша тәжі­рибесі дер едік. Қазақстан хал­қы Ассамблеясының Мәжіліс­тегі квотасы жойылып, ол Се­нат­қа ауысатын болды. Онда да 9 депутаттан 5 депутатқа дейін кемиді. Сенатқа сол бес депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі түрлі этностық топтардың өкілдері­нен ұсынады, олар Президент Жарлығымен мандатқа ие болады. Ал Мәжілісте 9 депутат орны азаяды.

Президент ұсынған Жаңа Қазақстанның мәні азаматтық қоғамы қалыптасқан, қоғам мен билік арасы тонның ішкі бауындай жақын, түсіністік тапқан мемлекет құру болмақ. Бұл тұрғыда елімізде сайлау жүйесін жетілдірудің ма­ңы­зы аса зор екенін уақыт мең­зеп отыр. Қазақы түсінікке салсақ, сайлау таза, ашық, әділ өтсе ғана, Парламентке де, жергілікті мәслихаттарға бі­лім­ді, алдыңғы ойлы депутат­тар сақадай іріктелетін болады. Ал атқару органдарына бі­лікті мамандар, елім, Отаным дейтін патриот адамдар барады. Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылы жас мемлекет үшін қай жағынан да өсу, тәжірибе жинау, жетілу уақыты болды. Сайлау жүйесіндегі кешегі тиімді деген пропорционалды тәсіл бүгінгі күннің талабы­нан шықпады. Бұл тәсілдің уақы­тында партиялық жүйені да­мытуға ықпалы болғанмен, партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмады. Мұның өзі сайлау жүйесінде де жасандылыққа ұрындырды. Сайлау учаскесінде сайлау­шы­лардың кімге дауыс беруі маңызды болмады, ал Мә­жі­ліс­ке, мәслихатқа сайланған депу­таттардың кім екеніне назар да салмады. Сайлау комиссиясында да «жоғары» жақтың айтқаны болып жатты. Осындай көзбояушылықтар мен жасанды жұмыстар адамдардың сайлауға деген сеніміне селкеу түсіргені анық. Солай болмау үшін де Президент енді Мәжілістің деп­у­таттық корпусының 70 па­йызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсіл­мен жасақталатынын айтты. Сайлаудың аралас үлгісінде депутаттар құрамы ұлттық және өңірлік деңгейде көрініс табады, бұған сайлаушылар мүддесі де сәйкес келеді. Сайлау жүйесін жетілдірудің өзі сайлаушылар мүддесін алға қою, қоғаммен санасу ғой. Саяси партиялар өкілдері мен қоғам белсенділерін сайлау ко­миссияларының құрамына ен­гізу саяси науқандағы әділет­тілікті қамтамасыз етумен бір­ге, оған деген адамдар сені­мін арттыра түседі. Әділ өткен сайлау заң шығару және билік органдарын білімі терең, ұлт мүддесіне берік депутаттармен, білікті мамандармен жасақтауға мүмкіндік береді.

Ұлт ұстазы, биыл 150 жыл­дығы ЮНЕСКО шеңберінде ата­лып өтетін Ахмет Байтұр­сын­ұлы сайлаудың маңызы тура­лы осыдан бір ғасырдан ас­там уақыт бұрын айтқан екен. Ахаң жарықтық «Сайлау көп үшін берген нәрсе, көп пайдасын көздеп сайланса, яғни «мынау – халыққа тыныш­тық, пайдалы, зарарсыз адам, анау – бұзық, зарарлы, зор­лық­шыл, қиянатшыл адам», деп тексеріп, таңдап сайласа, сай­лау дұрыс, өз мағынасында болғаны. Халықтың пайдасы, зарары қаралмай, «мынау туғаным-туындасым я құда-құрмаласым», деп яки «мынау анадан пәлендей сомын артық беріп тұр ғой», деп сайланса, ол сайлау емес, құр талас, я сау­да», деп сайланған адамның да, сайлаған сайлаушылардың да жауапкершілігі үлкен, мүдде ортақ болуы ортақ міндет екенін ескертеді. Тіпті, Ахаң: «Жұрт өзіне тыныштық, зарарсыз ауылнай сайласа, көптің пайдасын, өзі басының пайдасын көздеп ақшаға сатпайтын адамнан елубасыларын сайласа, бұзық би, бұзық болыс шығар ма еді? Әлбетте, шықпас еді. Олай болғанда, біздің дерт­тің тұқымы народный сотта емес, халықта жатыр», деп сайлау­дағы жауапкершілік таразысының басын сайлау­шы­лардың өзіне аудара сөйлейді. Ұлт ұстазы бұл жерде ел жағ­дайының жақсаруы, мойны озық жұрттарға ілесу үшін қо­ғам­ның белсенділігі, саяси оянуы қажеттігін меңзеп отыр. Ұлт ұстазы бұл сөзді айт­қан уақытпен арамызды тұтас ға­сыр бөліп тұрса да, бүгін әділ сай­лаудың маңызы артпаса кемі­ген жоқ, болашақта да ол демо­кратия дамуының не­гіз­гі шартының бірі болып қала бермек.

Жолдауда жергілікті өзін өзі басқаруды орталықсыздандыру туралы өте орынды айтылды. Бұл үшін Президент жергі­лік­ті мәслихаттар өкілеттілігін белгілеуді тапсырды. Жергілікті өзін өзі басқару жетілдірілген сайын адамдар масылдық психологиядан арылады. Кейде адамдар өздері тұрып жатқан қалалар мен ауылдардағы кез келген тұрмыстық мәселелер үшін жоғарыға қол жайып отырады. Бұл орайда жергілік­ті жердегі резервтер өте мол дер едім. Халқымыздың асар се­кілді жаңғыртатын жақсы құн­дылықтары жетеді. Қазір елімізде еріктілер, волонтерлер ісі жанданып келеді. Адамдар өзі тұрып жатқан өңірдің ой-шұқырын, кем-кетігін жақсы біледі. Сондықтан туған жерде тұрмысты жақсартуға жұрт­шылықты жұмылдырып, өзек­ті мәселелердің шешімін табуы­на әркімнің қатысуына серпін бергенде бүгінгі ұрпақтың бойында туған жерге деген перзенттік сезімді тәрбиелейді. Ұрпақ санасының жаңғыруы мемлекет көшін түзейтін де саяси жаң­ғыруға ұласады.

 

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Сенат депутаты