Аймақтар • 13 Сәуір, 2022

Ұланда ұлан-асыр той өтті

467 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл да Шығысқа көктем кеш келді. Наурыз айы боран-шашынды болғандықтан кейбір аудандар, мекемелер Ұлыстың ұлы күнін сәуірде тойлап жатыр. Әз-Наурыз күні кеше университет қабырғасында тойланса, бүгін ұландықтар атап өтті.

Ұланда ұлан-асыр той өтті

Пандемияның кесірінен ұлан-асыр той жасап, арқа-жарқа болмағалы екі жылдың жүзі болыпты. Мерекелік іс-шараны сағынысқан жұрт аудан орталығы – Қасым Қайсенов кентіне ағылды. Ұлан ауданының 14 ауылдық округ өкілдері киіз үйлерін құрып, ақ дастархан жайды. Бұрқ-сарқ самауыр қайнап, наурызкөже сапырылды.

Бозанбай ауылдық округі құрған киіз үйді қараңыз, та­биғи, еш жасандылық жоқ. Кіреберісінде саңқылдап, бүркіт отырса, ауласында есікпен төрдей болып, құмай тазы жатыр. Төрінде түлкі мен кірпінің терісі ілулі тұр. Әуелете ән шырқап, күмбірлете күй төгемін десеңіз, үкілі домбыраңыз әнеки. Зергердің қолынан шыққан сандық үстіне қыздың жүгіндей құрақ көрпе жиналған. Дастарханда ұлттық тағамдар аста-төк. Үй иесі Шәкерман Ошан келімді-кетімді қонақтарға наурыз көже ұсынып, қонақжайлық танытуда.

– Осы киіз үймен этно туризмді қолға алып отырмыз. Күн жылынған соң ауламызға тігіп қоямыз. Қонақтар келіп, қазақтың ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерін көре алады. Қызығушылық танытса, киіз басып, сырмақ сырып көрсетеміз. Кейін дүние-мүлікті түйеге теңдеп, қазақтың көшін көрсеткіміз келеді, – дейді Бо­занбай ауылынан келген Шәкер­ман Ошан.

Сондай-ақ бұл күні ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қыз-жігіт­тер алтыбақан теуіп, мәз-мей­рам болып жатса, бозкі­лем­де балуандар белдесіп, күш сынасты. Әдеттегідей қой кө­теріп сайысқанымен, жүлде ерек­ше болды. Бірінші орын алған Сұлтан Амантай қойды еншілесе, екінші орынға бір қап қант, үшінші орын алған жігітке бір қап картоп берілді. Мерекелік шараларға сусап қалған жұрт, әй бір серпілді.

 

Шығыс Қазақстан облысы

Ұлан ауданы