Ғылым • 13 Сәуір, 2022

Білім ғылымсыз болмайды – Талғат Құлажанов

808 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ғылым күні қарсаңында Алматы технологиялық университетінің ректоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қ. Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты  Талғат Құралбекүлы Құлажанов  газет оқырмандарына арнайы сұхбат берді.

Білім ғылымсыз болмайды – Талғат Құлажанов

– Талғат Құралбекұлы, 12 сәуір Қазақстанда ғылым  қызметкерлерінің күні ретінде атап өтіледі. Осы атаулы күні ғылыми-зерттеу ұйымдары, ғылымға қатысы бар оқу орындары және жеке алғанда әрбір ғалым бүгінге дейін қандай ізденістер, зерттеулер жүргізіп, нендей жетістіктерге жеткенін және алдағы атқаратын істерін бір зерделеп, түйіндеп алатыны түсінікті. Сіз басқаратын Алматы технологиялық университетінің де өзіндік айтарлықтай табыстары бар. Бүгінгі сізбен арадағы сұхбатымызды осы бағытта өрбітсек деп ойлаймын. Өткен жылдың қорытындысы бойынша университеттің өзіңіз бастаған ғалымдар тобы Сәтбаев атындағы сыйлыққа ие болды, бұл ғалымдар үшін үлкен абыройлы марапат...

– Ия, 12 сәуірдің Ғылым күні болып белгіленуі бекер емес, бұл күні Қазақстан ғылымының дамуына орасан зор үлес қосқан аса көрнекті ғалым, Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев дүниеге келген. Ғылым күні мен Сәтбаев есімінің қатар аталуы заңды нәрсе деп ойлаймын.

Осы орайда «Агроөндірістік кешеннің инновациялық технологиясы мен қайта өңдеу өндірісінің логистикасы» атты ғылыми еңбегіміз үшін 2021 жылғы республикалық байқау қорытындылары бойынша жаратылыстану ғылымдары саласындағы Сәтбаев атындағы сыйлықтың бізге берілуін өзім де,   академик-әріптестерім Ә. Ізтаев пен Ә. Сапарбаев та өте биік құрмет деп білеміз. Мұның өзі қоғамға қажет білікті маман даярлауды ғылыми-зерттеу жұмыстарымен нысаналы түрде ұштастырып отырған АТУ-дың ұстаз-ғалымдарын жаңа ізденістерге жігерлендіреді.

– Таяуда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Университет ұжымы үшін осы құжаттағы басшылыққа алатын басты тұжырымдар қандай?

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың   Парламент палаталарының бірлескен отырысында  сөйлеген сөзін Алматы технологиялық университетінің басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы студенттер өкілдерімен бірге теледидардан тыңдаған еді. Бұл біздің қалыптасқан дәстүріміз. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында    саяси реформалардың жаңа бағдарламасын және жақын арада жүзеге асырылатын бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараны ұсынды. Бұл бастамалар университет ұжымы тарапынан толық қолдау тауып отыр. Президент атап көрсеткендей, адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе  әрдайым жоғары бағалануға тиіс. Өз еңбегінің, алған білімінің жемісін көруді, жиған-терген тәжірибесін кәдеге асыруды мақсат тұтқан іс адамына керегі осы.

Әлемдік бәсекеге қабілетті және заманауи инновациялық технологияға арқа сүйейтін экономиканы орнықтырып, оның үнемі ілгерілеп отыруы үшін, ең әуелі, мемлекеттік шаруашылықтың барлық саласында өз ісін жетік білетін білікті мамандар қажет екені ақиқат. Бұл ретте Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, жаңа экономика құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің маңызы зор. Сондықтан да өмірдің өзінен туындап отырған шарттарға сай қарекет жасап, оң нәтижеге жетуді мақсат тұтуымыз керек деп ойлаймын.

– Білім сапасын арттыру, ғылыми ізденістерді дамыту бағытында отандық тәжірибелерді назарда ұстаумен қатар шетелдердегі оқу орындарымен тікелей байланыстың маңызы зор екені даусыз. Сіздерде бұл тұрғыдан қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Халықаралық ынтымақтастық Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің ЖОО арасындағы QS халықаралық рейтингісінде үздік 200 университеттер қатарына кіретін Алматы технологиялық университеті қызметінің ажырамас бөлігі және білім беру сапасын қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады. Бұл саладағы жұмыс  заманауи стандарттарға сәйкес жүргізіліп келеді. Университеттің стратегиялық даму моделі әлемдегі үздік университеттер рейтингінде тұрған жетекші университеттермен серіктестікке негізделген.  

ж

Бүгінгі күнге  АТУ   алыс және жақын шет елдердің 130-дан астам жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды,  нәтижесінде университет оқытушылары мен студенттеріне өздерінің біліктілігін арттыруға, шет елде білім алып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік жасалып отыр. Мәселен осы меморандумдар негізінде кадрлар даярлаудың бірлескен жобасы бойынша Швейцарияның туризм және қонақүй менеджменті институтымен (Hotel and Tourism Management Institute - HTMI), Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономика университетімен (РЭУ), Еуропа дизайн институтымен (IED), Пловдив тағам технологиялары университетімен (Болгария) расталған білім деңгейі негізінде қос диплом алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар іске асырылуда. Бүгінде 65 жылдық тарихы бар Алматы технологиялық университеті  тағам, өңдеу өндірісі, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп, инжиниринг,   ақпараттық технология, бизнес салалары мен сервис және қонақжайлық индустриясы үшін жоғары білікті мамандар мен ғылыми кадрлар даярлауды табысты жүзеге асырып келеді.  

– Университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен инфрақұрылымы туралы айта кетсеңіз деймін, өйткені кез келген алдыңғы қатарлы оқу орнының осы екі құрамдас бөлігі оның рейтингтік деңгейін айқындайды емес пе?

– Біз үшін бірінші кезектегі міндет Мемлекет басшысының жоғары оқу орындарында білім сапасын арттырудың барлық мүмкіндіктерін қарастыру және студенттерді жатақжаймен қамтамасыз ету жөнінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру болып табылады.

Бүгінде университетте 8000-ға жуық студент (магистранттар мен докторанттарды қосқанда) білім алады, 520 ғалым мен оқытушы дәріс береді, олардың 28-і Халықаралық және Ұлттық ғылым академияларының академиктері мен корреспондент-мүшелері, 47-і – ғылым докторы мен профессор, 151 адам – ғылым кандидаты мен доцент, 80 ұстаз – РhD докторы.

ж

«АТУ» АҚ-да «Тамақ өнеркәсібінің технологиясы» және «Жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібінің технологиясы» ғылым бағыттары бойынша 2 диссертациялық кеңес жұмыс істейді.

Оқу орнының инфрақұрылымы туралы айтар болсақ, оның жалпы аумағы 70 мың шаршы метр. Университетте 5 оқу корпусы, 5 жатақхана, үлкен және кіші мәжіліс залдары, ғылыми кітапхана, 5 факультет, 19 кафедра, Қазақстан-Швейцария туризм және мейманхана бизнесі институты, 3 ғылыми-зерттеу институты, 8 ғылыми-зерттеу зертханасы, 13 оқу-ғылыми орталығы, тігін бұйымдары цехы, оқу-өндірістік мейрамхана, тамақтану комбинаты, 2 спорт залы және стадион, 2 медпункт, баспахана, студенттерге қызмет көрсету орталығы  жұмыс істейді.

–  Ғафу етіңіз, сөзіңізді бөлейін, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, кейде тізбеленген біраз нәрсенің мазмұны ашылмай, цифрлардың тасасында қалып кетеді. Жаңағы өзіңіз айтып отырған ғылыми-зерттеу институттары мен олардың зертханалары және оқу-ғылыми орталықтары туралы ширатып айтсаңыз артық болмас, тереңірек білгісі келетін оқырмандарымыз да бар.

– Білім ғылымсыз болмайды. Қазіргі заманда білім беру процесі ғылыми-зерттеу жұмыстарымен ұштастырылғаны абзал. Жоғары оқу орындарының бәрінің бірдей мұндай ғылыми мүмкіндігі жоқ екені белгілі. Ал біздің университет білім, ғылым, өндіріс тұтастығы жөніндегі халықаралық стандарттарды басшылыққа алып жұмыс жүргізіп келеді.

Оқырманды жалықтырып алмас үшін жоғарыда айтқан үш ғылыми-зертеу институты туралы сәл ғана тарқатып айтайын.

Бірінші, тағам технологиялары ғылыми-зерттеу институтында жаңа буын өнімдерінің ғылыми-зерттеу зертханасы, технологиялық процестерді лазерлік активтендіру ғылыми-зерттеу зертханасы, қайталама шикізатты кешенді қайта өңдеу және тамақ өндірісі ғылыми-зерттеу зертханасы, тамақ және қайта өңдеу өндірістерінің инновациялық технологияларының ғылыми-зерттеу зертханасы жұмыс істейді. 

Ал тамақ қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының құрамына аккредиттелген тамақ қауіпсіздігі зертханасы мен азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бағалау жөніндегі ғылыми-зерттеу зертханасы кіреді.

ж

Үшінші, жеңіл өнеркәсіп проблемаларының ғылыми-зерттеу институты тоқыма материалдарының технологиясы мен қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу зертханасы мен жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын жобалау ғылыми-зерттеу зертханасының қызметіне жүгінеді.

Көрдіңіз бе, атауларының өзі айтып тұрғандай, бұл зертханалардың ізденістегі ғалым-ұстаздар үшін де, терең білім алуды мақсат тұтқан студенттер үшін де және бізбен серіктестік байланыстағы өндірісшілер үшін де әбден маңызды. Құрамында бірнеше оқу-ғылыми орталықтары бар технопарктер де білім, ғылым, өндіріс бірлігіне қызмет етеді. Осы аталған құрылымдық бірліктердің бәрі осы заманғы, соның ішінде озық шетелдік жабдықтармен жарақтандырылған.

–  Құптарлық жағдай екен. Ал енді, өзіңіз сөз еткендей, ғылым мен өндірістің бірлігі, яғни жоғары оқу орнының кәсіпорындармен, бизнес-құрылымдармен, мемлекеттік сектормен байланысы, серіктестігі туралы қандай нақты бірер мысал келтірер едіңіз?

–  Университет өндіріс орындарының базасында жүргізілген өз зерттемелерін сол кәсіпорындарда ендіру бойынша нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, қазіргі уақытта «Беккер», «Efes Kazakhstan», «Carlsberg Kazakhstan», «Stella Alpina», «Шымкент-Кашемир»,  «Azala Textile», «Алматы-нан» сияқты және басқа да жауапкершілігі шектеулі серіктестермен осындай жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар бірқатар кәсіпорын тарапынан технологиялар жасап беруге тапсырыстар алдық.

ж

«ЭФКО-Казахстан» компаниялар тобы үшін  «Экоуниверсил 1203-32» тұтыну маргаринін пайдалану арқылы ұн және кондитер өнімдерін және   арнаулы мақсатта қолданылатын «Oilprime 1003-32» тоңмайын өндіру технологиясын жасап бердік. «RG Brands» ЖШС үшін шырындардың түстілігі мен мөлдірлігін айқындайтын құрал жасалынды. «Галета Казахстан» ЖШС тапсырысы бойынша ҚР Қарулы күштеріне арналған ұзақ сақталатын қатырма нан дайындау технологиясы  әзірленді. «Жалын ҒӨТО» сұранысы бойынша жаппай қолданыстағы негізгі өнімдердің (энтеросорғыш тағамдық талшықтар қосылатын нан-тоқаш және сүт өнімдерінің) сапасын арттыру технологиясы жасалынды.  Қазіргі уақытта «Bastion Trans Logistics»,  «Bota Kaz Streition», «High Invest», «Эллис» жауапкершілігі шектеулі серіктестері сияқты компаниялар үшін зерттеу жұмыстарын жүргізуге шарттар жасалынды. Бірлескен жұмыстардың бір топтамасы осындай.

– Университет ғалымдарының тіркелген зияткерлік табыстары туралы не айтар едіңіз?

– Бұл енді осы айтып отырған әңгімеміздің жалғасы десек те болады.  Бәрін тізбелемей-ақ қояйын, Қазақстанның астық қабылдау, элеватор, диірмен, жарма, құрамажем кәсіпорындарындағы, бір сөзбен айтқанда,  астық өнімдері кешеніндегі көптеген өндірістік күрделі мәселелер АТУ ғалымдарының тікелей атсалысуымен оң шешімін тапты. Ет-сүт өнімдері бойынша өндірісте қолданысын тапқан ғылыми зерттемелер бір төбе.

д

Соңғы екі жыл көлемінде АТУ ғалымдары  119 қорғау құжаттарын (патент алу үшін қаралып жатқан өтінімдерді есептемегенде) алған екен, соның ішінде 15-і өнертабысқа (оның 1-і РФ патенті), 44 патент пайдалы үлгіге, 13-і өнеркәсіптік үлгіге берілді, сонымен қатар 2 тауарлық таңба куәлігі, 45 авторлық куәлік бар. Ғалымдарымыздың бірқатары университеттің өз түлектері екенін мақтанышпен айтуға болады.

– Әңгімеңізге көп рахмет. Алматы технологиялық университетінің алдағы 65 жылдығы құрметіне жаңа биік белестерден көріне беріңіздер.

– Айтқаныңыз келсін.