Қоғам • 13 Сәуір, 2022

Маман тапшылығын жою – маңызы зор мәселе

782 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы саласындағы кадр тапшылығы жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Шаруалармен жолығып қалсаң, әңгімесін субсидия мәселесінен бастап, ветеринар мен механиктердің қажеттілігімен жалғастырады. Зейнеткерліктің ауылына қадам басқан тәжірибелі мамандар ай-күнін санап отыр. Жастардың ауылға баруға ниеті аз. Қайтпек керек?

Маман тапшылығын жою – маңызы зор мәселе

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қолдаса, «қонақтайды»

Қолында ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуге мүмкіндік беретін дипломы бар жастар көп. Бірақ түрлі себеппен басқа салада нәпақа тауып жүр. Қазір ветеринария мамандығы бойынша жоғары оқу орындарына түсетін түлектердің көп бөлігі қыздар екен. Өкініштісі, олардың 30 пайызы ғана ауылға келеді. Статистика солай. Бүгінде мемлекеттік грант бойынша оқыған студент оқу бітірген соң осы салада 3 жыл бойы жұмыс істеп, мемлекеттің бөлген ақшасын өтеуі керек. Әрі қарай, әрине, өзі біледі. Бастысы, 3 жыл ішінде мамандығын терең меңгеріп, осы саланың білікті маманына айналуына, өмірлік жолын осы бағытта жалғастыруына мүмкіндік жасау, жалақысы мен қызметін сатылап көтеру сияқты шаруалар атқарылуға тиіс. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласына жас мамандарды тарту, осы салада қызмет етемін деген жастарға қолдау көрсету ісі де кезек күттірмес мәселе екенін естен шығармаған жөн.

Ауыл шаруашылығы сала­сының ардагері Ахмет Серкебаев жастар ауылда тұрақтап қалуы үшін қолайлы жағдай жасалуы керек екенін алға тартады.

– Баспана мен жалақы мәсе­ле­сі өз алдына, жастардың бос уа­қы­тын тиімді өткізуін де на­зар­да ұстаған жөн. Жастың аты жас. Бойында жастық жалын лаулап тұрғандықтан қы­дыр­­ғысы, көргісі, білгісі ке­леді. Сон­дықтан да инфра­құ­ры­лым жа­ғы реттеліп, ауыл­да спорт­тық және мәдени нысан­дар­­дың жұмыс істеп тұрғаны ма­ңыз­ды. Интернет мәселесі де көп нәрсені шешеді. Соңғы жыл­да­ры ауылдарға шағын футбол алаңдары салынуда. Су құ­быры тартылуда. Осындай игі жұмыстар жалғаса берсе, жас­тар ауылда тұрақтап, ауыл шар­уа­шылығы саласына аяқ басар еді, – дейді А.Серкебаев.

Шаруалар жәрдемдесуге дайын

Өңірдегі ірі шаруа қожа­лық­­тарындағы жастардың үлесі қан­дай? Сауалға жауап іздеп екі-үш шаруашылыққа хабар­лас­тық. Успен ауданындағы «Галицкое» ЖШС-нің басшысы Александр Касицин 450-ге жуық адамды жұмыспен қам­тып отырғанын айтады. Әр­қай­сы­сы еңбегіне сай жала­қы алады. Яғни ешкім «жала­қым аз» деп байбалам салмайды мұнда.

– Жалақының орташа мөл­ше­­рі 80 мың теңгеден асады. Біз­ге білікті кадрлар керек. Ол үшін жұмыскерге ыңғайлы жағ­­дай жасау маңызды. Қыз­мет­кер­лер­дің басым бөлі­гі Галицкое ауылының тұрғындары. Сол себепті ауыл азаматтарының игі­лігі жо­лында әлеуметтік кө­мек­тер қа­растырылған. Мә­се­лен, мек­теп оқушыларын тегін тамақ­пен қамтамасыз ету, жол жөн­деу, басқа да қайы­рым­ды­лық акцияларынан қа­лыс қалмаймыз. Мемлекет та­ра­пынан субсидия алып, оның қайтарымы ретінде ха­лық­­қа жақсылық жасауды ес­тен шығарған емеспіз, – дейді А.Касицин.

Железин ауданындағы «Па­харь» ЖШС-іне барса­ңыз, кет­кіңіз келмейді. Жұмыс­кер­­лерге деген қамқор­лық­ты көр­генде сол жерде жұмыс іс­теу­ге көңілің бұрып тұрады. Атап айтсақ, әр жұмыскердің отбасы коттедж сияқты сәні ке­ліскен үйлерде тұрады. Тек ком­муналдық шы­ғын­дарын төлеу­ге міндетті. Қызметкерлер бос уақытында спорт залында жат­тығып, бассейнге барады. Мектеп жасына дейінгі бала­ларға шағын орталық қарас­тырылған. Ал оқушылар ар­найы автобуспен көрші ауыл­дағы мектепке тасымалданады. Мұнда ең тапшы деген мамандық иесінің жала­қы­сы 1 млн теңгеге жуық. Ортан­қол жұ­мыскерлердің өзі 250 мың теңге алады екен. «Серік­тес­тік­тің алдағы жос­пары ауқым­ды. Бұған қол жет­кі­зу үшін сапалы кадрлар қа­жет. Тапшы мамандарды алыс­тан алып келіп, бар жағ­да­йын жасауға мүм­кін­дік бар. Бақташыларға 150 мың тең­­геден аса жалақы тағайын­дау­­ға әзірміз. Оқу орындарымен байланыс орнатып жа­тыр­­мыз», дейді серіктестік бас­шы­лығы.

Оқу орындары демекші, Ақ­тоғай ауданындағы «Ақто­ғай-Агро» ЖШС-де соңғы жылдары жастардың үлес салмағы артып келеді. Кәсіпорынның бас инженері Виктор Ду­бовиц­­кийдің айтуынша, шаруа­­шы­лыққа жергілікті агротех­ни­к­а­лық колледждердің сту­дент­тері жұ­мысқа тартылуда.

– Бірнеше жыл бұрын жас кадрлардың тапшылығы анық сезілетін. Техникаларды тек орта жастан асқан азаматтар тізгіндейтін еді. Ал бүгінде заманауи технологиялардың «тілін» тез меңгеретін жастар ком­пьютермен жұмыс істеу, ауыр техникаларды алыстан басқару ісіне жауапты болып отыр. Жалпы, агротехникалық колледждермен байланыс жол­ға қойылған. Көктем мен күзде колледж студенттері шаруа­шылықта тәжірибеден өтіп, аға буын механизатор, агро­ном­дар тәлімгер болып, бар білгенімен бөліседі. Соның нә­ти­­­жесінде студенттердің ауыл шаруашылығы саласын дамы­­туға қызығушылығы артып, басым бөлігі жұмыс істеуге қа­ла­ды, – дейді А.Дубовицкий.

Сұранысты қамтиды

Өңірде ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандар­ды даярлауға жауапты бірден-бір білім ордасы – Кемең­гер ауылындағы Ertis жо­ға­ры ин­но­вациялық аграр­лық кол­лед­жі. Колледж басшы­лы­ғы­ның мәліметінше, түлек­тер­­­дің 82 па­йызы жұмысқа ор­на­­ласады екен. Жыл са­йын 100 шақты студент шаруа қожа­лығы басшыларының тап­­­сырысы бойынша дуалды оқы­ту жүйесі арқылы білім алуда. Яғни олар «жұмысқа қайда ор­наласамын?» деп бас қатыр­май­ды. Шаруашылықтар оқу ақысын өздері төлеуге келіскен. «Жалпы, қанша сұраныс бар, сонша маманды қамтамасыз етуге әзірміз», дейді колледж бас­шылығы.

Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде ауыл шаруа­шылығы саласында 1,2 млн адам еңбек етеді екен. Бұл көрсеткіш – елде жұмыспен қамтылған азаматтардың 13,9 пайызы. 2020 жылы ең қажетті мамандықтар қатарында тракторшы, ауыл шаруашылығы механизациясы саласындағы инженер, күзетші, крандар мен көтергіштердің операторы, жеке көліктің жүргізушісі мен шопыры тіркелген. Цифрлы технологиялар күннен-күнге дамып, процестердің бәрі де автоматтандырылып келе жат­қан заманда жаһандық еңбек нарығында едәуір өзгеріс­тер орын алып жатқаны белгілі. Әлемдік тенденция ауыл шаруа­шы­лығын да айналып өткен жоқ. Жаңадан пайда болатын мамандықтардың қатарында сүт фермаларындағы роботтехник малшы, жер және су ресурстарын басқаратын IT инженер, агроном-экономист, цифрлы агроном, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технология­лар жөніндегі мамандар бар.

Қорыта айтсақ, «кадр тапшы» деп қол қусырып отыруға болмас. Енді 5-10 жылдан кейін ветеринар мен механизатор тап­пай қиналуымыз мүмкін. Сон­дық­тан да жастардың ауыл­ға ағылуы үшін кешенді бағ­дар­ла­ма әзірленгені абзал.

 

Павлодар облысы