Құрылысы аяқсыз қалған жобалар Екібастұз және Ақсу қалаларында да аз емес. Қаңырап бос тұрған ғимараттардың көбі – кәсіпкерлік нысандары. Қожайындардың әрқайсысымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жобаны аяқтау үшін тиімді тетіктер ұсынылуда. Нысан иелерінің кейбірі ғимаратты бұзып, құрылыс материалын сатуға көшкен. Ал бірі инвестор іздеуде. Ескертуге құлақ аспағандармен әңгіме бөлек. Мәселен, былтыр Екібастұз қаласының әкімдігі үнсіз жатқан ғимарат иелерін сотқа берген-ді. Осылайша, облыс басшылығының бастамасы бойынша республикалық деңгейде қолданыстағы абаттандыру ережелеріне түзетулер енгізу мәселесі қарастырылуда. Мамандар құрылысы ұзаққа созылған нысанның иесін аумақты қоршау, оның сәулеттік бейнесін қалпына келтіру және бөгде адамдардың кіруіне тыйым салуды заңнамалық тұрғыдан міндеттеуді ұсынып отыр. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдарға жағдайды бақылауда ұстап, тиісті шараларды қабылдауға мүмкіндік беруге тиіс.
Әкімдіктегілердің қатаң шарасының әсері ме, әлде қалтасы қаражатқа толды ма, әйтеуір күн жылынғаннан бері кәсіпкерлер құрылыс жұмыстарын аяқтауға кірісті. Оған қуануымыз бекер екен. Кейбір құрылыс нысандары жалпыға ортақ жерде салынып, тұрғындардың ашуын туғызуда. Сөйтсек, инженерлік-коммуникациялық желілер өтетін учаскелер әлдеқашан жекенің қолына өтіп кеткен. «Сақалды» құрылыс болғандықтан кезінде рұқсат қағазын үлестірген шенділерді табу қиын шығар. Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың исі шығатыны айтпаса да түсінікті.
Жақында әлеуметтік желілерде тұрғындар дабыл қағып, М.Горький, 27/1 және Сәтбаев, 245/1 мекенжайлары бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысының қаншалықты заңды екенін құзырлы органдардан талап етті. Алаңдауға негіз бар. Себебі құрылыс жұмыстары су және кәріз жүйелері өтетін учаскеде жалғасуда. Белгілі болғандай, жер учаскесі әу баста автотұрақ ретінде сатып алыныпты. Кейін жерді пайдалану мақсаты «Тұрғын үй құрылысын жүргізу» ретінде өзгертілген. Ол аумақта диаметрі 150 мм болатын шаруашылық су құбырлары мен диаметрлері 300 мм және 700 мм кәріз коллекторлары орналасқан. Коллектор Сәтбаев-Мәшһүр Жүсіп, М.Горький-Шөкин көшелерінің аумағындағы көпқабатты үйлерге, әлеуметтік нысандарға, балабақшалар мен мектептерге қызмет көрсетеді. Аталған аудандағы жалғыз жүйе екенін де атап өткен жөн. Сондықтан оның үстінен үй тұрғызу дұрыс емес деп есептейді тұрғындар. Екінші тарап өз кезегінде тиісті құжаттарды көрсетіп, ешқандай заңбұзушылық жоқ екенін алға тартуда. Бұл іске «Павлодар-Водоканал» ЖШС басшысы Анатолий Моисей араласып, мән-жайды түсіндіріп берді.
– «Павлодар-Водоканал» ЖШС екі көпқабатты үйдің құрылысын емес, сумен қамту және суды бөлу желілерінің орналасқан жерін ауыстыруды ғана мақұлдады. Ал су желілеріне қосылу үшін техникалық шарт беруге қатысты өтініш кері қайтарылды. Сонымен қатар жекеменшік компанияның құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттары жоқ. Жерді пайдалану мақсатын инженерлік желілерге қызмет көрсететін кәсіпорындармен келіспей өзгертуі де заңғы қайшы әрекет. Сондықтан «Павлодар-Водоканал» серіктестігі үйлердің құрылысын заңсыз деп тану жөнінде сотқа арыз берді. 4 сәуір күні Павлодар қалалық соты аталған аумақтарда қандай да бір құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге тыйым салды, – деп мәлімдеді компания басшылығы.
Тұрғындар бас көтерген соң тұрғын үй құрылысы тоқтады. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктер жиі кездесетінін сезіп отырмыз. «Сақалды» құрылысқа айналған нысандардың шикілігі көп. Бұл шаруамен ANTIKOR айналысса, біраз былықтың ашылары сөзсіз.
ПАВЛОДАР