Спорт • 14 Сәуір, 2022

Бапкерге де бап керек

643 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Алматы облысының Кербұлақ ауданында Қоянкөз деп аталатын шағын ғана ауыл бар. Халқының саны 1,3 мың шамасында. Жоңғар Алатауының етегінде орналасқан осы елді мекеннен атағы алысқа жайылған спортшылардың қалың шоғыры шықты. Солардың арасынан Берік Жетпісбаев, Мейіржан Қашағанов және Азамат Мұқановты бөле-жара атауға болады. Кезінде сол саңлақтар көптеген дүбірлі додада Қазақ елі намысын абыроймен қорғады. Жалпы, Қоянкөзден төрт Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бір еңбек сіңірген спорт шебері, екі халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 15-тен аса спорт шебері шықты. Ал осындай жарқын жеңістер мен зор та­быстардың алтын бастауында Бақыт Қоқысбековтей білікті бапкердің тұрғанын Жетісу өңірінің жұртшылығы жақсы біледі.

Бапкерге де бап керек

Қоқысбековтер отбасы бірер жыл Алматы облысының Еңбек­шіқазақ ауданындағы Қаракемер ауылын мекен етті. Түрген өзенінің оң жағалауында 1954 жылдың 5 желтоқсанында болашақ бапкер дүниеге келді. Кейіннен бұл әулет өздерінің туған жері – Қоянкөзге қайта оралды. Бәкең бала кезінен спортқа қатты қызыққанымен, ауылды жерде арнайы үйірме бол­мады. Сондықтан да дүбірлі додаларда дараланған балуан болу бақыты оған бұйырмады. Әскер қатарынан оралғаннан кейін жас жігіт арман қуып, Алматыға келді. Республикамыздың бас шаһарында үйірмелердің сан-алуан түрі болғанымен, оның таңдауы бірден самбоға түсті. Күрес залына әбден буы­ны қатқан кезінде бас сұққанына қара­мастан Бақыттың қала біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінуге күш-жігері жетті. Басқа да турнирлерде топ жарды. Бірақ кезекті бір жаттығу барысында белін қатты зақымдап алып, соның салдарынан боз кілеммен қош айтысуына тура келді. Содан кейін ол бапкерліктің қамытын киді.

Бақыт аға айтады: – 1981 жылы Қоян­көзге оралған бетте мек­тептің аумағы бар-жоғы отыз шар­шы метрді құрайтын бөл­месін спортзалға айналдырдым. Сол жерге балаларды жинап, күніне бірнеше мәрте жаттығу жұмыстарын жүргізе бастадық. Алғашында көп қиналдық. Шағын күрес залында кеңінен көсілу мүмкін емес. Оның үстіне іші мақ­таға толтырылған кілем қайта-қайта жиырылып қала береді. Соны қалпына келтірудің өзі біраз уақытты қажет етеді. Спорт­тық киім мүлде жоқ. Қажетті күртешелерді алғашында зайы­бым Тәттігүлге, кейіннен аудан орта­лығындағы ательеге апарып тіктірдім. Сөйтіп жүріп, біраз жыртығымызды жамадық. Ол кездері Кербұлақ ауданында самбо күресі тұралап қалған еді. Облыс аумағында өтетін жарыстарда Сарыөзектің өрендерімен кездесетінін естіген кезде өзге жақтың балуандары «Оңай ол­жаға кенелетін болдық» деп алақандарын ысқылап отыратын. Дереу сол олқылықтың орын тол­тыру қажет болды. Содан жат­тығуға мықтап кірістік. Күніне екі-үш мәрте даярланамыз. Алғашқы жаттығу таңғы сағат бесте басталады. Түсте де, кеште де аядай залда аянбай тер төгеміз. Күнделікті 14 шақырымды артқа тастап, Шанханай ауылына дейін жүгіріп қайтуды дағдыға айналдырдық. Бастапқы кезде үйірмеге балалар көптеп келген еді. Бірақ қатаң тәртіпке шыдай алмаған олардың қатары күн санап сиреді. Ал шы­дағандары шынығып шығып, уақыт оза ширатылған арқандай шиыршық атты.

Шәкірттерінің айтуынша, Бақыт Жәкетұлы өте талапшыл және қатал жаттықтырушы болған көрінеді. «Бапкерге де бап керек» демекші, өзі таңғы бесте тұрады. Шәкірттеріне де сондай талап қойған. Жаттығуға келмегендерді үйлеріне іздеп барып, терезелерін тоқылдатады екен. Таңғы тәтті ұйқының құшағында жатқан жет­кін­шектерді төсектен жұлып алады да, жетектеп әкетеді. Желкелеп тұрып сапқа тұрғызады. Қақаған қыс па, әлде шілденің шіліңгір ыстығы ма, оған бас қатырып жат­қан Бәкең жоқ. Ең бастысы, ауыл тұрғындары бапкердің бұл қылығын ерсі көрмейтін. Өйткені жаңадан келген маманның қолға алған ісі құптарлық. Оның мақсаты – жергілікті жастарды спортқа баулу. Ал ертеңгі күні солардың ара­сынан әлдебіреулер дүбірлі додаларда дараланып жатса, ең алдымен, ауыл-аймақтың абыройы артады. Соны қоянкөздіктер қаперлеріне мықтап түйді.

Қоқысбековтен тәлім-тәрбие алып, осындай «сүзгіден» өткен сам­бошылар араға үш-төрт жыл салып, өздерінің тырнақ­­алды та­быстарына қол жеткізе бастады. Әуелі Аманкелді Қо­жах­метов облыс чемпионы атан­са, көп кешікпей Бәзілжан Қа­лиев, Болат Үсембеков, Мұхит Шынбаев, Төкеш пен Ғалымжан Таймолдановтар республикалық деңгей­дегі жарыстарда жүлдегер­лер санатынан көрінді. Ал 1990 жылы Жұмажан Нұрбеков жас­тар арасында өткен Қазақстан бірін­шілігінде топ жарып, спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты.

Бақыт аға айтады: – Отандық сам­бо­ның болашақ жарқын жұл­дызы Берік Жет­пісбаев үйір­менің табалдырығынан атта­ғанда 12-13 жас шамасында еді. Бас­тапқыда оның басқа балалардан еш ерекшелігі байқалмады. Десек те өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасын­да Жетпісбаев уақыт оза өзге­лер­ден оқшаулана бастады. Ең бастысы, ол жаттығуға аса жауап­кер­шілікпен қарайтын. Көр­сетілген әдіс-тәсілдерді лезде меңгеріп ала­ды. Белдесу барысында соны сәтті қолданады. Білтемірге тар­тылғанда алдына жан салмайды. Кросс жүгіргенде де бәрінен бұрын келеді. Денесі мығым, қара күшке бай. Батылдығы мен байсалдылығы да бар. Алдында қандай азулы қарсылас тұрса да қорқу немесе қаймығуды білмейді. Боз кілемге шыққанда «өліспей беріс­пейтін». Дәл осы қасиет­терінің арқасында Берік спорт­тың бұл түріндегі биік белес­терді бірінен кейін бірін бағындырды.

Иә, самбодан халықаралық дәре­жедегі спорт шебері Жет­піс­баевтың жүріп өткен жолы жан­күйерлердің көз алдында. Әуелі ол 1994 жылы Югославияның Нови Сад қаласында өткен жас­өспірімдердің әлем біріншілігінде күміс медальды мойнына ілді. Келесі жылы Болгарияның бас шаһары – Софияда жастар арасында әлем чемпионы атанды. Көп кідірместен ересектер дуына түскен Берік қарсы кел­гендерді алып та, шалып та жықты. Атап айтсақ, 19 жасында Бішкектегі құрлық біріншілігінде күміспен күптелді. 1996 жылы Жапонияның астанасы – Токиода шымылдығы түрілген әлем чем­­пио­­на­тында қола медальды мойнында жар­­қы­ратты. Одан бөлек, екі дүркін Азия чемпионы және үш дүркін Әлем ку­бо­­гының жүлдегері деген атақтарды ен­шіледі.

Тоқсаныншы жылдардың екін­ші жар­тысында Берік дзюдоға ауысты. Кел­ген бетте небір сақа спортшыларды жо­­лынан ығыс­тырып, еліміздің ең белді ба­луан­дарының біріне айналды. Сол тұста 66 кило салмақ дәрежесінің көшбас­шы­лары саналған Иван Бағлаев пен Зекен Шай­мерденов сынды саңлақтардың Жет­піс­баев­пен санасудан басқа амалдары қал­мады. Бірер жыл Қазақстанның ұлттық құрама командасы сапын­да өнер көр­сеткен ол елеулі табыстарға қол жет­кізді. Ақы­ры спорт шеберінің күміс белгі­сін кеу­­де­сіне таққан соң кимоносын шегеге ілді.

Атағы алысқа жайылған Берік Жетпіс­баевпен бірге ұзақ уақыт бойы қуықтай залда иық тіресе жаттыққан Мейіржан Қашағанов та талай ірі дүрмекте ысылды. Аса жеңіл салмақта күш сынасқан ол самбодан жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем бірін­шіліктерінде үш рет жүлдегер­лер санатына қосылып, қатарынан үш мәрте Азия чемпионы атанды. Боз кілеммен қош айтысқаннан кейін Мейіржан дарынды ұл-қыздарды джиу-джитсуға бау­лып, спорттың осы түрі бойын­ша еліміздің еңбек сіңірген жаттық­тырушысы атағын иеленді.

Самбодан Қазақстанның еңбек сіңір­ген спорт шебері Азамат Мұ­қанов та дәл осы Қоянкөз ауы­лы­ның тумасы. 2007-2012 жыл­­дары ол әлем және Азия чем­пио­ны, бірнеше дүркін Әлем ку­бо­гының иегері, әлем чем­пио­натының төрт дүркін қола жүл­дегері атанды. Оның алдында жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда да ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Кейіннен Азамат дзюдоға ден қойды. Бұл ретте де ол өзінің мықтылығын мойын­датып, әлем чемпионатының күміс және Азия ойындары мен құр­лық біріншілігінің қола медаль­дарын иемденді. Қазір Мұ­қанов дзюдодан Қазақстанның жас­тар құрамасының аға жаттық­тыру­шысы болып қызмет атқарады.

Бақыт аға айтады: – Алыптардың ауыл­дан шығатыны белгілі ғой. Қазақтың кең-байтақ дархан даласында туып-өсіп, жастайынан қара жұмысқа жегілген балалар­ды спортқа бейімдеу де оңай. Бірақ ауылды жерлерде арнайы үйірмелер мен қажетті нысандар жоқтың қасы. Білікті бапкерлер кемшін, олардың еңбек­ақылары да мардымсыз. Осындай қиын­дықтарға көбісі төзе алмайды. Содан басқа салаға кетеді. Ал біздер тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманында ісімізді қиыннан қиыстыра білдік. Шіркін, Қоянкөз – бере­кесі мен бірлігі жарасқан ауыл ғой. Жергілікті кәсіпкерлер мен фермерлер, тіпті қарапайым халыққа дейін өз өрендері дегенде өзектерін жұлып беруге дайын еді. Алыс сапарға шығар алдында кейбіреулері азық-түлікпен көмектессе, кейбірі қорадағы малына дейін беретін. Жетпей жатса, аудан орталығы – Сары­өзектегі достарымыз қамқор қолын созады. Құдайға шүкір, қазір елдің жағдайы жақсарды. Мемлекет тарапынан спортқа қыруар қаржы бөлінеді. Бұрынғыдай біреудің алдына барып алақан жаю деген жоқ. Десек те сол қаражат көп жағдайда ауылды жерлерге жетпейді. Сол жағына қынжыламыз. Егер осы мәселе оңды шешімін тапса, шал­ғайдағы ауылдардан да әлі талай Олимпиада және әлем чемпиондары шығар еді.

Қоянкөзде 16 жылдан аса еңбек еткен Бақыт Жәкетұлы 1997 жылы Сарыөзекке қоныс аударды. Әуелі жаттықтырушы болды, арада тоғыз жыл өткен соң аудандық спорт бөлімін басқарды. Басшылық қыз­­метте жүрсе де бапкерлік кәсіптен қол үзген жоқ. Қауырт жұмыстан қолы бо­сағанда Бәкең бірден жаттығу залына тарта­тын. Сөйтіп жүріп, аудан орта­­лығынан да бірқатар белді балуан шы­ғарды. Қоқысбековтің сол шәкірттері ара­сындағы ең үздігі – Қазақстанның маң­дайалды самбошыларының бірі әрі бірегейі Ділдәш Құрышбаева.

Жетінші сыныпта оқитын Ділдәшті күреске әкесі Нәрихан ертіп әкелген екен. Шыны керек, осы талшыбықтай қыздан келешекте әлемге әйгілі балуа­н шығады деген ой ол кезде ешкімнің қаперіне де кірмеді. Тіпті талай дарынды жастың томағасын сыпырған қырағы бапкердің өзі де соны мойындап отыр. Десек те «аманатқа қиянат жасамауға» бекінген Бақыт Қоқысбеков шә­кір­тіне бар білгенін үйретті. Міне, сол Құрышбаева бүгінгі таңда әлемдік самбоның жарқын жұлдыздарының біріне айналып отыр. 2013-2021 жылдарда өткен әлем чемпионаттарында ол алты рет жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, аталған жарыстарда үш күміс пен үш қола медальды иеленді. Қатарынан алты рет Азия чемпионатында алдына жан салмай, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ Құрышбаева 2018 жылы Жакартада алауы тұтанған жазғы Азия ойындарының жеңім­пазы атанып, Ашғабадта жалауы желбіреген жабық кешендегі құрлықтық ойындарда бас жүлдені олжалады. Әлем кубогын иеленіп, басқа да көптеген халықаралық жарыста мол олжаға кенелді.

Бақыт аға айтады: – Ділдәш­тің еңбек­қорлығы мен табанды­лығына сүйсін­беу мүмкін емес. Былтыр оның Таш­кентте әлем чемпионы атануға тамаша мүмкіндігі болды. Қарсы келгендерін қо­ға­дай жапырған шәкіртім ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Финалда ол Алис Шлезингермен күш сынасты. Оған дейін 32 жастағы Израиль өкілі самбодан екі дүркін әлем чемпионы, Еуропа біріншілігі мен Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы, дзюдодан Еуропа чемпионы, сол жарыстың төрт дүркін қола жүл­дегері, әлем чемпио­натының қола жүл­дегері, Еуропа ойындарының финалисі атанған. Белбеулі күрес пен күрештен де дүниежүзілік додаларда дара шыққан екен. Атағы жер жарған қарсыласынан еш қаймықпаған Құрышбаева белдесудің басынан аяғына дейін шабуылдады. Шлезингер тек қорғанумен уақыт өткізді. Алайда әділдікті белден басқан төрешілер Құрышбаеваға болмайтын жерден ескерту берді. Сол ескертудің кесірінен жер­лесіміз бас жүлдеден қағылды. Бірақ қайсар қыз әлі де алтыннан үмітін үзген жоқ. Ол «Мен қалайда әлем чемпионы атануға тиіс­пін. Көздеген мақсатыма жеткенше үлкен спорттан қол үзбей­мін», деп құлшынып отыр. Ал мен Діл­дәш­тің сол белесті бағын­ды­ра ала­тынына еш күмән келтір­мей­мін.