Аймақтар • 14 Сәуір, 2022

Алматыда 84 мыңдай жарамсыз ағаш бар

418 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қалалар да адамдар сияқты, олардың да мінезі, тағдыры, тарихы бар. Шаһарлар да көркейеді, кемелденеді. Кейбірі жер бетінде болмағандай ізім-қайым жойылады. Қалалардың қан тамырындай қуалай аққан арықтары да суалып, жасыл желекті ағаштары да қартаяды. Ауырады...

Алматыда 84 мыңдай жарамсыз ағаш бар

Айтпағымыз, жасыл қала атанған Алматының атын дүр­кіреткен тал-теректердің басым бөлігі қартайды. Бұрын сая болған ағаштардың көпшілі­гінің діңгегі шіріп тұр. Алматы қалалық жасыл экономика бас­қармасы басшысының мін­детін атқарушы Серік Әділбаев: «Алматыдағы жасыл желек қоры –  2 809 183, оның ішінде сауы –   1 946 234, кәрі ағаш – 360 309, жас өскіндер – 418 012 және жарамсыз 84 628 ағаш бар», деді.

Адам өмірі мен мүлкіне қа­уіп төндіретін, өзегі шіріген ағаш­­тар­дың басым бөлігі қала орта­лы­ғында. Көше бойында – 34 962, аула­ларда 49 666 ағаш бар.

«Жыл сайын аудандық әкім­діктерге 1,9 мың ағаш кесуге және оның орнына міндетті түрде 19 мың түп ағаш отырғызу үшін 54 млн теңге бөлінеді», дейді спикер.

Қаладағы кәрі ағашты кесу бағ­дарламасы аясында әр кесілген талдың орнына 10 көшет­тен отыр­ғызылады. Биыл жергілікті атқарушы органдар «Jasyl Almaty» бастамасымен 1 млн ағаш отыр­ғызу акциясын аяқ­тай­ды. Бұған дейін мега­по­листе 705 мың көшет отыр­ғызылған.

«Биыл бізде 350 мың жасыл желек отырғызу жоспары бар, оның ішінде 72 346 көшет отырғызылды. Жалпы, осы екпелер есебінен 1 млн ағаш отырғызу арқылы Jasyl Almaty акциясын аяқтауды жоспарлап отырмыз», деді С.Әділбаев.

Жасыл экономика бас­қар­масының алдында қалалық эко­жүйені біріктіретін және био­әр­түрлілікті қолдайтын қа­ла­ның «жасыл желісін» құру­дағы маңызды міндеттер тұр. Сондықтан күзде тағы 277 654 жас көшет отырғызу жоспарланып отыр.

«Ағаш отырғызған кезде ден­дролог ғалымдардың ақыл-кеңестері ескерілді. Олар кә­дімгі қарағай, қазақстандық терек, ұсақ жапырақты қарағай, қайың, шаған, акация, сүйір жапырақты үйеңкі, каштан, робиния, көпіршік, долана, алма, өрік отырғызуды ұсынады», деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Спикер алматылықтарға кө­шеттерді тегін тарату «Жасыл аула» акциясына ұласатынын, күзде мегаполис тұрғындарына 2 мыңға жуық көшет тарату жос­парланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ қаланы гүл композицияларымен және гүлзарлармен безендіру жұмысымен айналысып отырған мекемелер бар.

«Біржылдық және көп­жыл­дық гүлзарларды отыр­ғызу 2023 жылға дейін жал­ғасады. Жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеге мердігерлік ұйымдармен 10 шарт жасалды. Гүл отырғызу сәуір айында басталды, өйткені бұл ең қолайлы кезең. Сәндік гүлдер егілетін жерлердің жалпы көлемі шамамен 159 мың шаршы метрді құрайды», деді спикер.

Бұдан басқа өткен жылдар­дың көпжылдықтарына күтім жасау, сондай-ақ 26 мың шаршы метр алаңға көгал егу жос­парланған. Айтқандай, Алматыда бұлбұл гүлдер пайда болады. Коламбус, абба, династи, стронг голд, лалибелла, ляп топ сияқты гүлдерді отырғызу 10 мамырға дейін жалғасады. Мегаполистегі ағаштарды санитарлық кесу маусымдық іс-шарасы бір жа­ғынан қураған ағаштардан арылу арқылы тұрғындардың өміріне қауіпсіз болса, екіншіден, ағаштарды сауықтырып, бұта­ларын жаңартып, әртүрлі өсімдік ауруларының пайда болуын азайтатыны белгілі. Биыл осы мақсатта аудандық әкімдіктерге 1,9 мың ағашты кесіп, орнына 19 мың өтемдік ағаш отырғызуға 54 млн теңге бөлінді.

«Біз ағаштардың басын сани­тарлық кесумен жасартып, пішіндейтін жұмыстарды жүзеге асырамыз. Жыл сайын аудандық әкімдіктер 61 мың ағашты кеседі», деді С.Әділбаев.

Биыл 242 ағаштың діңі құлап, ірі бұтақтары морт сынған. Құзырлы мекеме көк­темдегі дауылда 185 ағаш құлап, ірі 57 бұтақ опырылып түскенін мәлімдеді. Ал қауіпті ағаштарды кесу жұмыстарын ауданның ком­муналдық қызметтері мен Алматы қаласының құтқа­ру қызметі атқаруға тиіс. Ағаш­тар­ды кесуге рұқсат алу үшін бел­­гіленген тәртіппен құжат­тар­ды электрондық нысанда E-gov (e-license – қоршаған ортаны қорғау – ағаштарды кесуге рұқсат беру – қызметке онлайн тапсырыс беру) электрондық үкіметі арқылы жіберу қажет. С.Әділбаев құлаған ағаштар кел­тірген шығынды өтеу жөнінде айта келе, мүлікке зақым келген жағдайда іргелес аумақтың иесі 5 метр шекарада жауапты екенін атап өтті. Жалпы пайда­ланылатын жерлерде жауап­кершілік осы учаскеге қыз­мет көрсететін көгалдандыру жө­ніндегі ұйымдарға (аудан әкім­дігі) бекітілген. Сондай-ақ ол шығынды өтеуді қарау процесі жеке сипатқа ие екенін және әдет­те сот арқылы қаралатынын айт­ты.

Сенбіліктерде алматылықтар үйме-үйме қоқыс жинап жатыр. Тек 9 сәуірде қала тұрғындары коммуналдық қызметтермен бірге 10 910 текше метр қоқыс жинап, шығарды. Жасыл экономика басқармасы жиналған қоқысты, жапырақтарды өрте­меу керегін айтады. Кез келген жер­де жиналған қоқысқа от қою қауіпті. Оның үстіне, «Алма­ты қаласының жасыл желек­терін күтіп ұстау және қор­ғау ере­желеріне» сәйкес бұған үзілді-кесілді тыйым салынады.