Экономика • 14 Сәуір, 2022

Біздің банктерден шот ашып жатыр

180 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықаралық қауымдастық Ресейден теріс айналды. Рейтинг агенттіктері Ресей қаржы нарығының перспективасын төмендетуде. Жақын арада дефолт жариялануы мүмкін деген сыбыс та желдей еседі. Қазақстанда Ресейдің үш ірі банкі («Сбербанк», «Альфа-Банк», ВТБ Банк) жұмыс істейтіндіктен, банк секторының жай-күйіне алаңбыз.

Біздің банктерден шот ашып жатыр

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

АҚШ билігі санкцияға ұшы­ра­ған қазақстандық «Сбер­банк» пен Sberbank Europe AG-ға операцияларды аяқтау үшін үш ай мұрсат беріп отыр. OFAC (АҚШ шетелдік активтерді ба­қы­лау басқармасы – ред) жария­лаған бас лицензия 2022 жыл­дың 12 шілдесіне дейін Ресей «Сбербанкінің» еншілес ұйым­дарымен операцияларды қыс­қар­туға мүмкіндік береді. Ал «Сбербанктің» өзі және оның өзге де бөлімдерімен опе­рациялар OFAC лицензиясы­на сәйкес 13 сәуірге дейінгі тәмам болуы тиіс. Сонымен қа­тар Sberbank CIB USA үшін де арнайы лицензия бар. Ол бо­йынша келісімдерді аяқ­т­ауға 7 мау­сымға дейін уа­қыт бар.

АҚШ 6 сәуір күні «Сбер­банк­ке» қатысты бұғаттау санкцияларын енгізген еді. Санкция ая­сында банктің АҚШ-тағы ак­тивтеріне шектеу қойылады. Сон­дай-ақ америкалық азаматтар бұл банк арқылы ешқандай операцияларды жүзеге асыра алмайды.

Әрине, ресейлік банктердің шайқалуы оның клиенттерін де бей-жай қалдырмайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентті­гінің хабарлауын­ша, қа­зір­­дің өзінде қазақстандықтар атал­ған үш банктен 1,82 трлн тең­гесін қайтарып алған. Кли­ент­­­­тердің жаппай теріс ай­налуы және дүркін-дүркін соқ­қан санкция банк қызметіне де кері әсер етеді. Тіпті «Альфа-Банк» жаңа акционер іздей­тінін мәлім­деді. Банктің бас­қа­рушы директоры Андрей Тим­чен­ко­ның айтуынша, бірқатар банктермен «Альфа-Банкті» сату мә­се­лесі бойынша келіссөз жү­ріп жатыр.

«Банк акционерін ауыстыру мәселесі бойынша бірқатар инвестормен келіссөз жүргізіп жатырмыз. 10-нан астам инвестор біздің қаржылық есебіміз бен құжаттарымызды қарап жатыр. Алдағы бірер күнде немесе апта көлемінде жаңа акционермен келісімге келеміз деп сенемін», деді А.Тимченко.

Сонымен бірге банк 100 млрд теңге көлеміндегі несие портфелін де сатуды жоспарлап отырған көрінеді. Ұлттық банк­т­­ің мәліметі бойынша, қазір банктің активі 908,6 млрд теңге көлемінде. Ал қарыз портфелі – 564,3 млрд теңге.

Үш еншілес ресейлік банк­тер­дегі клиенттер депозит­те­рі­нің банк жүйесінің жалпы де­позиттік портфеліндегі үлесі биыл жыл басынан бері 14,1-ден 6,1 пайызға дейін төмен­де­ген. Соған қарамастан Қаржы нарығын реттеу және дамыту аген­ттігі былай жұбатады: «Қа­зір ресейлік еншілес банктер­де тиісті құралдар мен өтім­ділік потенциалы бар. Банк клиент­тері үшін алаңдауға негіз жоқ. Тұ­рақты режімде банк қызмет­терін үздіксіз көрсету үшін олар­да барлық мүмкіндік бар. Соның ішінде клиенттер а­қ­ша­сын аудару және төлемдер бо­йынша тапсырмаларды өз уақытында орындай алады».

Ал күнделікті өмірде де, әлеу­­мет­тік желіде азаматтар ата­л­ған үш банкте кейбір опе­ра­цияларды орындай алмай жатқанын айтып шағым біл­ді­руде. Ресми агенттік қанша жерден еншілес банктерді қор­ғаш­тай сөйлегенімен, онысы шын­дық­қа жанаса қоймасы сәт санап айқындалып келе жатқандай. Оны былай қойғанда, тіпті Ре­сей мен Беларусь азаматтары қазақ­стандық екінші деңгейлі банк­терден шот аша бастаған деген ақпарат бар.

«2022 жылдың 24 ақпанынан бері Ресей және Беларусь рези­дент­тері – жеке тұлғалар үшін қазақстандық банктерде 11 940 шот ашылды. Оның 10 725-і өтініш берушінің өзінің және қазақстандық банктегі сенімді өкілінің қатысуымен, 1 215 шот қашықтан ашылған. Нәтижесінде, Қазақстан Рес­пуб­ликасының банктерінде шот ашқан аталған елдер азамат­та­рының саны 162 мыңға жетті», деп мәлімдейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Ал жыл басталғалы 7 ре­сей­­лік компанияның шоты ашы­­лыпты. Жалпы алғанда, қа­зақ­стандық банктерде шоты бар ресейлік ұйымдар саны 805-ке жеткен.