Иә, талапты оқушылар Павлодар педагогикалық университетінің студенті атануға мүмкіндік алды. Балалар жылында жасалған қолдау осындай болса керек. Гранттарды табыстау рәсімінде аталған білім ордасының ректоры Жанбол Жылбаев дарынды жастарға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Айта кету керек, биыл ұстаздар ұстаханасы аталған педуниверситеттің 60 жылдығына орай гранттардың саны ұлғайып отыр.
– Өңірімізде әртүрлі білім беру мекемесінде еңбек етіп жүрген педагогтердің 80 пайызы – Павлодар педагогикалық университетінің түлегі. Павлодар облысының олимпиадалық командасы кейінгі 20 жылдықта республикада бірінші орында нық тұр. Бұрын 1-4 курс студенттері арасында 77 ғана «Алтын белгі» иегері тіркелген еді. Ал былтыр біздің университетке 100-ден астам «Алтын белгі» иегері оқуға қабылданды. Көрсеткіштерге қарап, оқушылардың білім беру саласына деген қызығушылығы артқанын аңғаруға болады, – деді Жанбол Октябрьұлы.
Пән олимпиадасы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Орталық директоры Азамат Шаймұрат ППУ басшылығының грант санын арттыруы білімге құштар жастарға берілген зор мүмкіндік екенін атап өтті. «Жеңімпаздар арасында ауыл мектептерінде оқитын оқушылар да бар. Гранттардың табысталуы – ауыл балаларын қолдаудың нақты көрінісі деп білеміз. Оқушыларды дайындаған ұстаздарға да зор алғыс білдіремін», деді А.Шаймұрат.
Өз кезегінде грант иегері атанған оқушылар да өз ұстаздарына және естен кетпес қуаныш сыйлаған ППУ ұжымына алғысын білдірді.
– Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Адам мен адамды теңестіретін білім» деген екен. Мектептен алған сапалы білімнің нәтижесінде олимпиада жеңімпазы, грант иегері атандым. Бізге осындай қолдау көрсеткен өзіндік даму тарихы бар Павлодар педагогикалық университетінің ұжымына алғыс білдіремін, – деді Айханым Хафиз.
Аталған университеттің бұл қолдауы өзге білім ордаларына үлгі болса екен деген тілек бар. Қоғамда жеңімпаз спортшыларға зор қолдау көрсетіліп, білім сайыстарының жеңімпаздары тасада қалатыны жиі айтылып жүр. Гранттардың табысталуы олқылықтың орнын толтыруға жасалған алғашқы қадам деп есептейміз.
ПАВЛОДАР