Дәмханаға кіріп самаурынның мән-жайын сұрастырып көріп едік, ешкім мардымды жауап бере алмады. Қалалық музей қызметкерлеріне хабарласып едік, ол кісілер сұрастырып жүріп, ақыры жергілікті кәсіпорындардың біріне тиесілі екенін анықтап берді.
«Арай Холдинг» компаниясына еншілес кәсіпорында кадр бөлімінің басшысы болып жұмыс істейтін Ирина Каховскаяның айтуынша, алып самаурын Польшадағы таңдаулы ұстаханалардың бірінде арнайы тапсырыспен жасалыпты. Тұтастай мыстан құйылған. Самаурынның қақпағы ашылады, шүмегі де бұралады. Ішіне су толтырып кәдімгідей шай қоюға болады. Бір ерекшелігі, көмірмен жанады екен.
– Мыс самаурын тұрған жер бүгінде Лисаков қаласының көрнекі орындарының біріне айналды десек болады. Алыстан келген қонақтарды сол жаққа апарамыз. Жол бойы арлы-берлі толассыз өтіп жатқан көліктер де бір сәтке аялдап, самаурынның түбінде тұрып суретке түсіп кетеді. Бір сөзбен айтқанда, ашық аспан астындағы жалғыз экспонатты музей сияқты ғой, – деді И.Каховская.
Ирина үйдей самаурынға неше литр су кететінін тап басып айтып бере алмады. Алайда қала тұрғындары 400-450 литрдей су қайнатуға болады деп шамалайды. Яғни бір қайнағанда бір жарым мыңнан астам адамға шай беруге болады екен. Дәу самаурын оңайлықпен суымайтын көрінеді, ішіндегі қайнаған су бір сағаттың ішінде небәрі 2-ақ градусқа төмендейді екен.
Қостанай облысы,
Лисаков қаласы