Теннис • 15 Сәуір, 2022

Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде Қазақстан алға шықты

359 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық теннис орталығында Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде Қазақстан – Германия матчы басталды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде Қазақстан алға шықты

Алдымен кортқа Юлия Путинцева мен Анжелика Кербер шықты. Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің үш мәрте жеңімпазы Анжелика қазіргі кезде 17-орында болса, Путинцева 52-сатыда еді.

Бұған дейін германиялық теннисші Юлияны екі рет ұтқан еді. Бірінші партияны қарсыластар брейк алмасумен бастады.

Содан кейін Кербер қарқынды ойнап, есепті 5:1-ге жеткізді. Ю.Путинцева брейк жасағанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 3:6. Есесіне екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Юлия брейк жасай білді. Тағы бір брейкпен өзінің геймін де алды – 5:1.

Бұдан соң Анжелика есепті қысқартқанымен, қазақстандық теннисші сетті тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:3. Үшінші, шешуші сетте Путинцева 3:0 есебімен озып кетті. Сосын матчты тағы бір брейкпен бітірді – 6:2.

Тартысты өткен бәсеке барысында Юлия, әсіресе, қысқа соққылармен қарсыласын қапы қалдырып отырды.

Осылайша Қазақстан 1:0 есебімен алға шықты. Енді бүгін жекелей сында Елена Рыбакина мен Лаура Зигемунд шеберлік байқасады.

Қалған ойындар ертеңге жоспарланған.