Қазақстан • 17 Сәуір, 2022

Шекарашылар ант қабылдады

563 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҰҚК Шекара қызметінің Техниканы және қару-жарақтарды жөндеу басқармасында әскер қатарына шақырылушылардың ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шекарашылар ант қабылдады

Бүгінгі рәсімнің ерекшелігі сол, «Көктем-2022» шақырылымының шарасына жас сарбаздардың ата-ана, туғандары мен достары қатысып, қуаныштарымен бөлісті.

Бұл – пандемияның беті қайтып, карантиндік шектеулер алынғаннан кейінгі бірінші өткізіліп отырған дәстүрлі шара. Сондықтан, ант беру секілді ұлдарының өмірінде бір-ақ рет болатын атаулы мерекеге қатысу үшін алыстан ат арылтып жеткен ата-аналардың жүздерінен қуаныш пен ерекше толқыныс байқалады.

Подполковник Е.Қырғызбаевтың бұйрығымен ашылған салтанатты шараға 80-нен астам сарбаз сап түзеді. Аталған басқарманың кәсіби-техникалық және дайындық бөлімінде әскери өмірдің алғашқы әліппесімен танысып, санаулы уақыттың ішінде өздерінің саптық дайындықтарын шыңдаған Отан оғландарын алда жас жауынгерлер курсы күтіп тұр. Әрі қарай, ел шебіне аттанып, ҰҚК Шекара қызметінің шекара бөлімшелерінде алған мамандықтары бойынша қызмет атқаратын болады. Курста дизельші-электрик, автодәнекерлеушілер даярланады.

Еліміздің Әнұранымен ашылған салтанатты шараға әскери ұжымның туы әкелінген соң Техниканы және қару-жарақтарды жөндеу басқармасының бастығы, подполковник Ернат Қырғызбаев сап түзеген сарбаздарды ант қабылдау рәсімімен құттықтап, шекара мен ел шебінің еліміз үшін алар маңызына кең тоқталды.

Бұдан кейін болашақ шекарашылардың Отанына ант беру рәсімі де басталды.

Ант қабылдау рәсімінде сөз алған ҰҚК Шекара қызметінің ардагері, бір кездері аталған басқарманы басқарған запастағы полковник Әлихан Артықбаев шекара шебін қорғағалы тұрған жас буынның қадамына сәттілік тіледі. Мұнан кейін ата-аналар атынан сөз алған Орынтай Оспанова бүгін өзінің немересі Әлиханның да сарбаз атанғанын, шекарашы болуға өзі тілек білдіргенін мақтанышпен айтып, Отан қорғауға ант берушілерге аналық батасын берді.

Жиын соңында ата-аналар басқарма басшылығымен кездесіп, өздерін толғантқан сауалдардың жауабын алды.