Кіндік қаны қазақ топырағына тамған рок-музыкант Виктор Цойдың өнеріне күллі әлем тән. Сол жасампаз әнші 27 жасында аюдың апанына келіп, «өзгеріс керек» деп айқайлап ән айтпады ма?! Онысын орыс ұлты түсінбеді, шындығында түсінгісі де келмеді. Әлі сол кеңестік идеологияның керзі етігін киіп жүр. Оны неге айтып отыр дейсіз ғой, біле білсеңіз желтоқсандағы етігімен қан кешкен жігерлі жастардың ұмтылысы сол әнмен үндес еді. Уақыт қайтып ол әуенді шырқамады, ал одан кейін әділдікке ұмсынған қазақтың басынан небір қасірет домалады. Әлі қанша рет домалар екен…
«Қаңтар қасіреті» демекші, осыдан 3 жыл бұрын Чили қалаларында тағы да ұлттық толқу қайталанды. Негізгі себеп: метро тарифтерінің көтерілуі. Бұл президент Себастьян Пиньераның саясатына халықтың наразылығын тудырған соңғы көтеріліс болды. Алаңда тағы да әйгілі ән El Pueblo Unido Jamas Sera Vencido!, яки Ынтымағы жарасқан халық ешқашан жеңілмейді шырқалды. Бұл шығармада бұқараны жұмылдыру үшін қажет нәрсенің бәрі бар. Айқын хабар, идеялық заряд, оптимизм, әдемі әуен және хормен айтуға оңай туынды.
Ұлттық ұранға айналған аталған ән қазір жастар заманға сай өңдеп, қайта-қайта тыңдап жүрген Bella ciao сияқты наразылық әнұрандарымен мәндес. Оның тарихы 1969 жылы Сальвадор Альенде басқарған Чили социалистік «Халық бірлігі» коалициясымен тығыз байланысты. 1970 жылғы президенттік сайлауда Альендені Чилидің әншілері қолдады. Чили халқы әнші Виктор Хараға қосылып, композитор Серхио Ортеганың «Ынтымағы жарасқан халық ешқашан жеңілмейді» әнін көшелерде хормен дауыстап айтты.
Негізінде Чилидің жаңа әні 1960 жылы пайда болған, ол патриоттық және антибуржуазиялық бағыттағы музыкалық қозғалыс ретінде құнды. Сол кезеңде музыканттар бірлесіп, мынандай толғамға ұйиды. «Буржуазиялық қоғам өнердің әлеуметтік оқшаулануға ықпал ететін тағы бір фактор болғанын қалайды. Біз өнерді революциялық қаруға айналдыруымыз керек» деп ашық көзқарасын білдірді. Музыканттарды Альенденің өзі де қостап, «әнсіз революция болмайды» деп мәлімдеді. Бірақ саясаткердің сөзі ісімен сәйкес келмеді.
1970 жылғы президенттік сайлау алдында Серхио Ортега Клаудио Итурраның сөзіне жазылған «Біз жеңеміз» әнін жазып, алғаш рет INTI-ILLIMANI музыканттары көпшілікке ұсынды. Сонымен қатар Виктор Хара, әсіресе Альенденің сайлауалды науқаны үшін мәтінді қайта жазып, «Халық бірлігінің» көшбасшысына дауыс беруге шақыру мәтінін қосты. Әннің танымал болғаны сонша, Альенде жеңісінен кейін туынды Чилидің бейресми әнұраны болып саналды. Бірақ жеңіс ұзаққа созылмады. Чилидегі мемлекеттік төңкерісті 1973 жылы 11 қыркүйекте армия мен карабиньер корпусы жасады. Төңкеріс нәтижесінде «Халық бірлігі» солшыл күштер коалициясының үкіметі құлап, президент Сальвадор Альенде өз-өзіне қол жұмсады.
«Бір күні, 1973 жылдың шілдесінде мен Сантьяго алаңында келе жатып, көше әншісінің: «Бірлігі бар халық ешқашан жеңілмейді!» деп айқайлап жатқанын көрдім. Оның тынымсыз ән айтуы менің басымда тұрып қалды», дейді автор өз естелігінде.
Композитордың айтуынша, санада қатталып қалған сөз оны фортепианоға отыруға және ән айтатын адамдардың үлкен тобын елестетуге мәжбүрлеген. Әуен өте тез және бірден туады. Ортега жаңа әнді таныстарына ұсынғанда, орындаушылар мәтінді өзгертуге кеңес берді, бірақ композитор бұл өңдеулерден бас тартты. Автор әндегі әуелгі эмоционалдық шабытты сақтап қалғысы келді. Осы тұста бір қызықты деректі мысалға ала кетейікші. Негізінде атақты әннің түйінді тіркесін көше музыканты ойлап таппаған екен. Мұны Колумбияның Либералдық партиясынан президенттікке кандидат Хорхе Элесер Гайтан бірінші болып өз сөзінде мысалға алған екен. Бірақ оның да ғұмыры қысқа болды.
Өкінішке қарай, революцияның жеңісі үшін бір әннің күші жеткіліксіз, тек рухты сақтап қалуға жол ашады демесеңіз. Социалистік реформалардың жартыкештігі, «Халық бірлігі» аясындағы тартыстар және Чилиді Америка Құрама Штаттарының экономикалық блокадасы 1973 жылы қыркүйекте елде генерал Аугусто Пиночет бастаған әскери төңкерістің орын алуына әкелді.
Саясаткер Альенде президент сарайында Фидель Кастро сыйға тартқан Калашников автоматымен атып өлтірілді. Ал оның жақтастарына қарсы ең ауыр террор қолданылды. Көптеген адам із-түзсіз жоғалып кетті. Оларды ұшақтардан тікелей теңізге тастап, нағыз концлагерьге айналған стадиондарда атты. Дәл осындай стадионда Виктор Хара қаза тапты. Айтуынша, тұтқынды қан жоса қылып сабаған офицер: «Ал енді ән салшы, қарғыс атқыр әнші!» деп мазақ еткен. Намысшыл Хара өліп бара жатып бар күшімен El Pueblo Unido әнін шырқапты.
Айтпақшы, 1990 жылдары біздің кержақ кеңес өкіметі «Чилиді күйреуден құтқарған» Пиночет деп танып, кеңес халқын енжар түсінікке жетеледі. Десе де азаттықты аңсаған әнді орындаған топтар бақытты ғұмыр кешті. INTI-ILLIMANI тобы Италияда, ал QUILAPAYUN тобы мен сазгер Серджо Ортега Францияда тұрақтады. 1975 жылы QUILAPAYUN тобы әннің студиялық нұсқасын жазды, содан кейін ол бүкіл әлемді баурап алды. Қызығы сол, Пиночет биліктен кеткеннен кейін, Sol & LLuvia тобы мұны мерекелеу үшін Adios General әнін алаңда шырқайды. Тіпті «кім билемейді, сол Пиночет» деген әңгіме де айтылған. Бұл оқиға көп нәрсені еске түсіреді. Еркіндікті сүйгіш Чили халқы әлі де әділдік іздеп келе жатыр, дәл біздің халық секілді.
Ақиық ақын Мұқағалидің Чилидің ұлы перзенті Пабло Нерудаға арнаған өлеңі, қазақтың тағдырынан да сыр тартады. Ауыр өлең, ал мазмұны тіпті терең, әнді тыңдап, оқыған сайын аласапыран күйге енесіз.
Әлсіз жүрек.
Әйнектен қарайды ақын.
Өмір...
Өлім...
Арасы қалай жақын!
Терезенің алдында Чили тұрды.
Қалай халің, Пабло, қалай халің?
Қалайда біз жеңеміз, қарайла ақын?!
Қауқарсыз қол қаламға қарманады,
Қайран жүрек қайтеді,
Қалмады әлі.
О, Чили! – деді-дағы, соңғы жырын,
Әлсіреп,
Әзер-әзер жалғады әрі.
О, Чили!
Чили...
Чили...
Күн шуағы...