Қоғам • 18 Сәуір, 2022

Құрдым

453 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Біз жақта «жынды Аманбек» деген болды. Сорлыға бақ қонбады, өлең қонды» деп басталар еді Есенғали Раушановтың бір өлеңі. «Бақ қонбады, өлең қонды» дегеніне қарағанда, ол шіркін өзіне азап екені емеурін етілетіндей. Тура сол сияқты біздің ауылда Смағұл атты кісі өтті. Бала болсақ та шет жағасын білеміз. «Смағұл келе жатыр» десе, ауыл адамдарының көбі үйді-үйіне тығыла бастайтын немесе жылыстап басқа жаққа кете баратын.

Құрдым

Ойын, қызық қуған біз сияқты жү­­гірмектер мен бұралқы сөз, күлкі бақ­қан жігіт-желең болмаса, қасына жолайтындар шамалы болатын. Себебі ол кісі үлкен басымен жайдың өзінде тосын қылықтар шығаратын. Ұрттап алады. Көшеде келе жатып, тұра қалып өлең айта жөнеледі. Немесе саудың өзінде бетіңе қарап тұрып өлеңдете жөнеледі. «Смағұл іштен тынып үйде жатыр, адасып, адам ұқпас күйде жатыр. Қасында басын сүйер тірі жан жоқ, апыр-ай болғаны ма заманақыр» дегендей кейбір шумақтарының жобасы ғана есімде (бұл шумақтың да үшінші, төртінші жолдары қуаттырақ-тын, ұйқасы мен кейбір сөздері ға­на есте қалғандықтан, өзім құрап алып отырмын). Ел аузында қалған қуақы өлеңдері де бар. Мен ол кісіні көре қалсам осындай сөздері үшін көп үйірсектейтінмін. Аса жақындап кет­пеймін, қашып кете қоятындай ара­қашықтықты сақтаймын да, қасын­да жүріп отырам. Бірнәрсе деп өлең­детіп кетуі мүмкін, өйтпесе де жай сөйлегенінің өзі қызық. Жалт бұры­лып, әлдене деп қалса тіркестері кесек түседі. Тұра қалып заулатып өлең оқығаны, әсіресе. Көбіне жыраулар поэ­зиясын бұрқыратар еді. Оқыс өлең­дете жөнелетінімен қоймай, түрі де сұс­ты, жауырынды, зор кісі-тұғын.

Үлкендер «сендердің көргендерің заманы өтіп, әбден шөгіп қалған Смағұл ғой» деп отыратын, рас болса. Бірақ сол 2000 жылдарға қарайғы уақыттың өзінде түр-тұлғасы, сөз саптасы осы заманның адамына келіңкіремейтін. Ерте замандардан байқамай осы күнге түсіп кетіп, жай таппай жүрген жандай көрінетін. Ол туралы ел не десе о десін, мен тұңғыш рет Сәкеннің «Бабаларыма» деген өлеңін әнімен сол кісіден естігенімді неге жасыра­йын. Бұл ән біздің ел ішінде баяғыдан айтылғанымен, Сәкеннің әні ретінде танылып, тас­­пада қалмаған. Кейін, бертінде дәстүрлі әнші Ғалым Мұ­ха­медин тауып алып шырқап, тас­паға басты. Ол кезде Смағұл марқұм болып кеткен. Тұқымсыз. Кең пішіл­ген, аузынан өлең төгілген даланың адамы еді. Жалғыз аты болды ғой деймін, мал бағатын. 9-10 сынып оқып, есейіп қалғанымда соңғы рет Смағұлды атамның қыстағынан көрдім. Көрші ауылда бір байдың малын бағатын. Қымыз беріп, тыңдап қалуға тырыстық. «Заман не боп барады, кесір өңшең, сен тістеген нанды мен жемеймін, мен тістеген нанды сен жемейсің...» деді отырды да. «Сен тістеген» дегенде қолын сарт еткізіп маған қарай шошайтқанда бір шошып қаласың. «Ақыр заман боларда бұлақ тартылады, қарап тұрған жігітке қыз артылады» деуші еді, тәрізі, келіп тұр. Көлдей шалқып жататын мына Айнабұлақтың табаны тандырдай, тартылып қалыпты» дегені есімде.

Әкеймен ұзақ отырып әңгіме­лесті. Шерін тарқатты-ау деймін. Төрде жаман домбыра ілулі тұра­тын, соны келтіріп, Сәкеннің «Баба­ла­рыма» әнін айтты. Алматыда консер­ваторияға түсіп, Сәкеннің жары Гүлбаһрамдікінде жатып оқығанын, кейін оқудан шығып қалғанын білдірді. Бұл кісі Гүлбарам дейді екен. «Қолы ашық, «қарның ашып қалмасын» деп ақша салып беретін қалтама» деді. Мәди Бапиұлы туралы айта келіп, «Үшқараны» ыңылдап, әрбір жерінен шалды. «Қақабай, Бәпи еді бір туысқан, аянбай өле-өлгенше кек қуысқан» деген тұсын қайталап, қазақтың осысы кімге үлгі деген сыңайда сөйлегені әлі есімде. Қазір ауылда да, мен көрген жерлерде де ондай қазақ жоқ.

Ел ауып кеткен, жынды атандырған Смағұлдың тарихи санасы анағұрлым жоғары, ақылы сау сонда қазір аңдасам. Сәкеннің «Бабаларыма» өлеңі мен Мәдидің «Үшқарасын» салыстырып, пікір айтып отыр. Екеуі де қашқылықты-қуғылықты тағдырдан сыр шертеді ғой. Оқушы кезімде мен ондай әңгімені ешкімнен естімегем. «Алматыдан пойызда келе жатып, қазақтың бір қызына тиісіп тұрған үш орысты итше тепкілеп, милиция кіріп келгенде пойыздан секіріп, содан қозғалып кеткен» дейтін Смашты. Содан кейінгі өмірін орыстың арағы шайып кеткен даланың ескі қазағының бір кейпі осы ма деген ойға қаласың кейде.