09 Сәуір, 2014

Әннің туын әуелеткен Әнуарбек

632 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Әнуарбек Үмбетбаев Биыл Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық опера және балет театрының шаңырақ көтергеніне сексен жыл болды. Бұл театр сахнасының өркендеу жолы талай ұлт өнері майталмандарының тағдырымен тікелей байланыста өрбіді. Ағымдағы жылы осы театр­ды алғаш құрысқан саңлақтардың бірі, опера сах­насының дүлдүл әншісі, Қазақстанның халық әртісі (1947), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты Әнуар­бек Үмбетбаевтың дүниеге келгеніне 100 жыл толып отыр. Оның үлкен сахнаға қадамы өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында құрылған музыка студиясынан бастау алды. Бұл кезеңде, халық басына түскен үлкен нәубетпен қатар (қазақ даласын қан жылатқан ашаршылық, алғашқы интеллигенция қуғын-сүргіні), астанада қазақ көркемөнерінің сан алуан саласын өркендету жұмыстары қолға алынып, күрделі музыкалық-сахналық тың жанрлар жазылып, жас ұжымдар ұйысып жатты. Музыка студиясының алғашқы құрамында қазаққа бұрыннан таныс, әншілік қабілеті жоғары өнерпаздар тобы болды. Олар Темірболат Арғымбаев, Абдолла Айтбакин, Әнуарбек Үмбетбаев, Жамал Омарова, Нұғыман Әбішев сияқты тума дарындар еді. Сонымен бірге, драма театры кадрларынан Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Жүсіпбек Елебеков сынды музыка шеберлері осы киелі шаңыраққа қызметке ауысқанда бәрі де тәжірибелі еді. Бұл ұжымның өркендеуіне әдебиет пен би, музыка мен бейнелеу, орындаушылық салаларынан режиссер Жұмат Шанин, биші Шара Жиенқұлова, әнші Манарбек Ержанов, суретші А.Ненашев, жазушылар М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Б.Майлин, композитор Е.Брусиловский секілді дүйім дүлдүлдер атсалысты. Е.Брусиловский тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібекті» жазып, бұл қойылым 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті және өнер онкүндігінде жоғары баға алды. Одақтың бас қаласынан рухтанып, шабыттанып оралған әншілер, арнайы кәсіби білімдері болмаса да театрдың опералық репертуарын құруға қызу кірісті. Бұл бағытта еңбек еткен Б.Досымжанов, Ә.Үмбет­баев, Ришат және Мүсілім Абдуллиндер, Ш.Бей­секова, К.Кенжетаев, М.Төлебаев, т.б. тұлғалар­дың арқасында екінші дүниежүзілік соғыстың алдында театр репертуарында 9 қазақ, 22 орыс, өзге ұлттар және Еуропа опералары, 6 балеттік (оның екеуі қазақ) қойылымдар болды. Осы ортада аянбай еңбек еткен көрнекті әртістің бірі – лирика-драмалық тенор Әнуарбек Үмбетбаев еді. Ол бұрынғы Верный қаласында, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі Бейсембай қолы қысқа болса да, жоқ деп мұңаймайтын сауыққой, бойында ақындығымен қоса әншілігі басым жан болған. Әнуарбек әкесінің ән салғанын бала күнінен естіп, халық музыкасына құлағының құрышы қанып, өнерге әуес болып өседі. Қаршадай бала мектепте жүрген кезден-ақ үйірмелерге қатынасып, жасөспірім әншілер қатарына қосылады. Әнуарбек Бейсембайұлы Үмбетбаев 1929 жылы Алматыдағы театр студиясы ашылған кезде сахнаға шығып, ән сала бастайды. Бұнымен бірге ол жаңадан жұмыс бастаған радио студиясында алғашқы орындаушы да болады. Оның шырқаған талай әндері мен романс­тары, ариялары, қазақ, орыс, Еуропа операларының вокалдық партиялары Қазақ радиосының «Алтын қорында» қазір сақтаулы. Қайталанбас мақпалдай қою халықтық үнімен айтқан «Аққұм», «Қаракөз», «Бурылтай», «Баянауыл», «Ағаш аяқ», «Қараторғай» сияқты лирикалық, кең тынысты әндер оның дара талант екенін танытты. Жарты ғасырға жуық уақыт радиодан әндері үздіксіз беріліп келген Үмбетбаевтың есімін миллиондаған тыңдаушылар зор құрметпен атап, ілтипаттарын білдіріп отырған. Ол өнер жолында қабілетін дамытып, шыңдай жүріп бұрынғы Ленинградта білім алады. 1937 жылға дейін Кеңес әскері қатарында жүріп, Қазақтың атты әскер полкінің ансамблін басқарады. Әскерден оралғаннан кейін ол жаны қалаған өнер саласына бір­жола бет бұрды. 1937 жылы опера театрына қызметке орналасып, мұндағы актерлер дайындайтын студияда А.Кургановтың сыныбында тәлім-тәрбие алады. Ол қырыққа жуық операда әртүрлі музыкалық бейнелер жасап, көрерменнің сүйікті әртісіне айналады. М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасында» – Біржан, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» опера­сында – Айдар, «Төлеген Тоқтаровында» – Төлеген, Е.Бру­силовскийдің «Ер Тарғынында» – Тарғын, «Жал­бырда» – Қайрақбай, «Дуда­райда» Думан партия­ларын орындап, ұлттық опера өнерінің өсіп, өркен­деуіне мол үлесін қосады. Бұл партиялар Ә.Үмбет­баев орындауында ұмытылмас мұра болып қалды. 1944 жылы Ташкентте өткен Орталық Азия елдерінің әдебиеті және көркемөнер онкүндігіне «Абай» операсының арияларын, вокалдық үзінділер орындаған К.Байсейітова, Р.Абдуллин, Ә.Үмбетбаев өнері өте жоғары бағаланады. Ол Бішкек, Мәскеу қалаларында өткен концерттерге, өнер онкүндіктеріне қатысып, әлем мемле­кеттерін аралап қазақ музыкасын әр қырынан насихаттады. Ә.Үмбетбаев туралы музыкатанушы ғалым, профессор С.Күзембай былай дейді: «Көптеген ұлттық музыка майталмандарының сахнадағы тағдыры әлі көз алдымызда. Өз дәрежесінде есімі аталмай жүрген ірі өнер тұлғасының бірі – Әнуарбек Үмбетбаев дауыс мүмкіншілігі зор, сирек ұшырасатын, қайталанбас тембр болды. Оның шығармашылық бейнесі жан-жақты – опера әншісі, диктор, актерлік шеберліктерімен жымдасып жатыр. Өзі сұлу адам болатын. Жүріс-тұрысы, мәнері, даусы қандай әсем болса, сондай сұлу да мағыналы өмір сүрді». Иә, оның актерлік шеберлігі Қ.Қожамияровтың «Назугумында» – Бақи, Ж.Бизенің «Карменінде» – Хосе, Дж.Пуччинидің «Чио-Чио Санында» – Пинкертон, «Тос­­касында» – Каварадосси, Н.Г.Жигановтың «Алтын ша­шын­­да» – Джек, П.И.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесінде» – Гер­ман, М.Магомаевтың «Наргиз» операсында – Аль­зар, У.Гад­жибековтың «Аршын мал алан» коме­диясында Аскер рөлдерін әр халықтың өзіне тән салт-са­насын толық сақтай отырып сомдады. Әншінің бұл опе­ралардағы шеберлік шыңына шыққан бейнелер тура­лы замандас әріптестері, музыкатанушы мамандар: «Жоға­ры көркемдік дәрежеге жеткен әнші-актер» деп бағалады. Әнші үшін жоғарыдағы ірі музыкалық-сахналық туындылардың арасынан М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсындағы Біржан образының шоқтығы биік болды. Бүгінде қазақ жазба кәсіби музыкасының жауһарлары қатарынан саналатын осы опера алғаш рет сахнаға қойылғанда басты рөл Әнуарбекке беріледі. Қойылым туралы академик А.Жұбанов мақаласында: «Үмбетбаев кешегі күнде әннің туын аспанға көтерген Біржанның образын есте қаларлықтай етіп жасады. Оның саспайтын сабырлы мінезі, қауіптен сескенбейтін ерлігі, халқына деген махаббаты, Сараға арналған адамшылық жүрегі, мейірімді ана алдындағы балалық мінезді кішіпейілділігі, бай-молдаларға деген өткір музыкалық үнді тілі – бәрі де оның орындауында әдемі берілді», – деп жазды. Құрманбек Жандарбеков сахналаған «Біржан – Сара» 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болады. Бұл мәртебелі сыйлықты М.Төлебаев – музыкасы үшін, Қ.Жандарбеков – режиссерлігі үшін, А.Ненашев – спектакльді көркем безендіргені үшін алды. Сонымен бірге, басты партияларды ойнаған Біржан – Ә.Үмбетбаев пен Б.Досымжанов, Сараны бейнелеген К.Байсейітова мен Ш.Бейсекова да КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бүгінде көзін көре қалған әріптестері Ә.Үмбетбаевтың келбеті де, түрі де, дауыс тембрінің әдемілігі де – бәрі-бәрі халық ұғымындағы әнші-азамат, адал, ақжарқын Біржан салға қатты ұқсайтын еді деп еске алады. Спектакльдің тұсаукесер қойылымынан бастап куәгері, өзі мұндағы Жанбота партиясын ойнаған К.Кенжетаев: «Таудан аққан өзендей төгілген, әрі еркін, әрі күшті, әрі әдемі Әнуарбек Үмбетбаев даусы нәзік, бұлбұл үнді Күләш даусымен қосылғанда, өнер сүйгіш қауым ән толқынына бөленіп, сол әннен сарқылмас нәр алғандай көрінуші еді. Операның алғашқы актысі 22 минут қана жүреді. Осы аз уақытта тыңдармандар мен айтушылар бірге қосылып кеткендей, аса бір қызық тойға айналатын. Залда отырған халық Қоянды жәрмеңкесінде отырғандай сезілетін», – деп еске алады. Әр спектакль алдында өз өнерін түсініп, қатты қадірлей білген әнші сахнаға шығарда екі сағат бұрын келіп дайындық жүргізеді екен. Грим бөлмесіндегі бос әңгіме мен уақыт кетіретін барлық ұсақ-түйек кедергілерден бас тарта біліп, бар ынтасы мен ойын бір образ маңына тоғыстырып, сахнаға шығарайын деп отырған рөлге бағыттай білген. «Чио-Чио Сандағы» миллионер Пинкертон болып шығу үшін жасынан кербез өскен, адам баласы бетін қақпаған өзімшіл жігіт кейпіне енуі шарт болса, Біржан боп шығу – ән еркесі, халық қалаулысы Біржан сал образына іштей енеді. Ал жақсы көріп ойнаған Н.Г.Жигановтың «Алтын шаш» операсындағы Джек рөліне ену үшін, ну тоғай арасында аңдармен бірге өскен батыр жігіт бейнесіне бейімделген. Рөлдердің қай-қайсысы болсын, кедей Қайрақбай, бай Пинкертон, сал Біржан, албырт Айдар, батыр Төлеген, П.Чайковскийдің Германы және басқалар әртістің шеберлігімен үндесіп, сол оқиға кезеңіне жетелеп әкететіндей әсер қалдырып отырған. Бұл білім мен тәжірибені, ізденіс пен оқуды қажетсінетін мамандықты әнші бар болмысымен жақсы түсініп, айналасына ісімен үлгі көрсеткен. Табиғат берген қабілетін еңбегімен шыңдап, өнер биігіне көтерілген Әнуарбек Үмбетбаев – ұлттық опера театры қалыптасуының басында тұрып ерен еңбек еткен, есімі ұлт музыка мәдениетінің тарихына алтын әріппен жазылған дарын иесі болды. Оның есімі қанша жыл өтсе де елімен бірге мәңгі жасай береді. Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА, өнертану ғылымдарының кандидаты, музыкатанушы. АЛМАТЫ.