«Ауылға да Сүгір келді деп» басталатын Сүгір жыраудың толғау термесі қазақтың кең жазира даласынан асып, мұхиттың арғы жағындағы елдердің өнер тыңдармандарын еріксіз мойындатқанын ел-жұрт әлі ұмыта қойған жоқ.
Ал, бұл терменің авторы – Сүгір Бегендікұлының өмір жолын, қилы тағдырын көпшілік біле бермейді. Сүгір жырау – әлі зерттелмеген тың тақырып. Оның өмір жолын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сол себепті жыраудың өміріне қысқаша тоқталып өтелік.
Сүгір Бегендікұлы Маңғыстаудың Қаратауындағы Өгіз өреулі жерінде 1894 жылы дүниеге келген. Сүгірдің әкесі Бегендік екі рет қажыға барған діндар, қасиетті кісі болған. Сүгір алғаш 16 жасында қолына домбыра алып, алқаға түсіп елге танылған. 1910-1930 жылдардың арасында Маңғыстаудың жиын-той, астарының көркіне айналған. Бұл уақыт өнерінің ең бір шарықтау кезеңі болды. 1930 жылғы кеңестік қызыл қырғында туған жері Маңғыстаудан еріксіз көшкен.
1930-1968 жылдар арасындағы 38 жыл өмірін түрікмен, өзбек, қарақалпақ жерінде өткізген. Сүгір қайда жүрсе де қазақтың өнерін өзгелерге мойындата білген. 1968 жылы қасиетті туған жері Маңғыстауға көшіп келіп, 1974 жылы 80 жасында туған топырағында дүниеден озды. Атақты жырауды ел жұрты түгел жиылып қасиетті «Шопан ата» қауымына жерледі.
Қазақ жырауларының соңғы тұяқтарының бірі – Сүгір Бегендікұлы десек, артық айтқандық болмас еді. Жырау ата «Қырымның қырық батыры» дастанынан бастап, Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Әбубәкір, Аралбай, т.б. ақын-жыраулардың артында қалған мол мұраларын бүгінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізіп кетті. Жыраудың жырлары, сан құбылған саздары тыңдармандарын еріксіз баурап алып, шабыттандыра түседі. Артында осыншама мол рухани қазына қалдырған Сүгір атаға әлі күнге дейін мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінбей келеді.
Біз, Сүгір атаның жыр-термелерін, күйлерін, қолжазбаларын, үн таспаларын толық жинақтап, елге танытып жүрміз бе? Жырау атаға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінді ме? Сүгірдің 12 түрлі мақам сазы түгенделді ме? Сауал көп, жауап аздау болып тұр. Биыл Сүгір жыраудың туғанына 120 жыл болса, дүниеден өткеніне 40 жыл толып отыр. Бұл датаны ескермесек, елеусіз қалдырсақ елдігімізге сын, азаматтығымызға мін, аруаққа қиянат болар еді.
Әрине, Сүгір жырау ескерусіз қалатын тұлға емес. Жақында Маңғыстаудың кәрі шаңырағы Шетпе кентінде жыраудың ұрпақтары, Ескелді ауылының белді азаматтары Ақмұрат Сүйеуов, Қырлыбек Өтетілеуов бастамасымен ұйымдастыру жиыны өтті.
Бас қосуға Ескелді ауылының ақсақалдары, ел азаматтары жиналып, ортақ пәтуа жасасты. Сүгір жыраудың 120 жылдық мерейтойын қыркүйек айында өткізу жоспарланды. Мерекелік шараны өткізуге халық, үкімет, жыраудың ұрпақтары болып атсалысу керек десті. Бірінші – Сүгір жыраудың атына қор құру. Екіншіден, оның ел ішіндегі, мұрағаттағы қолжазбаларын жинақтап, жыраудың үнтаспаларын қалпына келтіріп, басқа да жәдігерлерінің көшірмесін жасап, мұражайларға тапсыру.
Үшіншіден, ауылдық, аудандық, облыстық деңгейде Сүгір жырау атындағы жыршы, термешілердің, жазба, айтыс ақындардың жарысын өткізу.
Төртіншіден, теледидар, баспасөз арқылы жыраудың өнерін, өмір жолын насихаттау болып табылады.
Ұйымдастыру алқасы бұдан да басқа іс-шаралар жөнінде ақылдасты. Жиынның қорытындысын елге белгілі халық шежірешісі, Маңғыстаудың құрметті азаматы Жетібай Жылқышыұлы былайша түйіндеді: «Сүгір Бегендікұлы – тек Маңғыстаудың жырауы ғана емес, берісі қазақтың, арысы алты Алаштың мақтанышына айналған тарихи тұлға. Бұл шараны министрліктен бастап, облыс, қала, аудан әкімдері қостап, кең деңгейде өткізу керек», деп ақ тілегін айтып, бата жасады.
Иншалла, ақсақалдың ақ батасы қабыл болғай!
Қуаныш ЖӘНІБЕКҰЛЫ.
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы.