Аймақтар • 18 Сәуір, 2022

Университет бастамасы өңірдің дамуына серпін береді

235 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрылғанына биыл – 30 жыл. Осыған орай, білім ордасы облыстың дамуына серпін беретін 30 жобаны қолға алып отыр. Ғылым саласы қызметкерлерінің күніне орай отыз жобаның бірі – «Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Университет бастамасы өңірдің дамуына серпін береді

Офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылған орталықтың ашы­лу рәсіміне шет мемлекеттердің Қа­зақстандағы дипломатиялық өкілдері, университет оқытушылары мен студент­тері, ғалымдар, Мемлекеттік басқару академиясы филиалының өкілдері қатысты. Алғашқы сөз тізгінін алған университет ректоры Жанар Темірбекова тұ­рақ­ты өсу мен даму параметрлері эко­номиканың ең негізгі көрсеткіштері еке­нін атап өтті. «2050 жылы әлем хал­қының саны 9 миллиардқа жететінін ескерсек, қазіргі өсу мен өркендеуге ұмтылуымызбен қатар, болашақ ұрпаққа өмір сүруге қолайлы дүние қалдыруды да ойластыруымыз керек. Адам өмірінің қажеттіліктері мен табиғи ресурстардың тұрақтылығы арасында теңгерім жасап, болашаққа сәйкес келетін жоспарлауды жасау қажет. Ахмет Ясауи университеті тұрақты болашақты құрудағы рөліміз бен жауапкершілігімізді түсіне отырып, тұрақты дамуды жуырда қабыл­дан­ған жаңа 2026 жылға дейінгі Стра­тегиялық даму бағдарламамызда басты басымдығымыз ретінде анықтадық. Осының дәлелі ретінде Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығын ашып отырмыз, – деді ректор. – Адамзат пен таби­ғат арасындағы белсенді байланыс эко­жүйенің бұзылуына әкелді, олардың көп­шілігі қайта қалпына келмейді. Осы секілді қоғамдағы барлық мәселе БҰҰ күн тәртібінің басымдықтарына ай­нал­ды және бұл COVID-19 пандемиясы кезінде бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Қоғамдағы мәселелерді ше­шу университет басымдығына айналуға тиіс деп санаймыз. Орталық 2015 жылы БҰҰ-мен қабылданған Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі шаралар және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мәселелері бойынша жаңа ізденістер, зерттеулер жүргізіп, соны­мен бірге олардың нәтижелерін қолданысқа енгізумен айналысатын болады».

Тұрақты даму мақсаттары – кедейлікті жою, теңсіздік пен әділетсіздікке қар­сы тұру, жер шарын қорғау және бар­лық адамдар үшін бейбітшілік пен гүлденуді қамтамасыз ету. Ол 2015 жы­лы БҰҰ-да қабылданғанын еске сала кетейік. Орталықтың ашылуына орай, арнаған құттықтау сөзінде БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш алға қойылған мақсаттарды іске асыруда университеттердің рөлі зор екенін атап өтті.

«Бүгін біз тұрақты даму орта­лы­ғының ашылуына ғана емес, сонымен қатар басқа мекемелер үшін керемет үлгі болатын және тұрақты да­му сала­­сын­дағы зерттеулер мен білім­нің әлеуетін дамытуға ықпал ете­тін инсти­ту­ционалдық транс­фор­ма­ция­ға куә болып отырмыз. Уни­верси­теттер тұрақты дамудың болашақ көш­­бас­шы­ларын даярлауға және қа­лып­тас­тыруға жауап­ты. ТДМ-ны оқу бағдар­ла­маларына біріктіріп, студенттерге қажетті білім мен дағдыларды бере оты­рып, бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуге өз үлестерін қоса алады», деді Якуп Бериш.

Ал Солтүстік Македонияның Қа­зақ­стандағы Төтенше және өкілет­ті Елшісі Сали Лимани Ахмет Ясауи уни­верситетінің Солтүстік Македо­ния­дағы университеттермен сапалы және жемісті ынтымақтастығын бас­­тау өзі үшін мәртебе екенін атап өтті. Астанадағы мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов орталықтың ашылуы арқылы халықаралық университетпен серіктестік қарым-қатынас одан әрі нығая түсетінін айтты. «Сол себептен де осындай орталықтардың білім ордасында құрылуы, әсіресе маңызды. Бұл бір жағынан бүгінгі зерттеулерді қамтамасыз етсе, екінші жағынан білім алатын студенттердің дүниетанымы мен көзқарастарын қалыптастыруға және оларды қазақ айтқандай, «Атаның баласы емес, адамзаттың баласы болуға тәрбиелейді». Бұған дейін Хаб және Университет ашық лекциялар, мемлекеттік жазғы басқару сынды бірнеше бірлескен жобаны іске асырып келді. Осыны есере келе Астана мемлекеттік қызмет хабы жаңа құрылған орталықпен нақты жобаларды іске асыруға дайын», деді Ә.Байменов.

Ал Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілі Мерейлім Каленова орталықтың ашылуы, әсіресе студенттер үшін үлкен мүмкіндік екенін тілге тиек етті. Салтанатты іс-шара барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Қазақстандағы Фридрих Эберт қоры өзара түсіністік жайлы меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ орталықтың ашылу рәсі­мі аясында «Қожа Ахмет Ясауи аты­н­­­­­дағы Халықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситетінің ТДМ-ын аймақта ілге­рілетудегі рөлі» атты дөңгелек үстел өтті. Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығының директоры Шемсеттин Чиғдем жүргізген басқосуда БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы өкілі Заур Иб­ра­гимов, ДДҰ-ның Қазақстандағы офисінің өкілі Ербол Спатаев, Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасының кеңесшісі Махсут Утешев және Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілі Мерейлім Каленова баяндама жасап, БҰҰ ТДМ-ын жүзеге асырудағы тәжірибесімен бөлісті. Сарапшылар, әсіресе мем­лекеттік басқару, саяси сауаттылық, сапалы білім беру, инфрақұрылым, урбанизация туралы сөз қозғады. Орталықтың жұмыс бағытын түсіндіріп, жиынды қорытындылаған университет ректоры Жанар Темірбекова қонақтарға, университет ұжымы мен студенттерге алғысын білдірді.

«БҰҰ қабылдаған 17 Тұрақты даму мақсатының бәрі біздің университетімізге қатысты деуге болады. Егер біз кафедрадан бастап, университет деңгейінде осы ТДМ аясында жұмыс істейтін болсақ, өңірімізге, елімізге, жалпы қоғам мен табиғат-анамызға пайда әкелетініміз сөзсіз. Бүгінгі шараға қатысып отырған барлық халықаралық ұйымдар да бізді қолдайды. Бұл оқытушыларымыз үшін де, студенттеріміз үшін де үл­кен мүмкіндік болмақ. Сіздерге түрлі жобаларға қатысып, гранттарды жеңіп алуға жол ашылады», деді ректор. Сондай-ақ Жанар Темірбекова оқы­тушылар мен студенттерді орталық жұмысына белсене қатысуға шақырды.

Айта кетелік, университетте бұл күндері басқа да іргелі іс-шаралар ұйым­дастырылды. Солардың бірі – «Геог­рафиялық білім берудегі озық ой және заманауи көзқарас» тақы­рыбында өткен география пәні мұғалімдерінің республикалық съезі. Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, әдіскерлер мен педагогтер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, біліктілікті арттыру институтының мамандары қатысқан съезде Қазақстан географиясын мектепте оқытудың өзекті мәселелері және географиялық ғылым мен білімнің дамыту жолдары талқыланды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген география пәнінің мұғалімдері 4 секция жұмысына қатысып, саладағы проблемаларды ортаға салды. Ал пле­нар­лық мәжілісте съезд қарары қабыл­данды. Ауқымды шараға арнайы келген вице-министр Шолпан Каринова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жаңа Қазақстанды» құрудағы мұғалімдердің рөлін тілге тиек етті. Басқосуда айтылған барлық мәселелер мен ұсыныстар жан-жақты қаралып, бұл бағытта белсенді жұмыс жүретін болады.

 

Түркістан облысы