Қазақтың маңдайына біткен қылқалам шебері Молдахмет Кенбаевтың «Шопан әні» картинасы ауыл баласының асқақ арманының шамшырағы іспетті. Нағыз қазақтың бекзат болмысын, дарқан дидарын, қою портретін шопанның бойына құйып қойғандай.
Былайғы жұртқа бейтаныс Молдахмет Кенбаев – қазақ даласының нағыз жыршысына айналған суретшілердің бірі. Оның картиналарында табиғат адаммен, шопанның еңбегімен тығыз байланысты. Содан да болар пейзаждық композицияларының жанрлық бастауы солардан бастау алады.
1954 жылы тың жерлерді игеру басталды. Жоғары курс студенттері Мәскеуден тың игеруге іс-тәжірибеге келді. Олар Көкшетау облысындағы Есіл өзенінің бойында шатырларда тұрып жатты. Дәл осы жерде шопандардың еңбегіне арналған картина жазу идеясы туады.
Шынында «Шопан әні» оның ең үздік картиналарының біріне айналды. Картина боз, жоса, қоңыр сынды нәзік түстермен жазылған. Бұл самал жел тербеткен жібектей бетегелі даланы анық жеткізіп тұр. Картинада түстердің барлығы өте таныс әрі барынша табиғи. Көкжиегі биік, ұшы-қиыры жоқ кең даланың тегістігі мен тыныштығын еш нәрсе бұза алмайды. Тек түйе мінген шопанның тұлғасы мен жайылып жүрген қойлар ғана осы фонда ерекшеленіп тұр. Ол туған жердің сұлулығын жырлайды. Ол – осы шексіз ұлы даланың қожайыны, сондықтан кең далаға тәкаппарлықпен қарап тұр.
Аталған шығармада үнсіз үйлесім бар, адамзаттың табиғатпен байланысы суретші үшін маңызды санат ретінде ашылған. Әсіресе жайлаудағы қазақтың қоңыр келбеті мен кеңпейіл мінезін әдемі үйлестірген.