Қоғам • 19 Сәуір, 2022

Балаларды бопсалау екі есеге азайған

803 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде балалардың құқығын қорғау, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Содан да болса керек, жасөспірімдерге қатысты қылмыстардың қарасы сирей түскен.

Балаларды бопсалау екі есеге азайған

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасары Жасұлан Жұманалиннің мәлімдеуінше, биыл кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстардың саны 17 пайызға, оның ішінде ұрлық – 2,5, бопсалау – 2, бұзақылық пен тонау үштен бір есеге азайған. Бұл жөнінде ІІМ өкілі Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Ж.Жұманалиннің айтуынша, зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бар қылмыстар ауыр қылмыстар санатына ауыстырылған. «Мұндай қылмыстарға барған адам мен жәбірленуші тараптың татуласу мүмкіндігі тиісті заң бойынша алынып тасталды», дейді спикер. «Педофилдер енді ең жоғары қауіпсіздік мекемелерінде кешірім және мерзімінен бұрын босату құқығынсыз ұсталады. Педагогтерге құқық қорғау органдарына кәмелетке толмағандарға қарсы іс-әрекеттер жасау фактілері туралы дереу хабарлау міндеті жүктелген. Бұл жерде барлық қазақстандыққа балаларға қатысты өздеріне белгілі болған зорлық-зомбылық фактілері туралы дереу полиция органдарына хабарлау керектігін айтқым келеді. Бұл мәселеде азаматтық жауап­кер­шілік танытып, біреудің қасіретіне нем­құрайды қарамауды және мұндай қылмыстарды жасырмауды сұраймын», деді ми­нистрлік өкілі баспасөз мәлихатында.

ІІМ өкілі брифингте балалардың жол қауіпсіздігін сақтауына ата-аналар да жауапты екенін, бұл мәселеге үлкен­дер жағы бейжай қарамауы қажеттігін атап өтті.

«Бұған дейін ІІМ Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, оқу орындары үшін бейнебақылау жүйелеріне қойылатын талаптарды бекіткен болатын. Бақылау құрылғыларын орнату орындары, бейнедеректерді сақтау мерзімдері белгіленді. Сондай-ақ аумақтық полиция органдарын жедел басқару орталықтарының бейнебақылау жүйелерімен интеграциялау көзделіп отыр. Әкімдіктер мектептерді осындай жүйелермен толық жабдықтау бойынша жұмыс жүргізді. Қазір бейнебақылау камераларының санын арттыру жұмыстары жалғасуда», деді спикер. Сондай-ақ ол өз сөзінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қолға алынған іс-шаралар биыл да жалғасатынын атап өтті.