Аймақтар • 19 Сәуір, 2022

Фараби форумында үздік жобалар анықталды

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен I халықаралық Фараби форумы өз мәресіне жетті.

Фараби форумында үздік жобалар анықталды

Баба рухына тағзым етумен бастал­ған шараны білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, «Әл-Фараби феномені – шын мәнінде теңдесі жоқ құбылыс. Әл-Фараби – ұлы ойшыл ғана емес, адамзаттың рухани өрлеуіне ықпал еткен планетарлық деңгейдегі ғұлама ғалым. Форумның тарихи миссиясы – Фараби ілімі арқылы жастардың ой-өрісін кеңейту. Тарихи және заманауи құндылықтарды тоғыстыру арқылы фарабитанудағы жаңа бағыттарды дамыту, Фараби ілімін жан-жақты, сала-салаға бөліп талқылау», деп атап өтті.

Жиында сөз алған Өзбекстан Респуб­ликасының Алматыдағы бас консулы Аброр Фатхуллаев ғалымның баға жетпес бай мұрасының жалпыадамзаттық маңызына тоқталды. «Ұлы әл-Фараби өз заманында барлық ғылым саласына үлкен үлес қосты. Ортағасырлық ойшылдардан алғашқы болып әлеуметтік өмір құрылымының ерекшеліктері туралы ілімнің негізін қалады. Ол шын мәнінде әлем ғалымы ретінде рухани құндылықтарды біріктірді. Әл-Фараби шығармалары орта ғасырлар мен қайта өрлеу дәуірінде Еуропадағы дүниетаным мен ғылымға тікелей әсер етті. Әлем, гуманизм және әділеттілік туралы дүниетанымы жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге кезіккен кезеңде аса өзекті», деді бас консул өз сөзінде.

Форумға арнайы қатысқан Түркітіл­дес мемлекеттер интеграциялық кеңесі бас хатшысының орынбасары Адахан Мадумаров жастарға сәт-сапар тіледі. Ол өз сөзінде «Жас ғалымдардың үздік жұмыстарын тамашалау барысында болашағы зор ғылыми зерттеулерге куә болдық» дей келіп, «Ақылды күнхана» жобасының маңыздылығына, ешкі сүтінен жасалған ірімшік жобасының халық денсаулығы үшін аса қажет екендігіне тоқталды. Ал жаһандану өркениетінен тыс қалмау үшін жастар заманауи жобаларды жүзеге асыра бергені абзал.

Университет ректоры Ж.Түймебаев осы орайда I Халықаралық Фараби форумының ел игілігі жолында дәстүрлі шара ретіндегі маңызына тоқталды. Білім мен ғылымның қара шаңырағы үздік дәстүрлерді сақтай отырып, іргелі және қолданбалы зерттеулер, технология­ларды коммерцияландыру шеңберінде жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық ғылыми-техникалық ықпалдастығын дамыта беретін болады. Бүгінде гранттық қаржыландырудың 10 пайызы студенттердің ғылыми-зерттеу қызметіне бағытталған.

Форум жас ғалымдардың жетістік­терін паш етумен ерекшеленді. «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» бай­қауы мен Студенттік бизнес-инкубаторлар инновациялық жобаларының жеңімпаздары марапатталып, арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлыққа ие болды.

Үздік инновациялық студенттік жобаның авторлары – ҚазҰУ-дың фи­­зика-техникалық факультетінің сту­денттері Динара Жұмалина мен Қалдыгүл Кәрібаеваға Ι дәрежелі дип­лом мен 150 мың теңге қаржылай сый­лық табысталды. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы сурдоаударманы HandDetector қосымшасы көмегімен дайындауға бағытталған. Жоба авторларының айтуынша, әлемде 2 млн адам ымдау тілімен сөйлеседі. Бағдарлама осындай мүмкіндігі шектеулі жандардың іс-қимылдарын басқа адамдарға түсіндіруге көмектеседі.

Форум ғалымдар мен студент жас­тардың ғылыми шығармашы­лығының түрлі бағыттарын біріктіре отырып, 6 мыңнан астам қатысушы ғылыми же­тістіктер, зияткерлік ойындар, дөңгелек үстелдер, ғылыми дебаттардың куәсі болды. Сонымен бірге студенттік биз­нес-инкубаторлардың инновациялық жобалары көрмесімен танысты. Форум барысында елімізге белгілі ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісіп, баяндама жасады.

 

АЛМАТЫ