Аймақтар • 19 Сәуір, 2022

Су қоймасы қоқыстан тазартылды

435 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Экология, геология және та­биғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы коми­теті еліміздің барлық өңірінде «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясын өткізуді дәс­түрге айналдырған. Су айдын­да­рын балық аулау құрал­да­ры­нан және жағалауын қоқыс­тардан тазарту арқылы таби­ғат­қа жанашырлық жасау мақ­са­тындағы акция Түркістан облысындағы Шардара су қой­ма­сында өтті.

Су қоймасы қоқыстан тазартылды

Қазіргі таңда су қоймасынан қар­мақпен де балық аулауға болмайды. Өйткені уылдырық шашу кезеңі. Осы аралықта инспекторлар бақылау шараларын күшейтеді. Өйткені балық емін-еркін уылдырық шашатын болса, одан шығатын шабақтардың да көбейіп, балық санының артуына сеп болады. Маусым ашылысымен инспекторлар балық аулаушыларға қажетті түсіндірме жұмыстарын жүр­гізіп, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастауды ескертіп отырады. Балық инспекциясы ма­мандарының айтуынша, судағы қал­дықтар балықтардың жетілуіне зия­нын тигізеді. Дегенмен ескертуге немқұрайды қарайтын, талаптарды орындамайтын жағдайлар көп кездеседі. Қоқыстардың тонналап жиналуы сол немқұрайдылықтың бір көрінісі. Мысалы, өткен жы­лы Түркістан облысының су қойма­ларынан шығарылған қоқыс 60 мың тоннаға жуықтады. Ал күні кешегі жергiлiктi атқарушы органдар, табиғат қорғау мекемелерi, табиғат пайдаланушылары, ерiктiлер, қоғамдық, ғылыми ұйымдардың өкілдері, су айдындарына жақын орналасқан тұрғындар мен оқу орындарының студенттері қатысқан акцияның бір күнінде 5 тонна қоқыс жиналып, 200-ге жуық балық құтқарылды. Аумағы 72 мың гектар Шардара су қоймасынан 30 мың метрге жуық иесіз балық аулау торлары арнайы қайықтардың көмегімен су ұлтанынан шығарылды. Су қоймасы аумағын тазалауға 200-ге жуық табиғат жанашырлары қатысты, 15 техника, 9 бірлік су көлігі жұмылдырылды.

«Мұндай акциялар болашақ ұр­паққа су қоймаларымыздың био­алуантүрлілігін сақтау үшін үлкен маңызға ие. Бүгінгі акция аясындағы жұмыстар сөзсіз қоршаған ортаға көп пайда әкеледі», деген Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Пазылбек Нәлібаев көпшілікті су айдындарында, балық ресурстары мен басқа да су жануарларының тіршілік ету орталарында тазалықты сақтауға шақырды.

Табиғатты таза күйінде келешек ұрпаққа сақтауда еліміз үшін мұндай шаралардың маңыздылығы жоғары екеніне тоқталып, барша қатысушы­ға алғыс білдірді. Айта кетелік, таби­ғат қорғау акциясы барлық балық шаруашылығы су айдындары мен учаскелерінде 31 мамырға дейiн өткі­зілмек.

Жалпы, Түркістан облысы аума­ғында тауарлы балық өсіруге жарамды 134 өзен-көл бар. Оның ішінде 88 жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген. Мысалы, Сайрам ауданындағы «Кө­меш балық» балық өнімдерін өндіру шаруашылығының иелігіне 17 өзен кіреді. Балықтың сан алуан түрінің күтімімен айналысатын мекеме жылына 500 тоннаға дейін балық өсіреді. Бүгінгі таңда өңірде балық шаруашылығының қуаттылығы жылына 8 мың тоннадан асады. Бұл кәсіппен 133 кәсіпорын айналысады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-ын субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оң ықпалын тигізуде. Сарапшылар облыстағы жасанды су қоймаларында балық өсіру саласының жоғары әлеуетін айтуда. Өңірдің тауар өндірушілері жылы­на 2 мың тоннадай балық өнімін Әзер­байжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қы­тай және Өзбекстанға экспорттайды.

а

 

Түркістан облысы