Бүрынғы Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттер арасында Ресей өзгелерден көшілгері тұр. Әлем чемпионатында олар 60 жүлде алды. Оның 24-і алтын, 10-ы күміс және 26-сы қола медаль. Сол 11 жарыстың бесеуінде ресейліктер жалпы есепте көш бастаса (2001, 2005, 2010, 2014, 2019), бір мәрте екінші (2006) және екі рет (2002, 2012) үшінші орынды иеленді.
Екінші орында – Қазақстан құрамасы. Біздің қыздар өз тарихында 18 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Анықтап айтсақ, 5 алтын, 4 күміс және 9 қоланы олжалады. Алғашқы болып қалың жанкүйерлерге медальдың сыңғырын естірткен Назгүл Боранбаева. 46 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған елордалық қыз 2006 жылы Нью-Делиде қола жүлдені иеленді. Жалпы, бұл отбасы жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Әкесі Серік кикбокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Боранбаеваның өзінен бөлек, туған екі әпкесі де спорттың осы түрімен шұғылданып, халықаралық ареналарда елеулі табыстарға қол жеткізді. Назгүлдің күйеуі Қанат Әбутәліповтің де есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол – бокстан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия біріншілігінің жүлдегері, Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) додасының жеңімпазы, Бейжің мен Лондон Олимпиадаларына қатысушы.
2008 жылы Нинбода 70 кило салмақта Елена Кольцова қолаға қол созса, 2010 жылы Бриджтауннан екі спортшымыз олжалы оралды. Марина Вольнова (81 кило) екінші және Назгүл Боранбаева (48 кило) үшінші орынды еншіледі. 2012 жылы Циньхуандаода да дәл сондай нәтижеге қол жеткіздік. Жұлдыз Маматқұлова (+81 кило) күміс және Назым Қызайбай (48 кило) қола медальды мойындарына ілді.
2014 жылы қос қазақ қызының айшықты өнеріне құлшына қол соқтық. Чеджудегі жарыста Назым Қызайбай алдына жан салмай, алтыннан алқа тақты. Осылайша, оның есімі Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды. 81 кило салмақта сынға түскен Ләззат Күнгейбаеваның да сондай мүмкіндігі болды. Алайда ол ақтық айқасқа дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста ресейлік Земфира Магомедалиеваға есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтты. Осы қос жүлденің арқасында жерлестеріміз командалық есепте төртінші орынды иеленді.
2016 жылы төрткүл дүниенің мықтылары Астанада бас қосты. Бұл жарыста 4 алтын және 2 қола медальды олжалаған Қазақстан құрамасы жалпы есепте көш бастады. Атап айтсақ, Назым Қызайбай қатарынан екінші рет әлем чемпионы атанды. Оның жеңісті жолын Дина Жоламан (54 кило), Валентина Хальзова (69 кило) және Ләззат Күнгейбаева (+81 кило) жалғастырды. Ал Жайна Шекербекова (51 кило) мен Айжан Қожабекова (57 кило) үздік үштікті түйіндеді.
Өз жеріміздегі айқын жеңіс біздің қыздарымызды жігерлендіре түсетін шығар деп ойлаған едік, бірақ қателескен екенбіз. Соңғы екі жарыстағы нәтижеміз осы сөзіміздің айқын дәлелі. 2018 жылы Нью-Делиде Жайна Шекербекова (51 кило) екінші, ал Карина Ибрагимова (60 кило) үшінші сатыға табан тіреді. Осы көрсеткішпен «ТОП-10» команданың қатарына әзер іліксек, 2019 жылы Ұлан-Удэде тек Милана Сафронова (64 кило) мен Дина Исламбекованың (+81 кило) жүлдегерлер санатына қосылуға күш-жігерлері жетті.
Олимпия ойындарында бұрынғы «бауырлас» республикалардың тек үшеуіне ғана жүлде алу бақыты бұйырды. Олар – Ресей, Қазақстан және Тәжікстан. 2012 жылы Лондонда Ресейдің екі боксшысы финалға шығып, екеуі де ұтылды. София Очигава (60 кило) ирландиялық Кэти Тэйлордан, Надежда Торлопова (75 кило) америкалық Кларесси Шилдстен жеңілді. Қазақстандық Марина Вольнова (75 кило) мен тәжікстандық Мавзуна Чориева (60 кило) үшінші сатыға жайғасты.
2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанған Олимпиадада 75 кило салмақта күш сынасқан Дариға Шәкімова қола медальды мойнына ілсе, ресейлік Анастасия Белякова (60 кило) дәл сол межеден көрінді. 2021 жылы Токиодағы жарыста посткеңестік елдер арасында Ресейдің туы астында өнер көрсеткен дағыстандық Земфира Магомедалиева үшінші орынды иеленді. Ал өзге командалар төртжылдықтың басты додасынан құралақан қайтты.
Әлем чемпионаттарының нәтижесі
(1993-2019 жылдар аралығы)
Орын |
Командалар |
Алтын |
Күміс |
Қола |
Барлығы |
1. |
Ресей |
24 |
10 |
26 |
60 |
2. |
Қазақстан |
5 |
4 |
9 |
18 |
3. |
Украина |
3 |
7 |
10 |
20 |
4. |
Беларусь |
1 |
1 |
2 |
4 |
5. |
Әзербайжан |
0 |
2 |
1 |
3 |
6-7. |
Молдова, Тәжікстан |
0 |
0 |
1 |
1 |
Олимпия ойындарының нәтижесі
(1996-2021 жылдар аралығы)
Орын |
Командалар |
Алтын |
Күміс |
Қола |
Барлығы |
1. |
Ресей |
0 |
3 |
1 |
4 |
2. |
Қазақстан |
0 |
0 |
2 |
2 |
3. |
Тәжікстан |
0 |
0 |
1 |
1 |