Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қосалқы бөлшек қымбаттап кетті
Былтырғы құрғақшылықтың салдарынан қамбасы босап қалған шағын шаруашылықтардың көбі себерге тұқым таппай отыр. Оның үстіне тозығы жеткен ескі техникасына қажет қосалқы бөлшектің бірнеше есе қымбаттап кетуі де жығылғанға жұдырықтың кебін келтіріп тұр.
Мысалы, Науырзым ауданында 2019 жылы қатты құрғақшылық болып, күзде оратын дән болмаған соң көптеген шаруа қожалығы алқапқа техника шығарған жоқ. Бұл жылы осы өңірдегі ең озық деген шаруашылықтардың өзі еккен егінінің 20 пайызын ғана жинап алды. 2020 жылы егін жақсы шыққанымен, 2021 жылы құрғақшылық тағы қайталанып, алқаптың алды гектарына 3,5 центнерден ғана өнім берді. Шаруашылық басшыларының біразы енді биылғы қымбатшылықтың кесірінен топыраққа мүлде дән сіңіре алмай қаламыз ба деп алаңдайды.
Диқандардың көбі комбайн-тракторына қажет темір-терсектің бәрін Қостанайдағы Карбышев көшесінің бойында қатар-қатар тізілген дүкендерден сатып алады. Көбіне, көктемде қарызға алып кетіп, күзде келіп есеп айырысатын. Биыл бұлай болмайтын сыңайлы. Осы дүкендердің біріне кіріп көріп едік, дүкенші сырт елдерден тауар келмей жатқанын айтты.
– «НШ 100» гидравликалық сорғысы қазір 300 мың теңге тұрады. Жалпы, гидравликаның бәрі 300 пайызға қымбаттап кетті. Соқа тісі екі есе, қалғандары 50 пайыздан 100 пайызға дейін қымбаттады. Қазір сататын ештеңе жоқ. Аздаған қосалқы бөлшек түрлері бар, бірақ бізге оларды тек қолма-қол ақшаға ғана береді. Бұрынғыдай сатқан соң есептесу тоқтады. Келгендер бағасын сұрап, бұрылып шығып кетіп жатыр. Қазір бұрыннан келе жатқан тұрақты тұтынушыларымыздың көбінің ақшасы жоқ. Былтырғы қарыздарын қайтара алмай жүргендер көп. Жағдайды түсіне көр деп жалынады, біздің қолымыздан не келеді, өзіміз кіріптар болып қалдық. Баға асқақтап кетті, ертеңгі саудамыз қалай боларын білмейміз. Қытай да жабық. Жарты жыл бұрын тапсырыс берген тауарды әлі ала алмай отырмыз. Ресей де тауардың көбін өткізбей жатыр. Тауар бермейді. Бізге қарыз тауар бермейді, сондықтан біз де ешкімге қарыз бермейміз, – деді сатушы.
Ал диқандардың көбі бәрі жағалай қымбаттап жатқанда, бидай мен ұн өнімдерінің де бағасын өсіру керектігін айтады. Мұның қисынын Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановтан сұрап көрдік.
– Ең ауыр тиетіні, жанармай, тыңайтқыш, металл, техникаға қажетті қосалқы бөлшектер мен құрылыс материалдарының шектен тыс қымбаттап кетуі. Мұның зардабы жалғыз шағын шаруашылықтарға ғана емес бізге де ауыр тиеді. Сондықтан біз шығаратын ет, сүт, нан өнімдері арзан болмауы керек. Нарықтың қатал заңы осыны талап етеді. Өйткені еңбек өтелуі керек қой. Нан қымбат болуы керек. Қазір нанның қадірі қашты. Бұрынғы ата-әжелеріміз нанды баспа, тұзды шашпа деп айтып отырушы еді. Қазіргілер аяғының астында жатқан нанды таптап өте шығады. Нанның қадіріне нан қымбат болғанда ғана жетеміз. Демек дәнді-бұршақты, майлы дақылдар да қымбат болуы керек. Диқандар сонда ғана мемлекетке алақан жаюды доғарып, қымбат жанармай, қымбат техника, қымбат тыңайтқыштарды өз қаржысына сатып ала бастайды. Ал тұрмысы төмен тұрғындарға арнайы әлеуметтік карталар тағайындап, олардың арзан азық-түлік сатып алуына жағдай жасалуы керек. Мысалы, АҚШ әлеуметтік карта арқылы 20 млн халықты арзан азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Бізге неге бұлай істеуге болмайды? – дейді тәжірибелі диқан.
Шағын шаруашылықтар қосалқы бөлшекке бір жазда 10-15 млн теңге жұмсаса, 2-3 мың гектар жерге бидай себетін орта шаруашылықтар 30-40 млн теңгеге дейін қаржы шығындайды екен. Яғни Ресей, Қытай, Беларусь, Украина елдеріндегі машина бөлшектерін шығаратын кәсіпорындар қазақстандық диқандардың арқасында жыл сайын миллиардтап табыс тауып отыр.
Былтыр Қостанай облысы диқандарының 60-65 пайызы өте аз өнім алды. Ресей сол кезден бастап металл мен қосалқы бөлшектердің бағасын апта сайын негізсіз өсіре бастады. Керек дүниесі дәл науқан қызар тұста қымбаттап кеткен диқандар жер игеру үшін алдымен темір игеріп үйрену керектігіне көз жеткізгендей. Көз ашқалы жер тырмап, дән егіп дағдыланған диқандар бастарына қанша қиыншылық түсіп жатса да жерден айырылғысы келмейді. Керісінше, тығырықтан шығарар жол тауып, шетелдің темір-терсегіне қаржы шашқанша, бұрынғы машина-трактор шеберханаларын қайта тірілтіп, ұсақ-түйек, қарапайым қосалқы бөлшектерді өзіміз жасап үйренуіміз керек дейді.
Машина-трактор шеберханалары қайта жаңғыра ма?
Бұрын әр ауылда машина-трактор шеберханалары болушы еді. Егін шаруашылығымен айналысатын мыңдаған ауыл соқаның тісі сияқты қарапайым дүниелерді өздері жасап шығаратын. Қалың металды автогенмен кесіп-пішіп кәдімгі өткір тіс дайындайтын. Қазір мұның бәрі сырттан келеді. Қарапайым керек-жарақтың бәрін жергілікті жерде жасауға болатынын кәнігі диқандар да айтып отыр. Диқандардың айтуына қарағанда, ол үшін аумағын ат шаптырымдай етіп үлкен зауыт салудың да қажеті жоқ. Аудан орталықтарында, ірі ауылдарда төңіректегі шаруашылықтарға қызмет көрсететін шағын цехтар мен шеберханалар ашып, жергілікті шаруашылықтар үшін жаппай қарапайым қосалқы бөлшектер мен тырма, жер өңдейтін, жыртатын, қопсытатын, тіпті бидай ұшырып, тазалайтын ауылшаруашылық құралдары мен оған қажет қосалқы бұйымдарды жасап шығаруға шындап бет бұру керек.
Мәселен, Қытай «бір үй – бір зауыт» қағидатымен жұмыс істейтін шағын кәсіпорындарды қаптатып, жаппай өнім шығара бастаған соң тез көтерілді. Өздері үйдің үстіңгі қабатында тұрады, астында минизауыт жұмыс істеп жатады. Олар шаруашылық өрлеуді кәсіпкерлікті тіркеу мен лицензия алуды жеңілдетуден бастады. Мамандардың сөзіне сүйенсек, еліміздегі ауылшаруашылық техникаларына керек темір-терсек сатып алу үшін жыл сайын миллиардтаған қаржы сыртқа кетеді. Ал егер қарапайым ұсақ бөлшектерді жасап үйренсек, қыруар ақша жергілікті жерде қалады. Тіпті, өңірлерде шағын зауыттар мен цехтар көбейсе, олар дами келе түскен табысын өз өзін инвестициялауға жұмсай бастауы да бек мүмкін. Бізде темірді қамырдай илейтін қолы алтын шеберлер көп, солардың әлеуетін тиімді пайдалана білу керек. Ол үшін шағын өндіріспен айналысқысы келетіндерге жағдай жасау парыз. Тіпті, қосалқы бөлшектер мен ауыл шаруашылығында пайдаланылатын құрал-саймандарды шығаруды қолдауға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама іске қосылып, мамандар осы саланы дамытудың жолдарын іздестіріп, жонғыш станоктар сатып алуды, олар аяқтан тұрып кеткенше өнімдерін субсидиялау мәселелерін қарастыруды қолға алса, нұр үстіне нұр. Осылайша, жергілікті шаруашылықтар сыртқы тәуелділіктен арыла бастайды. Бұл агробизнеске де, мемлекетке де пайдалы болары сөзсіз.
– Ауылшаруашылық техникаларына қажет қосалқы бөлшектерді жасау үшін алдымен станокшы, фрезерші, «ақылды» станоктарға арналған цифрлы бағдарламаларды енгізе алатын мамандарды даярлау керек. Бізге ең бастысы, техникалық кадрлар, төменгі және орта буындағы кадрлар жетіспейді. Жоғарғы буынды кадрлар жеткілікті, бірақ олар алдыңғы екеуінсіз нәтижелі жұмыс жүргізе алмайды. Ал төменгі буынды техникалық кадрларды кәсіби білім беретін колледждер даярлауы керек. Жасыратыны жоқ, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қазақтарды мүмкіндігінше техникалық мамандықтардан, техникалық мүмкіндіктерден аулақ ұстау саясаты жүрді. Тіпті, осыдан бірнеше ғасыр бұрын Ресей патшалары бұратана халықтарға ұста мамандығын алуға тыйым салу туралы жарлықтар шығарып отырған. Тағы бір мысал, Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Батыстағы зауыттардың көбі Қазақстанға емес, Орал өңіріне, Челябі, Свердлов облыстарына орналастырылды. Осының бәрі алдын ала ойластырылып жасалған дүниелер. Яғни көрші ешқашан күшті, қуатты болмау керек деген қағида болды. Мұның техникалық білімге, технологиялық мүмкіндіктер мен жаңашылдықтарға тікелей қатысы бар. Өйткені теріскейдегі көрші мемлекет үшін Қазақстанда өндіріс болмағаны тиімді. Енді осы олқылықтың орнын толтыру керек. Бұл – өте күрделі, өте маңызды мәселе. Біз бөлшек құрастырудан бөлшек шығаруға өтетін кезеңді өткізіп алмауымыз керек, – дейді Қостанай ауданындағы «Деметра» серіктестігінің басшысы Бауыржан Барсақбаев.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, техникасы ескі, шаруашылығы шағын диқандар қазіргі күрделі кезеңде бағасы аспандап кеткен шетелдің темір тауарына телмірмей-ақ, жергілікті шағын өндіріс ошақтарын дамытуды қолға алған дұрыс дейді. Ол үшін ауыл-ауылда ескідегі МТМ, токарь, фрезер станоктары бар шеберханалар қайта ашылып, болт, гайка, шайба, соқаның жүзі, тырманың тісі сияқты ауыл шаруашылығына қажет ұсақ-түйек қарапайым бөлшек заттарды жасауға ұмтылуы керек. Ал техника паркін шетелдік комбайн-трактормен жаңалап алған кейбір ірі шаруашылықтардың басшылары мұндай шеберханалардың «Класс», «ДжонДир» сияқты озық техникаларға арналған қосалқы бөлшектерді шығара алмайтынын айтады.
Үлгі алатын шаруашылықтар бар
Қостанай өңіріндегі бірқатар ірі серіктестіктердің өздерінің жеке шеберханалары бар. Мұндай шаруашылықтардың ілгері ісі өзгелерге үлгі болса игі. Мысалы, Меңдіқара ауданындағы «Қарқын» агрофирмасының шеберханасы қысы-жазы тоқтамай жұмыс істеп жатады. Шеберхананың токарь, фрезер станоктары, басқа да толып жатқан заманауи құрылғылары бар. Ұстахана, мотор жөндеу цехы, электр цехы жұмыс істеп тұр.
– Біз көбіне реставрациялық жұмыстар жүргіземіз. Реставрацияға келетін бөлшектердің бәрін жонып, түзеп, қайта қалпына келтіреміз. Сондай-ақ топырақ қопсытатын тырмалардың кеткен тістерін өзіміз жасап шығарамыз. Біздің техникалардың бәрі шетелдікі. Олардың қосалқы бөлшектері де өте қымбат. Сондықтан қолымыздан келгенше, қарапайым бөлшектерді, бекіткіштер мен байланыстырғыштарды өзіміз жасап аламыз, – деді серіктестіктің бас инженері Юрий Бубнин.
Ал Қостанай ауданындағы «Деметра» серіктестігінің шеберханасына кірген ескі «Кировец» тракторлары он шақты күннен кейін адам танымастай өзгеріп, су жаңа болып шығады. Мұндағы шеберлер тіпті «Т-4» тракторларының шынжырын шешіп тастап, доңғалақ орнатып алған.
– Қолдағы қаржыны бәріне жеткізе алмаймыз. Су жаңа «МТЗ 1221» сатып алу үшін кем дегенде 20 млн теңгеден астам ақша керек. Оны алатын жағдайымыз жоқ. Таяу күндері топырақ ылғалын жабу жұмыстарын бастау керек. Бұл тракторлар негізінен осы мақсатқа пайдаланылады. Сондықтан баяғы кеңес кезеңінен келе жатқан ескі шынжыртабан «Т4» тракторларының шынжырларын шешіп тастап, оның орнына доңғалақ салып алдық. Төрт жылдан бері осы тракторларды пайдаланып жатырмыз. Сыннан сүрінбей өтті, техникалық мүмкіндігі жағынан 20 млн теңгелік «МТЗ 1221» тракторларынан асып кетпесе, кем түспейді. Былтыр ескі «Т4»-дың нарықтағы бағасы 300-400 мың теңге болатын. Оның қосалқы бөлшектері әрі арзан әрі тез табылады, бұзыла қалса, жөндеу де оңай. Өйткені шынжыртабан трактор шаруаға қолайсыз болғандықтан, көбі оны тек металл қабылдау орындарына өткізіп жатыр. Дәл қазіргі жағдайда бізге осы пайдалы. Бізде мұндай тракторлардың төртеуі бар. Тырма сүйреп, көктемде ылғалдың бетін жабуға, күзде егін орып алған соң, топырақ қопсытуға ыңғайлы, өзіміз «Гибрид» деп ат қойып алдық, – деді серіктестік басшысы.
Аталған серіктестік топырақ қопсытатын соқаның үшкір қондырғыларын да өзі жасайды. Шеберханасында плазма станогы жұмыс істеп тұр.
– Керек нәрсенің сұлба-сызбасын компьютер арқылы бағдарламаға енгіземін. Ол үшін қалың металл керек. Станок бәрін кесіп береді. Мысалы, мен топырақты 6 см тереңдікке дейін қопсытатын соқаның екі жүзі мен өкшесін екі бөлек жасап, бір-біріне дәнекерлей салдым, түк қиындығы жоқ, – деді жоқтан бар құрап, ескіден жаңа шығарып отырған диқан.
Қостанай облысы