Асан қайғы Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймай, қой семірмес» деген екен. Ендеше, табиғат сыйға тартқан көрікті мекендегі көрнекті орындарға бірге саяхаттайық! Тарихқа көз жүгіртсек, Баянауыл өңіріндегі көне тарихи-табиғи ескерткіштерді зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың екінші жартысында, яғни 1960 жылдары мықтап қолға алына бастапты. Әлі күнге дейін ғалымдар археологиялық-этнографиялық зерттеулерді жалғастыру үшін атбасын бұруға асық. 2018 жылы жергілікті өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың бағыт-нұсқауымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі сакралды орындарды белгілеумен айналыса бастады. Мақсаты түсінікті. Халықты тарихпен беттестіру – маңызды шаруа. «Павлодар облысы бойынша сакралды орындардың 70 пайызы Баянауыл өңіріне тиесілі. Бұған ауданымызда қасиетті орындардың картасын жасағанда көзіміз жетті. Басқасын айтпағанда, республикалық жүз сакралды орынның үшеуі Баянауылда», деп Алтынбек Құрманов сипаттама берді.
Бүгінде Баянауыл ауданының сакралды картасында таңбаланған қасиетті жерлер жетерлік десек, олар мыналар: Қоңыр әулие қасиетті үңгірі, Жасыбай батырдың зираты, Мәшһүр Жүсіптің кесенесі. Әрине, бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы ұрпақ қамы үшін. Қасиетті жердің мәртебесі тек тау-тасын аралап, көліне шомылумен өлшенбесе керек.
Ертедегі темір дәуіріндегі жерлеу кешені. Сабындыкөл аймағында Баянауыл-Қарағанды тас жолының бойында орналасқан. Бұл – көне қорым осы өңірде, яғни қола дәуірінде өмір сүрген адамдардың жерленген орны. Кешенді зерттеу 2016 жылы Торайғыров университетінің археолог ғалымы Виктор Мерцтің басшылығымен жүзеге асты. Алдағы уақытта да ғылыми тұрғыда толығымен зерттелмек. Ол жерден табылған заттар мен бұйымдар университет ғалымдарының зертханаларында сақтаулы.
Байбақы бұлағы. Көне дәуірдегі жерлеу кешені, археологиялық ескерткіш. Жасыбай-Торайғыр тас жолының бойында, Кемпіртастың солтүстік-шығысында орналасқан. Бұл қорым Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіне қарасты академик Ә.Х.Марғұлан орталығының басшысы Тимур Смағұловтың жетекшілігімен зерттелуде. Болашақта қола дәуірінен толыққанды хабардар ететін қорымды ашық аспан астындағы музей етіп жасау жоспарлануда. Қорымнан табылған адам қаңқасы және қыш ыдыстарды, көне заттарды осы орталықтың ғалымдары зерттеуде.
Торайғыр сақ қорғандары. Сақ-сармат дәуіріне жататын бұл кешенді де Ә.Х.Марғұлан орталығы ғалымдары зерттеумен айналысуда. Оны да ашық аспан астындағы музейге айналдыру жоспарда бар. Баянауылға демалуға келген туристер мен жергілікті тұрғындардың тамашалауына мүмкіндік жасалмақ.
Жолдыбай тас. Жолдыбай қорығындағы петроглифтер. Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымы В.К.Мерцтің зерттеуінде осы тастағы көне дәуірдің суреттері сол заманда өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігінен молынан хабар береді. Аңшылық кәсібі, жануарларды қолға үйрету және көшіп-қонып жүрген елдің бағыт-бағдарын айқындап тұрғанын көреміз. Бұл тастағы жазулар көне темір, қола дәуіріне жатады. Орналасқан жері – Жаңатілек ауылдық округі, Мұрынтал.
Түркілердің табыну орталығы. Археологиялық зерттеуде түркілердің табыну орталығы сол замандағы Алтай тауларынан батысқа жөнкіле көшкен елдің басын біріктіретін және тәңірге табыну дәстүрін орындайтын нысан болып табылады. Жалпы, мүсін (балбал тастардың) тұрған жерінде адам мүрдесі жерленбейді. Ол жерлерде тек қана сол замандағы дәстүрлі тәңірге табыну орны болып саналады. Құндыкөл ауылдық округінің Керегетас жазығында орналасқан.
Жұмбақ қыз тасы. Көне түркі-қыпшақ заманына жатады. Елдегі аңыз-әпсана әңгімелерге зер салсақ, Жұмбақ қыз тасы тәуліктің бір мезгілінде, яғни түске қарай күннің көзі түскенде тастағы қыздың бейнесі күліп тұрады деседі. Ал күн ауғаннан кейін бұл сурет көрінбей кетеді. 1960 жылдары академик Ә.Х.Марғұлан бастаған археолог-ғалымдар, атап айтсақ, Мейір Қадырбаевтар осы өңірде қазба жұмыстарын жүргізіп, көне түркі заманынан да бұрынғы дәуірдің қоныс орындарын ашқан. Естуімізше, табылған жәдігерлерді археолог-ғалымдар Алматыға алып кеткен. Кейбіреуі республикалық мұражайда тұрған көрінеді. Дегенмен әлі де бұл өңірде мүсін тастар баршылық. Оларды зерттеп, ғылыми айналымға енгізу ғалымдардың еншісінде.
Арғымақ тас. Арғымақ тас петроглифтері көне темір, қола дәуірлерінің еншісіндегі дүние. Арғымақ тас аталуы тастағы бейнелерде арғы бабаларымыздың арғымақ жылқыға мініп, аң аулап жүргендері бейнеленген. Ол бейнелерде бұғы, бұлан секілді түз жануарлары және түйелердің суреттері салынған. 1960 жылдары академик Ә.Марғұланның экспедициясы зерттеу жұмыстарын бастаса, бүгінгі таңда Әлекеңнің шәкірттері – Сұлтанмахмұт университетінің және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің археолог-ғалымдары зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан.
Құлан әулие үңгірі. Бұл үңгір әулиелі Қызылтау жоталарының ең биігінде орналасқан киелі жер. Ел аузындағы аңыз-әпсаналар мен ескілікті әңгімелерге зер салсақ, Құлан әулие үңгірі Нұх Пайғамбар заманынан басталады екен. Нұх Пайғамбар заманында жер бетін топан су басып, Нұх пайғамбар жан-жануарларды аман алып қалу үшін үлкен кеме жасайды. Аңыздағы Құлан, Қыран, Қоңыр есімді әулиелер кемеге орналасамыз деп келгенде симай қалса керек. Содан үш әулие бөренелерден сал жасап, кеменің соңына байлайды. Солтүстіктен соққан желден салдары үзіліп, үш әулие үш жерде қалған екен. Су қайтқанда Қоңыр әулие Баянауылдағы өз есімімен аталатын үңгірде, Қыран әулие Баянауыл тауларының шыңында, ал Құлан әулие осы биік Қызылтаудың жотасындағы үңгірде қалған деседі. Жалпы, елдің айтуынша, Кеңес үкіметі орнағанға дейін бұл тауларда жабайы жылқы құлан мекендеп, жаздың ыстығында осы үңгірді көлеңкелейді екен. Аштық, жұт жайлаған заманда осы жануардың түрі жоғалып кетті деседі. Құлан әулиеге қатысты әлі де аңыз-әпсаналар баршылық. Тарихшы ғалымдар зерттесе, талай оқиғаның елге жететініне сенімдіміз. Орналасқан жері – Қызылтау ауылдық округі.
Абылай хан ордасы. Абылай хан – қазақ ордасының ең ұлы хандарының бірі. Арқа өңірінде Абылай ханға қатысты жер атаулары аз емес. Соның бірі – Баянауыл жерінде. Ғылыми тұжырымға сүйенсек, академик Манаш Қозыбаев өз еңбегінде 1734 жылы Абылай ханды Сабындыкөлдің жағасында ақ киізге отырғызып, хан көтергенін жазады. Баянауылдағы даңқтылар аллеясындағы тасбелгіден де соны көреміз. Абылай хан Баянауылды 3-4 жыл қоныс қылған. Қызылжарға (Петропавл) орыстардың бекініс салып жатқанын ескерген Олжабай, Малайсары батырлар Абылай ханды Көкшетауға қоныс аударуын өтінген. «Бүгін Қызылжарға бекініс салған орыс ертең Көкшетауды да алады. Жаудың өтінде болғаныңыз дұрыс», деп айтқан екен. Сол 3-4 жыл жайлау қоныс қылып, ордасы болған жер бүгінгі күні «Ханның, төренің қарағашы» деп аталады. Жыр-дастандар мен аңыз-әпсаналардан бұл жерді Абылай ханнан бұрын Есім, Тәуке хандардың жайлау қылғанын естіп, оқып жүрміз. Мысалы, Жамал қожа Әлқожаұлының жырларында мұндай деректер келтіріледі.
1756 жылы Баянауылдың теріскейінде Абылай ханның жайлауда отырғаны Құлжадан шыққан керуенбасы татар, ұйғыр саудагерлерінің Тобыл воеводасына жазған рапортында көрсетілген. Бұл құжат Омбы қаласы А.С.Пушкин атындағы кітапханада Катанаев қорында сақталған. Ол турасында Қарқаралы, Семей өңірін зерттеуші, өлкетанушы Б.Нәсеновтің кітабында да кездеседі. 1756 жылы Баянауылдың теріскейінде отырған Абылай хан көршілес Жасыбай көлінің жағасындағы «Тас қораны» қоныс қылып отырған Олжабай батырды Шүршіт (қытай) әскеріне қарсы аттандырады. Бүгінгі күні Қарағанды облысы, Осакаровка ауданына қарасты Шүршітқырған жері осы жорықпен байланысты. Сол 1756 жылы Баянауылдағы жайлауынан Көкшетауға көшкен Абылай хан өзінің үлкен баласы Тоғым төрені Баянауылдағы ордасына тастап кетеді. Тоғым төреден қазақ халқының алғашқы салалы тарих ғылымының докторы, академик Ермахан Бекмаханов осы жерде дүниеге келген. Ол – Абылай ханның тікелей ұрпағы.
«Жалпы, біздің халықта ел билеген хан жайлауда болсын, қыстауда болсын ол жер ханның ордасы саналады. Ол әулет бөтен жерге қоныс салмайды. Бұл әңгіме-әпсаналарды ұлы ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шәкірттері болған Иманғали Мәненұлы, Алдажар Әбдіразақұлы, Әнапия Әубәкірұлы, Жанайдар Асылбекұлы қариялар бастары қосылғанда тілге тиек қылушы еді», дейді Алтынбек Құрманов.
Абылай хан ордасына қойылған тас белгі Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Жасыбай бөлімшесіне қарасты аумақта.
Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Шоң би. Қамар Қасымов. ХІХ ғасырда патша империясы қазақ даласына кіргенде алғашқы қара халықтан шығып, аға сұлтан болған – Шоң би Едігеұлы. Шоң би Едігеұлы жөнінде ұлы ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, басқа да ақындардың мұрағаттарында кеңінен қамтылған. Шоң би жөнінде жазған Қалмұқан Исабаевтың «Серт» романы ол кісінің ұлы даланың данагөй кемеңгері болғанын айғақтап тұрғандай. Әдебиетші Адольф Янушкевич күнделік дәптерінде былай деп жазады: «Шоң сұлтан емес, бірақ ірі адам. Ол орыстар осы жерге келер алдында өмір сүрген. Ақылы, әділдігі жәні күш-қуатының зорлығы арқасында өз ортасында үлкен беделге ие болған. Оның әмірі анау-мынау ханнан артығырақ пәрменді жүрген. Қылмыскерлерді өзі жазалаған, оларды кейде асау атпен сүйреттіріп, аяусыз өлтірткен...», деп жазса, «Қазақтың өзін өзі басқара алатындығын дәлелдеймін деп Шоң шыққан. Бүкіл қазақ аренасына осы сертпен шыққан жалғыз би – осы», дейді Қалмұқан Исабаев өз зерттеуінде.
Шоң би Түркістанда жерленген. Баянауылдағы Шоң бидің қыстауына белгітас орнатылды.
Шоң бидің қыстауы халық шебері Қамар Қасымовтың да туған жері. Қ.Қасымов 1893-1966 жылдары өмір сүрген. Ол – қазақ арасынан шыққан кәсіби шебер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Алғашқы Құрманғазы оркестрі құрылғанда бүкіл ұлт аспаптарын өз қолымен жасап шыққан және Моңғолияның ұлт аспаптарын қалпына келтірген Қамар Қасымов жасынан қолөнер бұйымдарын жасаумен шұғылданған. Қамар Қасымовтың өз қолымен әшекейлеп, өрнектеп жасаған музыка аспаптары Қазақстанның Орталық және Ықылас атындағы Халық музыка аспаптар мұражайларының қорында сақтаулы тұр. Оның зираты Алматы қаласындағы Кеңсай қорымында. Қамар Қасымовтың тас белгісі Торайғыр ауылдық округіне қарасты Шоңның қарағашында.
Едіге бидің билік тасы. Едіге би Төлебайұлы XVIII ғасырдағы Қаз дауысты Қазбек би, Бұқар жырау, Абылай хан заманының биік тұлғасы. Едіге би жөнінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерінде кеңінен қамтылған. Мәшһүр Жүсіп жазбаларында «Бұл біздің қазақта үш Едіге болған. Бай Едіге, батыр Едіге, би Едіге», дей келе, бай Едіге кіші жүзден, батыр Едіге Тоқтамыс заманында өмір сүргенін, зираты Ұлытауда жатқанын және би Едіге Шоң, Торайғырдың әкесі екеніне тоқталады. Заманында үштің біріне іліккен Едіге би Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада Сыр мен Шу бойындағы елді Арқаға әкелген рубасылардың бірі болған. Ол заманда Баянауылдың шұрайлы жерін қалмақтар қоныс қылып, көшіп келген елді Далбадағы Қарағайлы бұлаққа тоқтатыпты. Арып-ашып келген ел 5-10 жыл есін жиғанша осы арада болады. Соңынан Олжабай батыр елдің басын біріктіріп, Баянауылды қалмақтардан босатты. Ел үлкендерінің әңгімесіне құлақ ассақ, сол заманда Едіге би түйеге мініп, билік тастың үстіне ақ киізді төсетіп, елді жиып, жастарды жанып, жауға қарсы үгіт-насихат жүргізген. Сол заманнан бізге жеткен тас ескерткіш Жаңатілек ауылдық округіне қарасты Қарағайлы бұлақта тұр. Бұл жер қазір Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы.
Құрманбай абыз тасы. Құрманбай абыз Байқонақұлы – ХІХ ғасырда өмір сүрген даланың дарынды тұлғасы. Үлкен ислам дінінің білгірі. Елді ауызбірлікке шақырып, ауырып-сырқағандарын емдеп, қатарға қосқан қасиетті адам.
Құрманбай абыз жөнінде мағлұматтарды жинақтап жүрген өлкетанушы Мұхамет-Қайыр Шәріповтің айтуынша, Құрманбай абыз Байқонақұлы 1829-1901 жылдары өмір сүрген екен. Баянауыл ауданының Далба (қазіргі Жаңатілек ауылдық округінде) туып-өскен. Қызылжар қаласындағы медресені ойдағыдай аяқтап, оқуын әрі қарай Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде жалғастырған. Бұл жерден араб, парсы тілдерін меңгеріп, Жаңқозы – Қараман абыз екеуі Шам (Дамаск) қаласында оқып, терең білім алған.
Күні бүгінге дейін ауырған, науқас адамдар абыз атаның басына қонып, сауығып кететіні өмір шындығы, тылсым керемет. Құрманбай абыз Қ.Сәтбаевтың дүниеге келерін болжаған және азан шақырып «Ғабдулғани» деп атын қойған қасиет иесі. Құрманбай абыздың бір кереметі Мәшһүр Жүсіп есімімен байланысты айтылады. Бірде елді аралап ұзақ жолға шыққан Мәшһүр Жүсіп Құрманбай абыздың зиратының қасынан өтіп бара жатып, абыздың аруағын сынамақшы болыпты. Сол себепті Мәшһүр Жүсіп өзінің көшіріне: «Құрманбай абыздың зиратының қасында өтіп бара жатқанда тоқтамай-ақ қой, керісінше атты қамшылап, тездетіп жүр», деп бұйырады да, өзі дұға қайырмай отыра береді. Сөйтіп, зират сыртынан жылдамдатып өте бергенінде трашпенкенің доңғалағы үзіліп түскен екен. Мәшһүр Жүсіп: «Ә, Құрманбай! Бір доңғалақтық шамаң бар екен әлі, жарайсың!», деп күліпті де, көшіріне: «Әй, енді тоқтаймыз, абыздың аруағына дұға қайырамыз», деп арбадан түсіп жаяулап кері жүріп дұға қайырыпты. Сосын арбасына бет алғанда арбаның дөңгелегі мен басқа саймандары шөп арасынан табыла кеткен екен.
Құрманбай абыз Жаңатілек ауылынан 16 шақырым қашықтықта жерленген. Тас белгі сол жерге қойылған.
Тотия ана зираты. Тотия ана туралы әңгімелер бүгінгі күнге дейін ел аузында сақталған. Далба тауларының ең биік шоқысы осы ананың есімімен аталады.
Тотия ана ХVII-ХVIII ғасырда өмір сүрген. «Ол Қара батырдың жолдасы. Бұлар Бабыр мен Құнияздың әке-шешелері. Қалың елге билік айтқан, үлгі болған, елдегі дау-дамайларды шешкен киелі адам», дейді өлкетанушы Мұхамет-Қайыр Шәріпов.
Тотия ана зираты Далба тауларының ең биігінде орналасқан. Далбаның ең биігі – Тотия. Тотия анамыз кешегі жаугершілік заманда өзінің бірауыз сөзімен елін апаттан аман алып қалыпты. Арғын-Айдабол Бабыр анасы дүниеден өткенде анасының бір күндік сүтін ақтаймын деп ақ жуғызып, арулатып мәйітті арқалап алып осы таудың басына көтеріп апарып, жерлеген екен. Содан бері сол тау Тотия деп аталады. Анаға құрмет тағзым ету орны бұл. Теңіз деңгейінен 1060 метр биіктікте Жаңатілек ауылынан оңтүстікке қарай 17 шақырым жерде. Тас ескерткіш осы жерге орнатылған.
Олжабай батырдың тас қорғаны.Олжабай батыр ХVIII ғасырда Баянауыл жерін жоңғар басқыншыларынан азат еткенде жау әскерін тосып алу үшін жауынгерлеріне тас қорған жасатқан. Осы жерде жан алысып, жан берісіп су орнына қан ұрттап, бүгінгі елдің сақталып қалуына себепкер болған талай боздақтар жер құшты. 1973 жылы Баянауылдағы туған жері Жасыбайға келген академик Ә.Х.Марғұлан зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қару-жарақтардың қирандылары – садақ жебесінің ұштары, найзаның ұшы, дулығалардың қалдықтарын тапты.
Олжабай батыр Толыбайұлы 1709 жылы Түркістан маңында дүниеге келген. Сарыарқаны жоңғар-қалмақ басқыншыларынан азат еткен ұлы қолбасшылардың бірі. Қыстауы Баянаула Жасыбай көлінің маңында болған. 1783 жылы Ерейментау жерінде жайлауға көшіп бара жатқанда дүние салып, мүрдесін ауа райының қолайсыздығына орай Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жеткізе алмағандықтан сол жерге жерленген. Бүгінгі күні батырдың зираты Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Олжабай батыр ауылдық округінде орналасқан.
Олжабай батырдың Қарауыл төбесі. Олжабай батырдың тас қорғанының сыртында адам қолымен жасалған биік төбешік тұр. Қорғандағы жауынгерлерге қиян-кескі ұрыста бағыт сілтеуші жауынгер тұратын қарауыл төбе. Бұл жерде де талай жауынгер оққа ұшты.
Олжабай батырдың тас қорасы. Баянауыл жерін жаудан босатқан Олжабай батыр Жасыбай көлінің күншығысында аласа тау-тастың ығында тастан қоныс салдырған. Осы жерде батырдың қару-жарақ қоймасы болған. Бүгінде бұл жер Олжабай батырдың тас қорасы деп аталады.
Жалаңтөс асуы. Баянауылдан Жасыбай демалыс аймағына баратын тас жолдың бойында үлкен асу бар. Ол асуды бүгінгі тарихты біле-білмейтін кейбір жұрт «Серпантин» деп атайды. Негізгі тарихи атауы – Олжабайұлы Жалаңтөс батырдың асуы. Сол алмағайып заманда Жасыбай батыр қаза тапқан соғыста Жалаңтөс те осы жерде қаза тапқан. Ал Жасыбай батыр зираты Баянауылдың күншығысында, батырдың есімімен аталатын көлмен екі аралықта. Ол жерді Жасыбай асуы дейді. Бүгінгі Жалаңтөс асуындағы Жасыбай батырға қойылған мүсін тас жолдың Жасыбай демалыс аймағына апаратынын меңзейді.
Әлкей Марғұланның ата қонысы. Жасыбай елді мекені, «Дулат бидің қара бұлағы». Қазақ археология этнографиясының атасы, сегіз ғылымды қатар алып жүрген академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан 1904 жылы осы жерде дүниеге келген. Ә.Марғұлан әйгілі он сан орта жүзге ұран болған Олжабай батырдың ұрпағы. Әйгілі ғалым 1973 жылы Баянауылға келгенінде өзінің кіндік қаны тамған Дулат бидің қара бұлағындағы қыстауына қада қадап кеткен. Сол қарағайдан қиып қадаған белгі күні бүгінге дейін тұр.
Жаяу Мұсаның туған жері – Жасыбай елді мекені, «Орман батырдың Қарақуысы». Әйгілі халық композиторы, әнші XIX ғасырдың екінші жартысында Санкт-Петербург, Балтық жағалауы, Польша елдерінде болып, нота және скрипка аспабын үйреніп, елге келген соң қазақ әндерін алғашқы рет скрипкада орындаған. «Дала Поганиниі» атанған дауылпаз жыршы Жаяу Мұса Байжанұлы 1835 жылы осы Орман батырдың Қарақуысында дүниеге келген. 1929 жылы қазіргі Жаңатілек ауылдық округіне қарасты Ақшоқы қыстағында дүниеден өткен. Орман батыр – Олжабай батырдың туысы.
Аты аңызға айналған Баянауылға тікелей қатысы бар Олжас Сүлейменов, Шәкен Айманов, Шапық Шөкин, Ермахан Бекмаханов және басқа да Алашқа аты танымал тұлғалардың туған жерлері де белгіленіп қойылған.
Міне, әзірге анықталған және тас белгі орнатылғаны – осы орындар. Игілікті іс мұнымен тоқтап қалмақ емес. Бұл бағыттағы жұмыстар ұрпақтың тарихи дүниетанымын арттырумен қатар, өңірге туристерді тартуға сеп болады деп күтілуде. Ендеше, іске сәт!
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы