Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл ретте елімізде соңғы жылдары өмірді сақтандыруға деген қызығушылық артып келеді. Сақтандырудың мұндай полисін сатып алу қорғау мен инвестициялаудың ұзақ мерзімге арналған қарапайым һәм сенімді құралы болады. Тек, мұндай құралдарды таңдар сәтте мұқият болған абзал. Бүгінде Қазақстанда өмірді сақтандырумен айналысатын 9 компания бар. Демек нарықтың болашағы да зор. Мәселен, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қолданыстағы өмірді сақтандыру шарттарының саны 2,5 млн-нан асады. Осы жылдың бірінші тоқсанында 750 мыңнан астам шарт жасалған. Осының өзі көп жайды аңғартып тұр.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, өмірді сақтандыру компаниялары сақтандырудың екі түрін ұсынады: міндетті және ерікті сақтандыру. Міндетті сақтандыру екі бағытты қамтиды. Бұлар – қызметкерді жұмыс кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру және туристерді сақтандыру. Ерікті сақтандыру төрт бағыттан тұрады – өмірді сақтандыру, аннуитеттік сақтандыру, ауырған жағдайда сақтандыру және жазатайым оқиғалардан сақтандыру. Оның ішінде өмірді сақтандыру мен зейнетақы аннуитеті сұранысқа ие.
Аты айтып тұрғандай, өмірді сақтандыру полисі адамды күтпеген жағдайда болуы мүмкін қаржылық шығындардан сақтауға көмектеседі. Күтпеген жағдай деп отырғанымыз өлім, еңбекке жарамсыз болып қалу. Сондай-ақ бұл құрал өмірдегі маңызды жоспарларды жүзеге асыруға қаражат жинауға мүмкіндік береді. Ел азаматтары өмірді жинақтаушы сақтандыру құралын бір мезгілде сақтандыру қорғауы және сақтандыру төлемінің кепілдігін ала отырып қаражат жинақтау үшін пайдалана алады. Яғни аталған өнім сақтандыру мен жинақтауды біріктіріп отыр.
Қазір халықты ұзақ мерзімді өмірді жинақтаушы сақтандыру шарттарын жасауға ынталандыру бағытында түрлі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айталық жеке тұлғаның салық салуға жататын табыстарынан өзінің, жақын туыстарының, жұбайының пайдасына немесе жұмыс беруші қызметкердің пайдасына сақтандыру сыйлықақылары төленетін сақтандыру төлемдері алынып тасталды.
Сонымен қатар бүгінде Мәжілісте өмірді сақтандыру компанияларының мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысу мүмкіндігі пысықталуда. Онда Қазақстанның кез келген азаматы баланың біліміне өмірді жинақтаушы сақтандыру шартын мемлекеттің қолдауымен жасай алады. Бұл ретте жыл сайын 5-7 пайыз мөлшерінде сыйақы түсіп тұрады. Осылайша, аталған өнім шеңберінде сақтандыру полисі баланың білім алуына арналған қаражатты мемлекеттің қолдауымен жинақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ата-анасы қайтыс болған немесе еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайда балаға сақтандыру шартында жазылған оқудың толық сомасын төлеуге кепілдік беріледі.
– Мәселен, бір бала дүниеге келді делік. Әкесі баласы кәмелет жасына толғанға дейін оның біліміне деп ақша жинағысы келеді. Осы орайда ол өмірді сақтандыру компаниясына жыл сайын жарна төлеуіне болады. Сонда бала 18 жасқа толғанда оның шотында білім алуына қажетті сома жинақталып тұрады. Бұл ретте бала 18 жасқа толғанға дейін біз мысал етіп отырған әкенің өмірі сақтандырылған болып есептеледі. Тиісінше, өлім, еңбекке жарамсыздық секілді күтпеген жағдайлар орын алса, компания жинақталған соманы шартта көрсетілген күні төлеп береді, – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті директорының орынбасары Әсел Әмірбаева.
Өмірді сақтандырудың талап етілген тағы бір жинақтаушы құралы – зейнетақы аннуитеті. Бұл өнім егде жаста инвестициялық табысты және төлемдер сомасының индексациясын ескере отырып, тұрақты төлемдер алуға мүмкіндік береді. Зейнетақы аннуитетінің шарты бойынша төлемдерді сақтанушының өзі де, шартта көрсетілген мұрагерлер де ала алады. Яғни сақтанушы қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлері шарт бойынша төлемдердің кепілдік берілген кезеңінде кестеге сәйкес сақтандыру төлемдерін алады.
Естеріңізде болса, 2021 жылы кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілді. Ол бойынша ел азаматтары 45 жастан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасай алады және 55 жастан бастап өмір бойы зейнетақы төлемдерін алып тұру мүмкіндігіне ие.
Осы орайда қосымша заңнамалық бастамалар шеңберінде зейнетақы аннуитеті шартына бір ғана адамның емес, ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың қатысуын көздейтін бірлескен аннуитет құралын іске асыру ұсынылып отыр. Әсел Әмірбаеваның айтуынша, мұның классикалық зейнетақы аннуитетінен басты айырмашылығы – жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруіне мүмкіндік берілуі.
– Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірінде аннуитетті сатып алу үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз делік. Ал екіншіcінің жинақтары қажетті қаражат көлемінен асып тұр. Мұндай жағдайда бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы ерлі-зайыптылар әрқайсысы үшін өмір бойы жеке зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігін қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар зейнетақы аннуитеттері төлемдеріне «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының» қаражаты есебінен кепілдік беріледі. Ол өмірді сақтандыру компаниясы таратылған және банкрот болған жағдайда сақтандыру портфелін басқа өмірді сақтандыру компаниясына берген сәтке дейін төлемдерді үздіксіз қамтамасыз етеді, – дейді Ә.Әмірбаева.
Тұтынушылар үшін өмірді тәуекелдік сақтандыру шарты кең таралған және әлдеқайда түсінікті. Бұл арқылы көбінесе сақтандырылушының өмірден кету, жазатайым оқиға салдарынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу тәуекелдері өтеледі. Шарттың талаптарына сәйкес, тұтынушы сақтандыру шартында келісілген мерзім ішінде жарнаны бір рет төлеуге немесе тұрақты төлеп тұруға құқылы. Сақтандыру жағдайы туындаған уақытта сақтандыру шартында көрсетілген адамдар сақтандыру төлемін алады.
– Өмірді классикалық жинақтаушы сақтандыру өнімдерімен қатар, Қазақстан нарығында бір уақытта өмірді және инвестицияларды сақтандыратын өнімдер пайда болды. Мәселен, unit-linked – осындай өнім. Мұндай шарттың иесі өз активтерін өмірді сақтандыру компаниясының инвестициялық басқаруына береді және оларды инвестициялаудан кіріс алу, сонымен бірге сақтандырылу мүмкіндігіне ие болады. Полис мерзімі аяқталғаннан кейін барлық жинақтар полис иесіне немесе оның мұрагерлеріне төленеді, – деп нақтылады департамент директорының орынбасары.
Unit-linked өнімі бойынша сақтанушы инвестициялау стратегиясын өзі таңдайды. Бертінге дейін аталған өнімнің инвестициялық мүмкіндіктері пай қорларына салынатын инвестициялармен шектелді. 2020 жылы ұжымдық, сондай-ақ жеке инвестициялық стратегиялар аясында инвестициялау мүмкіндігі берілді. ТМД елдерінде unit-linked жаңа буынның инвестициялық өнімі болып саналады. Ал Еуропа, Азия мен АҚШ-та аталған құрал 60 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Мысалы, АҚШ-та өмірді сақтандыру шартының 60 пайызы дәл осы unit-linked технологиясы бойынша жасалады. Еуропада бұл сегменттің үлесі 30-70 пайыз аралығын құрайды. Қазір елімізде unit-linked өнімі бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 600-ден асты.