Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Оңай олжаға кенелуді мақсат еткен барымташылар қыста да қысылмай, бораннан адасып кеткен малды құрығына түсіруге кет әрі емес. Көп жағдайда күзде мал семірген уақытта қулығын асыруға тырысатыны белгілі. Сандарды сараптап, тәртіп сақшылар қол қусырып отыр деуге келмес. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов алдыңғы жылдардағы қылмыстар базаға түсіп, сәйкесінше көрсеткіштер құбылып тұратынын айтты.
– Бұрын мал ұрлығы жалғыз учаскелік полиция қызметкерінің жұмысы сияқты қаралатын. Бүгінде Ішкі істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, ветеринарлық қызмет және жергілікті әкімдік мамандарымен бірлесіп, кешенді жұмыстар атқарылуда. Нәтижесі жаман емес. Қараусыз қалған мал ұрланатынын ескерсек, төрт түлікті бақпай, бос жіберген мал иелеріне 3-10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Мәселен, осы жылдың 3 айында 435 хаттама толтырылды. Қала берді, Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» деген арнайы бап енгізіліп, дүние-мүлкін тәркілеумен 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Әрине, жазаның күшейтілуі қылмыстың азаюына сеп болатыны түсінікті. Мал ұрлығымен айналысатындар жалғыз жүрмейді. Қылмыстық топ құрып, айласын асыруға тырысады. Әр ауылда сыбайластары бар болуы мүмкін. Оларды құрықтау мақсатында жедел алдын алу іс-шаралары жиі ұйымдастырылады. Тұрғындармен де түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде, – дейді Болат Нұрсейітов.
Қылмыстық топ демекші, былтыр қыркүйек айында Екібастұз қаласында 7 адамнан құрылған әккі топ құрықталған. Олар базарда ресми түрде ет сатумен айналысқандықтан әу баста күдік тудырмаған. Кейін жымысқы әрекеттері әшкере болып, қолға түсіп отыр. Белгілі болғандай, қылмыстық топ әр апта сайын жергілікті ірі шаруа қожалықтардан 1-2 қараны ұрлауды әдетке айналдырған. Олардың 8 қылмысқа қатысы бар екені анықталып, бүгінде іс сотта қаралып жатыр. Ал Ақтоғай ауданында ұсталған қылмыстық топ мал етін көршілес орналасқан Ақмола облысына жөнелтіп отырған.
– Жалпы, кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда мал ұрлығы 66,6 пайызға азайып отыр. Тәртіп сақшылары әрдайым базарларды, мал соятын орындарды, бұрын мал ұрлығына қатысы болған азаматтарды бақылауда ұстауда. Тұрғындарды да сақтық шараларын естен шығармауға шақырамыз. Ең әуелі жергілікті әкімдікпен бірге бақташы мәселесі шешімін тапса игі. Мал ұстаған ағайынның бәрі бірдей GPS-трекер орнатуға шамасы жетпес. Десе де, заманауи құрылғылардың ұрлықтың алдын алуға көмегі көп екені дәлелденуде. Малды сырғалау жұмыстары да жүйелі атқарылуға тиіс, – дейді Болат Нұрсейітов.
Өңірдегі төрт түліктің үштен бір бөлігі Баянауыл ауданына тиесілі. Сәйкесінше, мұнда мал ауруы да, ұрлығы да өзгелермен салыстырғанда көбірек. Былтыр күзде Күркелі ауылдық округінің тұрғындары мал ұрлығы өршіп тұрғанын айтып, дабыл қаққан еді. Елді мекен аумағында сиырдың басы табылған. Кейбір ауыл тұрғындары «менің сиырымның басына ұқсайды» деп байбалам салған соң, полиция қызметкерлері арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, өлген мал ауыл тұрғындарына тиесілі емес екені анықталыпты. Сөйтсек, Қарағанды облысының Баянауыл ауданына жақын орналасқан ауыл тұрғындары малдың етін Екібастұз қаласына тапсырады екен. Онда сиырдың басын сатып алмайтындықтан, орта жолда тастап кететін көрінеді. Бір ғана сиырдың басы бүкіл ауданның проблемасын айқындап бергендей. Мұнда сиырдың бағылмайтыны соншалық, тұрғындар өз малдарын танудан қалған. Ауыл тұрғындары өлген сиырдың басын ескерту деп қабылдағаны абзал. Бағылмайтын малдың қолды болмасына кім кепіл?
Павлодар облысы