Ертеден белгілі, Оңтүстік өңірінің перзенті кино түсірсе, терең кадр түкпірінде көрінер-көрінбес жаңғақ ағашы өсіп тұрады, ал көркем прозаға қалам тартса, кітабынан білінер-білінбес үнді шайының таңғажайып исі келеді.
Бұл алап Құдайдың назары түскен, көңілі ауған жер, бақ қонған берекелі мекен, бақытты жұрт өмір сүретін аймақ – қашанда мамыражай жаз құшағында, қашанда ыстық жалыны бет қарыған қалың пештің маңы, шақырайған Күн астында.
Шым елінің босағасы бір босамайды. Төрі бос жатпайды. Тойы қызық-думанға ұласқан ер көңілді, ер мінезді жомарт халық, әні биге жалғасқан мерекелі жұрт, құмырсқа илеуіндей құрылысы көп, үйіліп-төгіліп жатқан жұмысы көп, меймандос, туысшыл қазақ.
Қазақтың бейнетқоры. Дастарқан мен от арасынан табақ үзілмейді. Қаламы төселген қас талант әңгімелерін оқысаң, көз алдыңа осындай суреттер, ойыңа осындай ойлар келеді.
Сәкен Сыбанбай шығармаларында қыс жоқ. Пейіштің сегіз қақпасының бірі Шымкенттен басталатындай. Бұл өңір иман нұрына толы. Әулие-әнбиелер көптігінен шығар.
Автор оқырман назарына ұсынған әр туындысында – жарқыраған күн, жайма-шуақ жаз мезгілі. Күлкі көп. Бақытты жұрт қалың.
Қаз-қалпында қағазға түсірілген ауыл уақиғаларында шек жоқ. Бітпейді. Естелік ретінде, ертегі күйінде. Өмірдей қысқа, тіршіліктей ұзын.
Шай үстінде шежірелер түгенделеді. Тарихтар қайталанады. Жалған сөз әшкереленіп, шындық танылады.
Фабуладан финал, сценарийден күрмеу көрінеді. Әдеби тілді еркін меңгерген автор эпизодтарды орналастырғанда да, сюжет құрғанда да күңгірт ойларға жоламайды. Шығармасына әр беру мақсатында сөйлемдерін қолдан күрделендірмейді.
Композициялық құрылымы қандай жеңіл болса, сюжеттік желісі де сондай қарапайым. Кейіпкерлері, тіпті туыс, жақындығы бар.
Финал шешімін шытырман желіге байлап, қиындатуға құштар емес. Сөйлемдеріне терең мән-мағына, күрделі ой-пайым жүктемейді. Қажеті қанша... Образдары кесек, есте қалатындай, ұмытылмайтындай көзге ыстық көркем бейнелер.
Автор бір туындысы ішінде бірнеше уақиғаның басын құрап, шебер қиюластыра біледі.
Ауылдың образы андағайлап көрінеді: «Бір шәугім шай».
Қайран, жаз исі! Кітап сағынышымызды оятады. Бұрқ-сарқ қайнап жатқан самауыр шоғынан, бұрқыраған шайдан, самал лебінен, атқылаған қасқа бұлақтан жаз исі аңқып, көкірегіңе толады, көңіліңді шабыттандырады. Жаз исі.
Шығарма атаулары да шынайы: «Керемет күн», «Өмір өтіп барады», «Үміт үйі». Автор жазғанына сендіреді, күші осында.
Тілі жатық, шұрайлы. Мүлт кетпейді. Ондыққа тигізіп отырады. Болашақта автордан ірі шығармалар да күтеміз.
Дидар АМАНТАЙ