Аймақтар • 20 Сәуір, 2022

Қала сусыз қала ма?

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Павлодар қаласы сусыз қалады» дегенді естіген жергілікті тұрғындар абдырап қалғаны рас. Шалғайдағы елді мекендердің өзі сапалы ауыз судың қызығына кенеліп жатқанынан хабардар шаһарлықтар түсініксіз ойдың жетегінде жүргені жасырын емес. Мәселенің мәнісіне үңіліп көрелік.

Қала сусыз қала ма?

Жағымсыз ақпаратты Павло­дар қаласын таза ауыз сумен және техникалық сумен қамтамасыз етіп отырған монополист ұйым – «Павлодар-Водоканал» ЖШС басшылығы жариялап, қара бұлт­ты төндірді. Тіпті жергілікті би­лік қысым жасап, «рейдерлік жол­мен бизнесімізді тартып алға­лы жатыр» деп жар салды.

Әңгімені әріден бастайық. 2018 жылы «Павлодар-Водо­канал» кәсіпорнының құрыл­тайшысы Ертіс өзенінің саға­сында жиналған құм тұрғын­дар тұтынатын суға түспес үшін құмнан кірпіш жасау бойынша инвестициялық жобаны қолға алған болатын. Жоба мемлекеттің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енді. Осылайша, шикізатты оңтүстік бөліктегі су жинау аумағынан алу жөнінде келісімшарт жасалды. Павлодар қаласы әкімдігінің қаулысымен шаруашылыққа қажетті жер телімі де бөлінген.

Павлодарлықтарға кәсіпкер Георгий Шпейзердің есімі жақсы таныс. Құрылыс материалдарын өндіріп қана қоймай, облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді тұрғызумен аты мәшһүр. Оны тілге тиек етіп отырғанымыз бекер емес. Георгий және оның жұбайы Иренаға «Павлодар-Водоканал» ЖШС, Kaz Ziegel, «WEST-Квазар» сияқты ірі компаниялар тиесілі. Кірпіш, бетон өнімдерін шығаратын «WEST-Квазар» серіктестігі құмды қайдан ала­тынын жоғарыда жаздық. Кәсіпкердің айтуынша, 2018-2020 жылдар аралығында Ертіс сағасы құмнан жүйелі тазаланып келген. Суды құмнан тазартатын гидро­техникалық нысандарды салу үшін 542 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Десе де, 2020 жылы облыс­тық табиғатты қорғау прокура­турасы жер телімі заңсыз беріл­генін анықтап, келесі жылы маман­дандырылған ауданаралық сот жер телімін жалға беру туралы келісімшартты заңсыз деп таныды. Кәсіпкердің безектеп отырғаны содан. Ол былтыр өзен сағасы құмнан тазалан­бағандықтан су беру жүйесі дағда­рысқа ұшырайтынын алға тартуда. Құмды тазарту жұмыс- т­арына шектеу қойылса, павлодар­лықтар ауыз судан қағылады деп байбалам салуда. «Мұның бар­лығы сылтау сияқты. Бұл – біздің биз­несімізді рейдерлік жолмен басып алудың амалы», дейді кәсіпорын басшы­лығы.

Жергілікті биліктің өз уәжі бар. Олар соттың шешіміне қарсы келе алмайтынын айтады. Заң бәріне ортақ. Ал павло­дарлық­тарды сумен қамтуға алаңдауға негіз жоқ, деп сендірді Павлодар қаласы әкімдігі.

 

ПАВЛОДАР