09 Сәуір, 2014

Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасы көпшілік талқылауына ұсынылды

480 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
09-04-Zhogargi sotҚазір не көп, дау көп. Ал сол даулардың бірін қалдырмай «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» ара жігін дәл тауып, әділ шешіп бере алатындай мықты заң керек. Міне, бүгінде сондай қисынды заңдардың қарасы да көрініп қалды. Соның бірі – Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хабарлады. Онда азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу және азаматтық сот ісін жүргізудегі судьяның рөлі қайта бағамдалған. Атап айтқанда, азаматтық істерді қарау тараптардың жарыспалы сөз сөйлеуі негізінде жүргізіліп, судьяның сот талқылауына негіз болған мәселені бақылаудағы құзыреті аздаған деңгейде ғана сақталатын болады. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында және еліміздің 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында сот төрелігін қамтамасыз ету, азаматтық сот ісіне қатысушылардың құқықтарын барынша сақтау, азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын дер уақытында қорғау және қалпына келтіру, қоғам мен мемлекет мүддесі мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Өткен жылғы қарашада болған Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде Елбасы сот жүйесін одан әрі дамыту мен азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруді тапсырғаны және белгілі. Міне, осы орайда Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы соттардың азаматтық істерді қарау кезіндегі тиімділігін, шапшаңдығы мен мінсіздігін арттыруға бағытталған, бұл өз кезегінде, сот төрелігін жүзеге асыру сапасына, сот билігінің түбегейлі тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға септігін тигізіп, Қазақстанның әлемдегі неғұрлым дамыған 30 елдің қатарына кіруіне ықпал ететін болады. Кодекстің жаңа редакциясында сот ісіне қатысушылар мен судьялардың процессуалдық құқықтары мен міндеттерінің объективті теңгерімі көзделген. Жоғарыда айтқанымыздай, дауларды реттеудің соттан тыс тетіктерін дамыту үшін жекелеген санаттар бойынша «Дауларды соттан тыс реттеу» деген жаңа тарау енгізіледі. Кәсіби өкілдік ету институтының мәселесі өзектілене түсті. Жобаға сәйкес тараптардың мүддесі үшін басқа адамдардың сотқа қатысу мүмкіндігі сақталады, бұл ретте критерий ретінде олардың жоғары заңгерлік білімінің міндетті түрде болуы белгіленеді. Жоғарғы Сотқа сот актілерін қайта қарауға өтініш беретін тараптардың мүддесін білдіру тиісті аккредиттеуден өткен адвокаттарға бекітіледі. Кассациялық сатыдағы соттың істерді апелляциялық сатыдағы соттың жаңадан қарауына жіберу негіздері азайтылды. Мұндай  ереже барлық сот сатыларында мемлекеттік баждың енгізілуімен үйлеседі. Татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану және азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерін іске асыру мақсатында жобада дауды бейбіт реттеуге ықпал ету көзделеді. «Татуластыру рәсімдері» деген бөлек тарауда медиация тәртібімен дауды шешуге бағытталған бітімгершілік келісімдер мен шарттар жасаудың рәсімдері мен салдарын егжей-тегжейлі реттеу қарастырылады. Бұған қоса, жобада азаматтық істерді қарау тәртібін жеңілдетуге, соның ішінде соттар қызметінде техникалық құралдарды кеңінен қолдану арқылы оңайлатуға бағытталған ережелер бар. Көзделіп отырған барлық шаралар халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарының мүддесін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, қабылданатын болады. Жаңа редакциядағы Азаматтық іс жүргізу кодексі жұртшылықтың кеңінен талқылауына шығарылды. Заң жобасы Жоғарғы Соттың интернет-ресурсына орналастырылды. Барлық ескертулер мен ұсыныстар заң жобасын одан әрі жетілдіру кезінде назарға алынатынын Жоғарғы Сот хабарлап отыр. Александр Тасболатов. Дереккөз: Egemen.kz. Фото: www. Newskaz.ru.