09 Сәуір, 2014

Жиын өткізудің де өз жүйесі бар

502 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

00-00-bas-prokuratura-1

Қоғамдық келісімді және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі дамуының аса маңызды шарты болып табылады. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Елімізде қоғамдық тұрақтылықтық сақталуы кемел болашақтың кепілі десек, артық емес. Олай болса, облысымызда қоғамдық тұрақтылық пен тәртіптің сақталуына мемлекеттік органдар мен қатар оның әрбір тұрғыны өз үлесін қосуы қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп жүргендей кейінгі жылдары елімізде жекелеген азаматтар мен топтардың заңсыз митингі, шерулер өткізіп, нәтижесінде тиісті жауапқа тартылып жүргені белгілі. Еліміздің ішкі тұтастығын бұзып, ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің сөздеріне құлақ асып, айтақтауына ілесетін жандарда аз емес. Осындай келеңсіз жағдайларға тап болмау үшін тұрғындар өздерінің бейбіт жиналыстар мен митингілер өткізу тәртібін және конституциялық құқықтары мен қатар заңмен белгіленген  міндеттерін біліп жүргені абзал. Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабына сәйкес,  Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» Заңы 2, 3 және 4-баптарының талаптарына сәйкес, жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрацияны тек жергілікті атқарушы органның рұқсаты негізінде өткізуге болады. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы өтініш оны өткізудің белгіленген датасынан кемінде он күн бұрын жазбаша нысанда жергілікті атқарушы органға беріледі. Өтініште шараны өткізу мақсаты, нысаны, өткізілетін жері немесе қозғалыс маршруттары, оның басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың ықтимал саны, уәкілдердің (ұйымдастырушылардың) және қоғамдық тәртіптің сақталуына жауапты адамдардың тегі, аты, әкесінің аты, олардың тұратын және жұмыс істейтін жері, өтініштің берілген датасы көрсетіледі. Жергілікті атқарушы органы өтінішті қарайды және өтініште көрсетілген шараның өткізілетін уақытынан кемінде бес күн бұрын уәкілдерге (ұйымдастырушыларға) қабылданған шешім туралы хабарлайды. Егер өтініш берілмеген болса немесе тыйым салу туралы шешім шығарылса, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін, қоғамдық тәртіп бұзылатын жағдайда жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар жергілікті атқарушы орган өкілінің талап етуі бойынша сөзсіз тоқтатылуға тиіс. Жергілікті атқарушы орган өкілінің талабын орындаудан бас тартылған жағдайда оның нұсқауы бойынша ішкі істер органдары жиналысты, митингіні, шеруді, пикет қоюды және демонстрацияны тоқтату жөнінде қажетті шаралар қолданады. Сонымен бірге, жиналыстарды, митингілердi, пикеттердi, шерулердi және демонстрацияларды ұйымдастыру немесе өткiзу тәртiбi туралы Қазақстан Республикасы заңдарын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 373-бабында және егерде бұл әрекеттер азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келген жағдайда Қылмыстық Кодекстің 334-бабында қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан, жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізген жағдайда аталған заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске саламын. Руслан Жақсылықов, Қызылорда облыстық  прокуратурасының бөлім прокуроры, 2 сыныпты заңгер.