Кеше кешікісін, 8 сәуірде жергілікті уақытпен 18 сағат 51 минөтте полицияның кезекші бөліміне Атыраудағы темір жол вокзалына жарылғыш зат қойылды деп шалынған телефон қоңырауы жалған болып шықты. Бұл туралы Атырау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова хабарлады.
Суыт хабар түсісімен жедел қызмет өкілдері аяғынан тік тұрды. Темір жол вокзалының ғимараты қоршауға алынып, одан 250 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Арнайы мамандар вокзал ғимараты мен оған таяу орналасқан өзге де ғимараттарды жіті тексеріп, қолдан жасалған жарылғыш заттың жоқ екендігіне көз жеткізді. Ал полиция қызметкерлері жалған ақпарат беріп, қоңырау шалған әйел адамды анықтады. Телефон қоңырауы Атырау қаласындағы 157/11 жалпы режимдегі түзету мекемесіндегі таксофоннан шалынған. Жалған ақпарат беруші осы колонияда жазасынын өтеуші болып шықты. Ол 1994 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Бұған дейін Қылмыстық Кодекстің 242-бабымен (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) 3 жылға бас бостандығынан айрылған.
Қазір жалған ақпарат таратушы өзінің айыбын мойындап отыр. Енді оған қатысты аталған бап бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілу үстінде.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Атырау облысы.
Дереккөз: Г. Мұхтарова.
Фото: Р. Қойлыбаев.