Қазақстан • 20 Сәуір, 2022

Шерхан Мұртаза: Мемлекет дәулеті талапайға кетсін деген заң жоқ!

5738 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бұл күндері жаңа Қазақстан құру жолын­да саяси жаңару мен жаңғыру мә­селесі қоғамдық ортада жан-жақты қолдау табуда. Мемлекет басшысының Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру бастамалары мен идеялар тұжырымдамасының негіздері жалпы халықтың көңілінен шықты.

Шерхан Мұртаза: Мемлекет дәулеті талапайға кетсін деген заң жоқ!

Қазақстан жұртын қатты қа­паландырған «Қасіретті қаң­тар» сабақтары қоғамдағы түр­лі әлеуметтік топтардың ортақ көзқарастарына, ұлт зиялы­лары­ның көшбастаушылық қызметі мен елтұтқа ерік-жігеріне де ауыр сын болғаны анық. Осындай қылкөпір жағдайда халықтың сөзін сөйлейтін ел серкелері мен жақ­сы-жайсаңдарын жан-жа­ғы­мыздан алаңдап іздегеніміз рас.

Көп жылдан бері әбден қор­даланып, былық-шылыққа бат­қан қоғам дерттеріне көзжұм­бай­лықпен қарап, озбыр топтар мен бетімен кеткен алпауыттарға неге тосқауыл қойылмаған, ха­лық сенім артқан таңдаулы қай­раткерлер мен рухы мықты адам­дар құрдымға кетіретін қисық дү­ниелерді неге билік басына ер­терек ескертпей келген, сонда  қауіп­ті бағытқа қарай белең алған әлеу­меттік-саяси жағдайларды ашық айтуға жарайтын бір ай­бын­ды кісі табылмағаны ма? деген сүйекқашау сөздер айтылмай қалған жоқ.

Бұл ренішті жағдай өте орын­ды еді.

Қоғамды тазарту арқылы әді­летті қоғам құруда күрескерлік мі­незі мен қайсарлық қасиеттері күшті, аузы дуалы  адамдарға шы­нын­да да ауадай қажеттілік бар.

Ал мұндай текті жандар мен тегеурінді кісілер біздің қоғамда болған және олардың өмірлік өнегесі өшкен емес.

Ал енді Қазақстанның тәуел­сіздігі мен егемендігінің елең-ала­ңынан бастап қоғам мен мем­ле­кетте орын алған өрескелдіктер мен кем-кетіктерді ел мен ұлт­тық мүдде тұрғысынан ащы шын­дықты табан тіреп айтқан әрі ақи­қатқа тік тұрып, отты ой қозғаған тәуелсіз тұлғалардың бірегейі – қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстаған халық жазушысы Шерхан Мұртаза ұстанымы деп анық айта аламыз.

Қазақ жұрты Шерағаның қор­ға­сын құйғандай ауыр, қаhарлы сөзін құмарта қабылдап, әр көз­қарасын қуаттап отырды. Өйт­кені оның әрбір іс-әрекеті, жаз­ған шығармалары мен публи­цис­ти­ка­лық жазбалары халықпен тығыз байланыста болды.

Шын мағынасында ұлтжанды, мемлекетшіл Шерағаның өзгеден бір артық ерекшелігі етіңнен өтіп, сүйегіңе жеткізіп айтады және соны қалай айтуды біледі. Соған керекті сөздерді де, мысалдарды да табады.

«Елім саған айтам, Елбасы сен де тыңда!» және «Бір кем дү­ниесі» тәуелсіз еліміздің та­рихы ғана емес, ел мен мемлекет тағдырына қатты алаңдаушылық білдіріп, ұлттың жоғын дамылсыз жоқтаған, биліктегілердің қателері мен берекесіз тірліктерін бетіне ба­сып ашық айтып, қарапайым халықтың наразылығын қалам құ­діретімен де, күн туғанда шам­шыл­дықпен де шамырқанып жет­кізген күрескерлік өмірі десек те болады.

Жасыратын несі бар, қазір де Қазақстан Парламенті десе, өр дауысты халық қалаулысы Шер­хан Мұртазаның аты сағынышпен аталады.

Ұлт зиялысының сөзі қан­дай болуы керек десе, заман сө­зін кім айта алар десе, ұлт намы­сын жыртып, найзағадай жар­қылдайтын Шерағаңдарды қимас­тық­пен еске түсіреді.

Билік сол өткен шақта қоғам­да­ғы өткір шындықты басын бәйгеге тігіп айтқан Шерағадай дара қайраткерлердің әрбір адал сөзіне құлақ асып, жөнсіз, ашкөздік тірліктерін жанталаса түзеп, тыңдағанда кім біледі, ха­лықтың қаңтарда ушыққан ыза-кек, ашуына тап келмеген болар еді.

Бұл енді жеке ойымыз.

Шындықтың жебесі тәрізді Шер­ағаның ел тағдырына бай­ла­ныс­ты сол кездегі билікке қа­ра­тып айтқан алмастың жүзін­дей сыни сөздері мен өткір жаз­ба­ларына құлақ түріп, зейін қойып тыңдасаңыз, замана мен дәуірдің өкпе қабындыратын өзекті мәсе­ле­лері мен айнымас ақиқатын қалай дәлме-дәл, шымбайға ба­тырып тура айтқанына қайран қалатыныңыз хақ.

Бұл еліне ес пен сес көзқарас­тар  еш талассыз қоғам назарында тұруға тиісті аманатты іс. Шын­дық­қа, өзіне артылған аманатты жүкті жеріне жеткізе білген ол кі­сінің тек шындыққа қана жүгінген ой-талаптары еш ескірген емес, керісінше, енді мемлекетті саяси жаңғырту арқылы Жаңа Қазақстан құруды жүзеге асырудың түбе­гей­лі мән-мақсатын жаңаша ай­қындай түсуге де жәрдемдеседі.

Егемен елі мен күллі  қазақтың мүддесін қорғау жолында Шераға қандай жоғары мемлекеттік лауа­зымды қызметте болсын, бас га­зеттің бас редакторы, мем­ле­кеттік телерадионың төр­аға­сы, Парламенттің үш шақы­ры­лы­мы­ның депутаты бола жүріп, еш­бір жағдайда ешкімге бас имей, күштілердің ығына жығылмай, әл­сіздерге болысып, қоғамдағы  қия­натқа қарсы, ал мемлекеттің дәулеті ту-талапайға түспей, өр­кениетті дамуына қажетті  турашыл сөзін қанжардай қадап, әрдайым  ашық айтып, халықтық құрметке ие болғаны қоғамдық-саяси өмірімізде қайраткерлердің қадір-қасиетіне өлшем екені де рас. Жұрт жақтаған азулы  ре­дактордың өзі де сойқан жазады, Парламентте табандап тұрып әділ­дікті талап етеді, өзгеге де жаз­дырады, рухани бағытта жол аша­ды. Жазғандары қозғаушы  күш көпшілік пікірге де әдетте селсоқ, жаттанды қарайтын сол тұс­тағы қоғамға, ой-санаға жарылыс жасады десек те болады.

«Шераға не айтар екен?» деген көзқарас қалыптасты.

Елінің күткені-ержүрек адам­ның мінезі мен халықтық абы­ройына тән өрелі сөздері мен елдік озық, батыл ойлары еді.

Міне, шындықтың шыңы...

«Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниедегі ең қиы­ны осы шығар. Дүние – дү­ние болғалы бұл түйін әлі ше­шіл­ген жоқ. Адам шындықты айт­пайын демейді. Айтайын десе қор­қады. Бірақ Құдайды қайтеді? Құдай бәрін көріп тұр ғой. Адам Құдайды да алдауды үйренді.

Шындық ащы. Тіпті ажарсыз», дейді Шераға.

Қазақстан тәуелсіздік алған тұста елімен бірге қайраткердің де ерекше қуанғаны сөзсіз. Алай­да Шераға егемен ел ре­тін­де ір­гетасын енді қалай бас­таған жас мем­ле­кеттің қалып­тасуындағы  кейбір қадамдарға көңілі толмағаны да рас. Кү­мән-күдігін ашық ай­татыны да сол қаламгердің «Тәубе, тәу­бе! Азаттық алдық. Зор­лық­тан, құлдықтан азат бол­дық. Тәуел­сізбіз. Егеменбіз.

Сөйтсек, зорлық-зомбылық, жемқорлық, ұрлық-қарлық, пара­қорлық та заңсыз азаттық алған сияқты. Сияқты емес, дәл солай.

Ал енді бұл қай парадокс?!».  «Ашынғаннан шығады ащы дау­сым», деген сияқты, Шерағаның бекерге шырылдамағанына уақыт өте куә болып отырған жайымыз бар.

«Қазақстан байлығы Құдай­дың осы жұрттағы елдің ырыз­ды­ғы болсын деп бергені. Соны жарлы-жақыбайдың, кембағал мүгедектің, көпбалалының, зей­неткердің аузынан жырып алып жеп жатқандарға зауал бір ке­леді ақыры. Зауал жібермейді. Өздеріне де, ұрпағына да жақсы­лық болмайды ондайларға», деп жұрттың несібесін жегендердің  өмірінің ақыры жақсы аяқталмай­тынын айтады.

Естір құлақ болса,  Шераға айтудайын айтты ғой.  Ол тұс­та қайраткердің айтқанына билік­те­гілер ден қойған жоқ-ты.  «Мем­лекет қазанының қақпағы жоқ. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді. Байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жүр. Олар азшылық. Қалың көп­шіліктің аузынан ризығын, не­сібесін жырып алғандар. Олар заманның үрдісіне орай «шү­лен­ші» қолдың мырзалығына қарай, оңай олжаға күмп беріп, кенеттен байығандар. Ондайды «нувориш» дейді. Белі бүгіліп, маңдайынан тер тамшылап тапқан табыс емес, адалдан емес, арамнан табылған мал.

«Бұл қалай?» десең, «рыночная экономика» дейді. Бола қойсын. Бірақ мемлекет дәулеті талапайға кетсін деген заң жоқ...».

Қазақтың руханият әлемінде Шерхан Мұртаза ағамыздың қол­таңбасы мен өшпес ізі жүректерде сақ­таулы, өйткені ұлтымыздың бағына туған адам ұмытылмайды. Осы арада көрнекті қаламгердің тағы бір жазбасына назар аудар­ғанымыз жөн деп санаймыз.

Бұл – «Көзқарас» деген тақы­рып­пен 2000 жылы Қазақстан Республикасының Премьер-Ми­нистрі Қасымжомарт Тоқаев мырзаға жазған хаты.

«Ең алдымен маған өз кітабы­ңыз­ды сыйлағаныңыз үшін шын көңілден рахмет айтамын», деп сөз бастаған Шераға автордың «Внешняя политика Казахстана в условиях глобализации», деп аталатын кітабынан алған әсері мен туындаған ойларын молынан айтады.

«Мен өзімнің бір пенделігімді, бәлкім, кемшілігімді жасырмай­мын: бас қатыратын ғылыми стильді, шетелдік терминдерге толы саяси кітаптарды оқуға зау­­қым соға бермейді, деген жазу­шы: – Бірақ Сіздің көлем­ді кі­табыңызды бас көтермей оқыдым. Өйткені оның шыншыл­дығы, дипломатиялық құйтырқысыз, ашық, адал жазылғандығы», – деп атап айтқан. Одан әрі ел мен ұлт, мемлекет пен қоғамдағы ең өткір проблемаларды алға тарта отырып, тәуелсіздікке қауіп төн­діретін өрескел мәсе­лелерге қатысты ой-пікір бөлі­седі. Айтқанда да саясат пен экономикалық жағынан қатты алаңдаушылық туғызған жағдай­ларды қопарып айтады.

Сол кезде Мәжіліс депутаты болған ағамыз: «Бұл кітаптан түй­генім: Сіз мемлекеттік қайраткер ретінде экономиканы да, саясатты да жете меңгерген адамсыз. Қа­зақстан сияқты бай елдің алтын сандық үстінде отырып, кедей болғанына қынжыласыз. Таза шикізат сатып күн көргенімізге күйінесіз. Мысалы, астықты, етті, майды, сүтті, көптеген өндірістік тауарларды шеттен сатып алар­дай не күн туды басымызға?! Ке­рісінше, солардың бәрін келістіре өзіміз өндіріп, шетке сатпаймыз? Мұнай бізді қашанғы асырайды, егер асырап жатқаны рас болса...», деген өзін мазалаған сұрақтармен де өрбітеді.

Адалдықты асқақтатып, әркез ақиқатқа жүгінген Шераға өз хатын  «Сіздің өз басыңыздың пе­ріштедей таза екеніне күмәнім жоқ. Айналаңызға абай болыңыз. ...Алдағы уақытта да осы бағы­тыңыздан таймаңыз», деген аға­лық ақ тілегімен аяқтайды. Мұнда көп мән жатқанын, мұны осыдан жиырма екі жылға жуық бұрын жазғанын айтар болсақ, зор сенімді ақтаудың шын мәнісінде тарихи сипаты мен мағынасы кешегі мен бүгінгі көкжиектерден ортақ ойды толқытады.

Халық қалаулысының ерекше арнайы хатына ізгі ниетпен жеке, қысқаша хат түрінде жауап берген Қасымжомарт Кемелұлының «Бар­ша Қазақстан халқының ортақ арманы – Отанымыздың қуатты, тұрмысы оңды, мем­ле­кетіміздің абыройы биік болуы ғой. Мақалаңызда ел тағ­ды­ры,­ оның болашағы жайлы қоз­ға­ған тың пікірлеріңіз бен ұсы­ныс­тарыңыз мені де ойға қал­дырғанын жасырмаймын. Олар­ды негізінен оң бағалаймын, мүм­кіндігінше Үкімет істерінде ескеретінімді де білдіргім келеді», деп жазғанына қазір де терең мән бергеніміз абзал.

Бұл күндері Мемлекет бас­шы­сы Қ.Тоқаевтың «Мені ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың бе­ретін бағасынан гөрі, мемлекеті­мізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды», деген азаматтық ұстанымының негізгі қағидалары Шерағаның хатында да көрініс  тапқанын аңғаруға болады.

Өз халқының шын мәнінде қолдауына ие, беделді де сыйлы Шераға – Шерхан Мұртазаның ар­тында қалдырған мол әдеби шығармалары мен қайталана бермес қайраткерлік, есе жібер­мес күрескерлік жазбалары, өт­кір бірауыз сөзі де біздің қоғам үшін, өзі өмір бойы қас­тер­лей білген халқы үшін руха­ни құндылықтары бо­лып қала­тыны хақ. Биыл туға­нына 90 жыл толғалы отырған көр­нек­ті мемлекет және қоғам қай­раткерінің сүйікті Отаны ал­дын­дағы қарызы мен парызын адал атқарған  өнегесінің өзі өмір­шең. Қазақ мәдениетінің дамуына ерекше үлес қосқан дара тұл­ғаның мұрасымен бірге есімін ұр­пақтар санасында жаңғырту да киелі парыз.

Елдің шерін тарқатқан, өмірде таңдаған жолынан таймаған Шерағаның шыңы мен шындығы сондықтан да біз үшін тым биік әрі қымбат.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Парламент Мәжілісінің депутаты