Білім • 21 Сәуір, 2022

Грант саны тағы артты

644 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жоғары оқу орындарында білім алуға берілетін мемлекеттік грант саны тағы да артты. Былтыр 51 мыңнан 56 мыңға көбейген еді. Биыл бұл көрсеткіш 73 мыңға жетпек.

Грант саны тағы артты

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Президент қолдауының нәтижесінде мектеп түлектерінің бюджет есебінен оқуға мүмкіндігі артып келеді. Колледждерде білім алу үшін биыл білім беру гранттарының саны да рекордтық көрсеткішке, яғни 31 мың грантқа дейін ұлғайып отыр. Гранттардың басым бөлігі техникалық мамандықтар бойынша беріледі. Сондай-ақ біз емтихандарды алып тастадық және азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін арнайы квоталарды енгіздік. Гранттар барлық колледжге берілмейді. Студент грантты жеңіп алып, белгілі бір колледжді таңдайды. Осылайша, қаржыландыру студент таңдаған колледжге жіберіледі. Мұнда «ақша студенттің соңынан ереді» қағидасы жұмыс істейді. Бұл кадрларды даярлау бойынша колледждердің бәсекеге қабілетін арттырады. Ең бастысы – еңбек нарығының сұранысына сай болу», деді.

Тиісті ведомствоның хабарлауынша, гранттарды бөлу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға арналған квоталар саны ұлғайтылады. Яғни көпбалалы немесе толық емес отбасылардың балалары, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыдан шыққан үміткерлердің грант алу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. Бұған қоса биыл мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде инженерлік, өңдеу, құрылыс салаларына, сондай-ақ педагогикалық және жаратылыстану ғылымдарына ерекше көңіл бөлінеді.

2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық кадрларды даярлау және техникалық бағыттар бойынша мемлекеттік тапсырыс үлесі 60%-ға дейін артты. Студенттер арасында сұранысқа ие және қажетті мамандықтарға жаңа гранттар бөлінеді. Осы арқылы университеттер мен колледждер студенттерінің көп бөлігі мемлекет есебінен тегін оқуға мүмкіндік алады.