Әлем • 21 Сәуір, 2022

Қытайда апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағында қауіпті жүк болмаған

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚХР азаматтық авиациясының бас басқармасы Қытайдың оңтүстігінде China Eastern Airlines әуекомпаниясының Boeing 737 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырау себептері туралы алдын ала есеп берді, деп хабарлайды Egemen.kz РИА Новости-ге сілтеме жасап.

Қытайда апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағында қауіпті жүк болмаған

«Ұшақ бортында қауіпті деп жіктелген жүк болған жоқ. Ұшуларды бақылау инфрақұрылымының жұмысында және техникалық ақаулар анықталмады. Қауіпті ауа райы туралы ақпарат та жарияланбады», делінген құжатта.

23 наурызда құтқарушылар бірінші «қара жәшікті» тапты, ол дыбыс жазу құрылғысы (CVR) болып шықты. 27 наурызда екінші ұшу деректерін жазу құрылғысы (DFR) табылды. Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға сәйкес, оқиға болған күннен бастап 30 күн ішінде тергеуді ұйымдастыратын мемлекет ИКАО-ға алдын ала тергеу есебін жіберуге міндетті.

«Ұшақ Куньмин қаласындағы Чаншуй әуежайынан жергілікті уақыт бойынша 13:16-да көтеріліп, сағат 13:27-де 8900 м биіктікке жетіп, 14:17-де Гуанчжоу әуе қозғалысын басқару аймағына кірді. Сағат 14:20-да Гуанчжоу аймақтық әуе қозғалысын басқару радарында «командалық биіктіктен ауытқу» ескертуі пайда болды. Сағат 14:21-де радар соңғы рет келесі ақпаратты тіркеді: биіктігі - 3380 м, жер үстіндегі жылдамдығы - 1010 км/сағ. Содан кейін ұшақтың радиолокациялық сигналы жоғалып кетті», делінген хабарламада.

Бұған дейін ҚХР Азаматтық авиация басқармасы хабарлағандай, Boeing 737 әуе кемесі 2015 жылдың маусым айында пайдалануға берілген. Апатқа дейін ұшақ 8 986 ұшуды орындап, жалпы ұшу ұзақтығы 18 239 сағатқа жеткен.

Еске сала кетейік, 21 наурызда Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында (ГЧАР) Куньмин қаласынан Гуанчжоуға бағыт алған China Eastern Airlines әуе компаниясының Boeing 737 жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын.

Оқиға Учжоу қалалық округіне жақын таулы аймақта болды. Қытай Халық Республикасының Азаматтық авиация басқармасының мәліметі бойынша, ұшақ бортында 132 адам – 123 жолаушы (олардың арасында шетел азаматтары болған жоқ) және 9 экипаж мүшесі болған.