10 Сәуір, 2014

Сот актілерін орындау деңгейі төмен

351 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбековтің төра­ға­лығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Отырысқа қатысушылар сот актілерін орындау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды, сонымен қатар, мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің рейтинг жүйесін жетілдіру мә­селелерін талқылады. Ә.Жақсыбеков атап өткендей, ста­тистикалық мәліметтер сот ак­ті­лерін орындау деңгейі төмен­дігін көрсетіп отыр. 2013 жылы өндіріп алынуы тиіс болған 2,2 триллион теңгенің іс жүзінде тек 108 миллиард теңгесі немесе 5 пайызы ғана алынған. Бұған қоса, сот актілерін орын­­дау саласы сыбайлас жем­қор­лыққа мейлінше бейім са­ла­­лар­дың бі­рі болып қала беруде. – Қалыптасқан ахуал орын­дау­шылық өндіріс жүйесін түбе­гей­лі реформалау, пісіп-жетілген мәсе­лелерді шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттігін көрсетіп отыр, – деп атап өтті Мемлекеттік хатшы. Отырыс барысында Әділет министрі Б.Имашевтің, Эко­но­микалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес агенттігінің төрағасы Р.Тү­сіп­бековтің, Бас прокурор А.Дауыл­баев­тың, Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің төрағасы Ә.Бай­меновтің есептері тыңдалды. Отырыс қорытындысы бойын­ша Комиссия мемлекеттік орган­дарға Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындауға байланыс­ты бірқатар тапсырмалар мен ұсынымдар берді.