– Президент Жолдауы көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды жайларды қамтыды. Ал сіз оны қалай қабылдадыңыз, қандай ой түйдіңіз?
– Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты мазмұнды Жолдауын жариялады. Парламенттің бірлескен отырысында жұртшылыққа жол тартқан кезекті үнқатуды бүкіл халық айрықша назармен, алаңдаушылықпен, үмітпен күткені рас. Шындығына келгенде ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесін бүкіл халық пандемияға қарамастан көтеріңкі көңілмен, сән-салтанатпен кеңінен атап өткен еді. Оған толықтай негіз де бар болатын. Өйткені осы бір қысқа мерзімде қазақ ұлты ауқымды жетістікке қол жеткізді, егеменді ел болып өз тағдырын өзі айқындайтын дәрежеге ие болды, шекарасын шегендеді, халықаралық қауымдастықта беделі артты, жаңа астана салынып, тәуелсіздік тұғыры нығая түсті, елде саяси тұрақтылық пен бейбіт өмір орын алды. Осы бір мызғымастай болып көрінген құндылықтар бір сәтте аяқасты болды. Әрине елдің сырт көзге жарқыраған имиджінен, бейнесінен бөлек, ішкі өмірінде, тұрмысында, барлық дерлік салада кемшіліктер мен қиыншылықтар жеткілікті болатын. Бірақ халық бүгін болмаса да аталған жайлар ертең шешімін табар, бар шындықтың, ашықтықтың, әділдіктің жолына түсер деген үмітте еді. Себебі Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста елдегі жағдай тіптен күрделі болды. Көптеген кәсіпорын жұмысын тоқтатып жатты, жұмыссыздық жайлап әркім өз жағдайымен әлек болған қиын кезеңдерді бастан өткергеніміз шындық. Осындай шарасыз кезеңде ел тұрғындарының біршама бөлігі өздерінің тарихи отандарына жаппай көшіп жатты, көптеген білікті, білімді замандастарымыз мамандықтарын тастап, отбасының күнкөрісі үшін базар жағалап кетті. Өйткені мемлекеттің мерзімінде еңбек, зейнетақыларын төлеп тұруға мұршасы болмады. Бірақ осыған қарамастан қазақ ұлты өз тәуелсіз мемлекетін құру, оны баянды ету, тұғырына қондыру, нығайту зор жауапкершілік екенін терең сезіне білді, барлық қиындыққа төзді, аянбай еңбек етті. Сол заманды көзімен көрген, ауыртпашылығын мойнымен көтерген біздер үшін Алматыдағы мемлекетке, тәуелсіздікке жасалған қастандық ақылға сыймайтын, санамыз қабылдай алмайтын оқиға. Қазір өз мемлекетінің тәуелсіздігі, жерінің, ұлтының азаттығы үшін қасық қаны қалғанша қырқысып жатқан елді көргенде, өткен оқиғаны еске алғанда одан сайын тығырыққа тірелесің, өз еліңнің болашағына алаңдайсың, сан сұраққа жауап іздейсің. Меніңше осындай алаңдаушылық, іштей күйзеліс әр саналы азаматтың басында бар. Сол себептен Президенттің 16 наурыздағы Жолдауы көңілдегі сауалдарға нақты жауап әкелді, болашаққа үміт сыйлады. Анығын айтсақ, Жолдау бүгінде барша халықтың қолдауына ие болды. Өйткені бұрын-соңды болмаған, мемлекетке, тәуелсіздікке төнген қауіп-қатерден Мемлекет басшысы асқан салқынқандылықпен, табандылықпен елді құтқара білді, сөзсіз апаттан аман сақтап қалды.
– Президент Жолдауда көптеген саяси реформаны қолға алатынын жария етті. Осы туралы не айтар едіңіз?
– Президент Жолдауындағы қарастырылған реформалар елдегі көптен қордаланып қалған, мемлекеттің дамуына кері әсер ететін, көпшіліктің ренішін туғызатын мәселелерді түпкілікті әрі жүйелі, тиімді жолмен шешуді қарастырады. Жолдауда көрсетілген билік тармақтарының тепе-теңдігі, мемлекеттік аппараттың кәсіби біліктілігі, жариялылығы, ашықтығы, құқық қорғау жүйесіндегі әділдік, саяси партиялардың дербестігі, шынайы бәсекелестігі еліміздің болашақта демократиялық жолмен дамуының кепілі. Әсіресе саяси партиялардың тәуелсіздігі, бәсекелестік жолмен халықтың сеніміне ие болып билікке келуі – ол әсіресе талантты жастардың саяси сахнаға келуіне жол ашады, олардың ел тағдырына жауапкершілігін күшейтеді, мемлекеттік органдарда, қоғамда, жемқорлықтан арылуға ықпал етеді. Осы ретте Қазақстан халқының саяси белсенділігі, сауаттылығы аса маңызды. Елдің тәуелсіздігіне, қауіпсіздігіне, бейбіт өміріне тек билік жауапты емес, ондай жауапкершілікті әрбір азамат жақсы сезінуге тиіс. Қазақстанның қандай геосаяси ортада тұрғаны баршамызға белгілі, оны әрдайым есте сақтағанымыз абзал. Он бес мың шақырымнан астам шекараны бекем ұстаудың бірден-бір тиімді жолы оның көрші елдермен достық, сыйластық, ынтымақтастық белдеуіне айналуы. Дегенмен де бүгінгі күні әлемдегі саяси жағдай аса күрделеніп барады. Халықаралық құқық бұзылып, алпауыт елдерге тыйым болмай қалды. Олар басқа елдердің ішкі мәселелеріне араласып өз мүддесі үшін соғыс ашуға даяр екендігін көрсетіп отыр. Осы ретте Жолдауда көрсетілгендей, Парламенттің рөлін көтерумен қатар Президент билігінің де күшін, тиімділігін төмендетпеу керек деп есептеймін. Ұлан-ғайыр жеріміз, халық сирек орналасқан шекарамыз, шағын, бейбіт өмірге бейімделген әскери күшіміз ел қауіпсіздігін ұдайы назарда ұстауды, әр өңірде ішкі бірлікті, қорғанысты дамытуды талап етеді. Жалпы, Президент ұстанымына сәйкес қоғам ашықтық, жариялылық, демократиялық жолға бет алғаннан кейін, осы жолды тәжірибе ретінде сатылап емес, толықтай түбегейлі енгізудің уақыты келді ме деймін.
– Бұл реформалардың ішінде әкімдер сайлауын ерекше атаған жөн шығар?
– Атқарушы билікті ауылдан бастап, қала, облыс деңгейінде тікелей, ашық, бәсекелестік жолмен халық сайлағаны тиімді болар деген ойдамын. 2005 жылы тәжірибе ретінде ішінара сайлау енгізілгенімен, ол жалпы саяси реформаға ұласпағандықтан жалғасын таппай, аяқсыз қалды. Дегенмен осы ретте облыс, республика, қала деңгейінде президенттік билік, бақылау әлсіремеуі тиіс. Керісінше арнайы өкіл-орган онда болғаны, орналасқаны тиімді болар ма еді?! Осындай жүйе көптеген дамыған мемлекетте қалыптасқан. Айталық Ыстанбұлда тұрғындар тікелей сайлайтын мэр мен қатар Президент тағайындайтын губернатор бар, Нью-Йоркта да солай, Парижде – префект және тағы басқа. Олардың негізгі міндеті – мемлекеттің қауіпсіздігін, ішкі тұрақтылығын сақтау, қылмыспен күрес, адам құқығын қорғау, жергілікті органдардың шешімінде заңдылықты сақтау. Жасыратыны жоқ, қаңтар оқиғасы көрсеткендей өңірлердегі құқық қорғау органдарында ортақ координация әлсіз, олардың іс-қимылын, жұмысын астанадан бақылау, әділ бағасын беру қиын. Осындай жағдай министрліктердің өңірлік органдарына да тән. Аталған органдарға шағыну үшін халық бас қалаға шұбыруға мәжбүр. Ал жемқорлық мәселесі тіпті бөлек әңгіме. Осындай жағдайда әлемдік тәжірибелерді тереңірек зерттеп, еліміздің тұтастығын, қауіпсіздігін сақтау мақсатында пайдалану орынды деп есептеймін. Жалпы, бүгінгі қоғамдағы жариялылық, ашықтық, әділдікке бетбұрыс жағдайында көптеген тиімді бастама жүзеге асатыны сөзсіз.
– Түркі Мемлекеттері Ұйымы (ТМҰ) ақсақалдар кеңесінің мүшесісіз. Түбі бір туысқан халықтар арасындағы саяси-мәдени ықпалдастықтың бүгінгі өрісі қандай және болашақта қай бағытта өрбімек?
– Жұртшылыққа белгілі, 2021 жылы қараша айында Ыстанбұлда өткен Түркі мемлекеттері басшыларының саммитінен кейін осы ұйымға мүше елдердің арасында ықпалдастық қарым-қатынас жаңа серпін алды. Дегенмен де Халықаралық Түркі академиясының соңғы зерттеулері бойынша бауырлас халықтар бір-бірінің мәдениеттерін, әдебиетін, дәстүрін, бүгінгі саяси-экономикалық жағдайын білу деңгейі 15-20%-дан аспайтын көрінеді. Алдымызда осы бағыттағы жұмыстарды барынша жандандыру міндеті тұр. Осы жылдың ақпан айында Ыстанбұлда ТМҰ ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда түркітілдес халықтардың түбі, тегі, тарихы бір екенін насихаттау арқылы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты, бауырластықты дамыту туралы сөз қозғалды. Халықаралық Түркі академиясымен бірлесе отырып, ортақ тарихымызды терең зерттеуді қолға алу, кеңес дәуірінде бұрмаланған тарихи деректерді қайта қарап, шынайы бағасын беру, бірлескен оқулықтар жазу ұсынылды. Әсіресе Түркістан қаласын – түркі әлемінің рухани астанасы ретінде насихаттау, болашақта көптеген игілікті шараны осы қалада бірлесіп өткізу жоспарға енгізілді. Осы ретте айта кетер бір жайт ТМҰ ақсақалдар кеңесінің мүшелерін Түркия Президенті Режеп Ердоған арнайы қабылдап, түркі әлемінің болашағы туралы өз ойымен бөлісті. Түркітілдес халықтардың бірлігін арттыруға аса маңыз беретінін жеткізді. Тиісінше біз де өз жұмысымызды осы бағыттарда жалғастыратын боламыз.
– Сізді ел ағасы, ұлт жанашыры ретінде бүгінгі қоғамдағы нендей мәселелер толғандырады?
– Толғандыратын, ойландыратын жайлар қоғамда жеткілікті. Бұл сауалдардың көпшілігінің жауабы Президент Жолдауынан табылғанына қуанамын. Десе де мені мазалайтын ең үлкен мәселе – ұрпақ тәрбиесі. Себебі еліміздің тікелей мемлекеттігінің, тәуелсіздігінің, жарқын болашағының тағдыры осыған байланысты.
Кешегі Алматыда болған асқан қатыгездік, өз туып-өскен мекеніне, мемлекетіне деген құрметтен кендешілік бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесіндегі орны толмас олқылықтарды, кемшіліктерді көрсетеді. Оған бүгінгі қоғам да, әрбір отбасы да кінәлі. Қазіргі жас ұрпақ агрессивті моральдық шектеусіз сандық-ақпараттық ортада өсіп келеді, соған күні бойы тәуелді, міндетті, қажетті оқулықтардан басқа кітап оқи бермейді. Әрине мемлекет бүгінде балаларға, жастарға білім берудің ең озық тәжірибесін енгізуде, бірақ мемлекеттің, ұлттың болашағы тек білімді ұрпақта ғана емес, ол негізінен тәрбиелі ұрпақта. Осы жерде әке-шешенің, ата-әженің рөлі ерекше, олар өз ұрпағының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеуі парыз. Мысалы, мен қазір шетелдің ең беделді жоғары оқу орнында білім алып келген, әлемдегі барлық жетістікті жетік білетін жастарды мемлекеттік органдардың басшысы немесе орынбасары ретінде жиі көремін. Бірақ олардың кейбірі жөргегінде ұлттық тәрбиемен сусындамағандықтан өз ана тілінде еркін сөйлей алмайды. Қарапайым сөзбен ойын жеткізе алмай, Парламент мінберінде немесе журналистердің сауалына жауап бере алмай қиналады, қысылады. Енді оған қанша оқығанмен, күшін салғанмен осы комплекстен арылу қиынға соғады. Сол себептен де озық білім мен ұлттық тәрбие бір-бірімен тонның ішкі бауындай қабысып, қатар жүруі керек. Әрине қазіргі заманның жылдамдығы, салмағы, ауыртпалығы ата-анаға күніне жарты сағат та баламен асықпай сөйлесуге, ішкі әлеміне үңілуге мүмкіндік бермейді деп жатады. Бірақ ұрпақ тәрбиесінен, баланың болашағынан артық құндылық жоқ екенін әрбір ата-ана жадына түйсе игі еді. Мені алаңдатқан ең өзекті жай осы. Ал негізінен қоғамдағы жаңа бетбұрыстар көңілге үміт сыйлайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»