Аймақтар • 22 Сәуір, 2022

Жауғаштыға жаутаңдаған жұрт

502 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Нулы да сулы өңір қайсы десе, Күршім дер едік. Түстігінен Ертіс жылыс­тай ақса, Марқакөлден Қалжыр құлайды. Алтайдың ақ бас шыңдарынан бері күркіреп Күршім ағады. «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайды» демекші, өзен-көлдің ортасында отырған Күршімнің бес-алты ауылы неше жылдан бері егістікке су шығара алмай әлек. Былтыр көктемде Күршім өзеніндегі «Мойнақ» бөгеті жырылып, салдарынан шаруалар шығынға ұшыраған. Бұл мәселе биыл да шешілмейтін секілді.

Жауғаштыға жаутаңдаған жұрт

Бөген бұзылды, халық сусыз. Ал «Қаз­сушар» мекемесі көмейден су шық­пай жатқанымен, шаруалардан төлем алып отыр. Су шайып кеткен бөгетті жөндеуге де құлық таны­т­паған. Зейнеттегі гидротехник Әділхан Тұрсынхановтың айтуынша, бөген шлюздің уақтылы тазалан­ба­ға­нынан бұзылған. Демек құзырлы орган­дардың салғырттығынан қан­ша­ма халық жапа шегіп отыр. Рас, өзен жағасында отырып, бау-бақшасы, егіс­тігі құрғап жатса, жапа шегу емей не­мене?!

Қазірдің өзінде тоғанның кеңір­де­гін­де күл-қоқыс кептеліп тұр. Өзен өз арнасымен ағып жатыр. «Қазсушар» мекемесі Жауғашты каналын 2016 жылы қарамағына алса, «Мойнақ» бө­гетінде ие жоқ. Жауапты мекеме болмаған соң бір-біріне сілтейді.

Жергілікті тұрғындардың сөзіне қара­ғанда, Кеңес өкіметі кезінде су ка­налдың бетімен-бет болып шүпілдеп, ел-жұрттың егістігі, бау-бақшасы жай­­қалып тұрған екен. Әу баста ка­нал­ды ауыл жұрты қолмен қашап жүр­­гізген. Кейін колхоз-совхоздар тех­никаның көмегімен үлкен канал сал­ған. Сол уақыттан бері жөндеу көр­мей келе жатқан бұл тоғанның тозығы жетті де. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, бөгенді бір жаңартудың уақыты келіп-ақ тұр. Оны осы тоғанда 30-40 жыл гидротехник болып қызмет еткен Әділхан Тұрсынханов ақсақал да айтып отыр. Су шығарудың әдіс-тә­сілін әбден меңгерген ақсақал то­ған­ның сызбасын қағазға түсіріп те қойған.

– Биылша тасқын су өтіп кеткен соң ауыл тұрғындары қоқыстан та­зар­татын шығар. Ал келешекте өзен­нің арнасын бұрып, сол арнадан су шығаратындай бөген жасау керек. Ол іске гидротехник инженерлер кіріссе, жөн болар еді. Ынта болса, қазірдің өзінде жұмысты бастай беруге болады. Тасқын су өз алдына ағады. Сөй­тіп, керек суды бөгеннен реттеп алу­ға болады. Сонда ғана бұл мәселе бір­жола шешіледі, – дейді зейнеттегі гидротехник.

Бес бірдей ауылдың суармалы алқабын сумен қамтитын Жауғашты кана­лының ұзындығы – 23-24 шақы­рым. Канал алқаптардан бөлек Сары­өлең округіндегі сегіз жасанды көлді тол­ты­ратын. Ертеректе ол көлдерде ба­лық өсірілген. Бүгінде жердің соры шығып, көлдердің суы тартылған. Тоғаннан су шықпаған соң жерасты суы да түсіп, аулалардағы құдықтар суалып қалуда.

– Жауғашты арнасы Бірлік, Барақ, Сарыөлең секілді бес ауылды сумен қамтиды. Алғабастың шабындығы мен егістігі де осы арнадан суарылатын. Былайша айтқанда, ауданда да­йындалатын мал азығының 80 пайызы осы тоғанға тәуелді. Кейінгі жылдары астық егілмейді, шабындықтар кеуіп жатыр. Яғни 12-13 мың гектар жерді игере алмай отырмыз. Қыл аяғы бау-бақша егуден қалдық. Жол бо­йын­да­ғ­ы ағаштардың бәрі қурап кетті, – дейді шаруашылық жетекшісі Ержан Қойлыбаев.

Аңқасы кепкен алқаптарға алаңда­ған ауылдықтардың мәселесі бүгін-ертең шешімін таба ма? Күрмеуі қиын бұл сұрақты «Қазсушар» кәсіпорны облыстық филиалының директоры Нұржан Әміржановқа қойғанбыз.

– Жауғашты каналын Күршім ауда­ны әкімдігі қабылдаған соң бізге, яғни республиканың меншігіне тапсы­рады. Тапсырылған соң барып жобалық-сметалық құжатты дайындап, қайта жаң­ғырту үшін бюджеттен ақша сұ­раймыз, – деген филиал директоры аталған тоғанға қатысты ресми ақ­па­рат­ты ұстатты қолымызға.

Шолып шықтық. Ресми деректерде жазылғандай, 2021 жылдың мамырында тасқын судың салдарынан Жауғашты каналында пайда болған кептелек кезінде Күршім өзеніндегі ағысты ба­ғыт­тайтын бөгеттің 30 метр­ге жуық га­биондық торы жыртылып кеткен. Соның кесірінен каналдағы су деңгейі 10 текше метрден 0,5 текше метр­ге де­йін төмендейді. Сөйтіп, ка­налға тәуел­ді шаруалардың жері құрғайды.

Айтқандай, апаттық жағдай бо­йын­ша 2021 жылғы 9 тамызда Су ресурс­тары комитеті төрағасының орын­басары Д.Бекмағамбетовтің төр­а­­ғалығымен көшпелі кеңес өткі­зіл­ген. Онда ағымдық жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізу туралы шешім қабылданыпты. Ол үшін «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалы мамандары 6 281,735 мың теңге сомасына жобалық-сметалық құжат жасапты.

Сондай-ақ «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалы мамандары берген мәліметтерден түсінгеніміз, Күршім өзенінің тасып жатуына байланысты дамбаның қиыршық үйінділері шайылып жатыр. Габиондық тордың шайылып кету қаупі де жоқ емес. Алайда елді мекендерді су басу қаупін тудырмайды. Қазіргі уақытта Күршім өндірістік учаскесі қызметкерлері тәулік бойы кезек­шілік ұйымдастырып отыр. Алда-жалда су арнасынан асқан жағ­дайда арнайы техникалар бар. Ол үшін 475 литр дизель, 610 литр бензин қарастырылған. Апаттың алдын алу үшін 300 дана қап әзірленді. Су тасқыны басылған соң шайылған үйінділер қайта қалпына келтіріледі.

Айта кетерлігі, жуықта Мәжіліс де­путат­тары Е.Саиров пен Е.Жаң­быр­шиннің төрағалығымен өткен көш­пе­лі кеңесте су тасқыны кезеңінен кейін бөгеттің шайындысын қалпына келтіріп, 2022 жылдың қазанында Күршім ауданының коммуналдық меншігіне Жауғашты каналын беру туралы шешім қабылданды.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы