Атырауда екінші рет өткен халықаралық инвестициялық форум аясында 19 миллиард теңгенің меморандумына қол қойылды
Атырауға тағы да экономиканың әр саласына инвестиция құюға құлықты инвесторлар шоғыры көптеп жиналды. Екінші рет өткізілген «Atyrau Inbest-2014» халықаралық форумы аясында әлемнің 15 елінен 100-ден астам компания өкілдері алдында облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов мұнайлы Атырау экономикасының ерекшелігі туралы баяндап берді. Оның айтуынша, әлемнің әр түкпіріндегі 50-ден астам елмен іскерлік, ынтымақтастық байланыс орнатып отыр. Қазір Атырауда шетелдік капиталдың қатысуымен 900-ден аса компания жұмыс жасайды. Бұған Атырау облысының табиғи байлыққа молдығы да, экономикалық өркендеуі де оң әсерін тигізіп отыр. Бұл өңірге алғаш инвестиция құйғандардың бастауында «Шеврон» корпорациясын айтуға болады. Әлемдік мұнай бизнесінде шоқтығы биік корпорация Атырау экономикасына мол инвестиция салып, «Теңіз» кен орнын игеруді сәтті жалғастыруда. Осынау көшбасшы корпорацияның келуімен Атырауға дүйім дүниенің әр елінен әлемдік нарықтағы алпауыт компаниялардың қызығушылығы артып келеді. Жыл сайын қазыналы қиырға қаржы құйғысы келетіндер қатары молая түсуде. Әлемнің 50-ден аса елімен сауда байланысын орнатып үлгерген өңір әсіресе, АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Франция, Қытай, Канада секілді елдерді ерекше қызықтырып отыр. Соның ішінде Ұлыбритания, Италия, Германия елдері Атырауда сауда-инвестициялық өкілдіктерін ашып қойды. Ал Кеден одағы аясындағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы байланыс сенімді әріптестіктен іскерлік белсенділікке бет түзеді. Әсіресе, Беларусь елі тарапынан қызығушылықтың артқаны байқалады. Осы орайда Гомель облысы атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Болеслав Пирштуктың сөзімен айтқанда, Кеден Одағы құрамындағы елдер, соның ішінде, Атырау мен Гомель облыстары арасында шешілмеген мәселе қалмаған. – Гомель өндірісі қарқынды дамыған облыс болғанмен, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында да кешенді бағдарламалар іске асырылып жатыр. Бұл салаға қажетті тырмадан тракторға дейін шығарылады. Мал шаруашылығында ілгерілеушілік бар, – деп кеңінен әңгімеледі Б.Пирштук. Қазыналы өңірде екінші рет өткізілген инвестициялық форум аясында жалпы сомасы 19 миллиард теңгені құраған оннан астам меморандумға қол қойылды. Соның ішінде бір ғасырдан астам мерзімнен бері «қара алтын» өндірумен өндірісі өрге басқан Атырауда өзге салаларға, әсіресе, құс шаруашылығын дамытуға бет бұрғызатын жобалар да бар. «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Абат Тасымовтың мәлім етуінше, өңірде қуаттылығы шамамен 2 мың тоннаға жететін құс фабрикасы салынбақ. Мұндағы бір ерекшелік, өңірде алғаш рет қаз етін өндіру қолға алынады. Сонымен бірге, Атырау облысында 2600 тонна тауық етін өндіретін тағы бір құс фабрикасының құрылысы басталмақ. Осыған байланысты құс фабрикасын қаржыландыру мақсатында ортақ келісім жасалды. Құс фабрикасын 2015 жылы іске қосу жоспарланып отыр. – Қазақстан мен Белоруссия арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Қазір сол іскерлік байланыстарды одан әрі өрістетудің оңтайлы сәті түсіп тұр. Біздің Гомель облысының кәсіпорындары Қазақстанға ауылшаруашылық техникаларын экспорттай алады. Біз Қазақстаннан, соның ішінде Атырау облысынан өзімізге қажетті өнімдерді сатып алуға ынталымыз. Осы форум кезінде тағы да қосымша маңызды келісімшарттар жасастық. Енді екі ел арасындағы сауда айналымы бұрынғыдан молая түседі, –деді Гомель облысы атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Болеслав Пирштук. Жалпы, Гомель облысының Атыраумен байланысы тек бір саламен шектеледі деуге болмайды. Тараптар білім беру, медицина саласында бірлескен жобаларды іске асыруына мол мүмкіндік бар, деп есептейді Беларусь Республикасы тауар-өндірістік палатасы Гомель бөлімшесінің бас директоры Марина Филонова. Тіпті, гомельдік делегация басшысы Б.Пирштук жүн өңдеу өндірісін дамыту бағытында тәжірибе бөлісуге дайын екенін жеткізді. Түйіндей айтқанда, Атырауда өткізілген екінші инвестициялық форум, әсіресе, Қазақстан мен Беларусь елдері арасындағы интеграциялық байланыстарды одан әрі тереңдете түсуге жаңаша серпін берді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.Қарағанды облысында алты жасар бала мұзға батып кетті
Төтенше жағдай • Бүгін, 16:22
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Бүгін, 15:45
Семейде 22 жастағы жігітті азаптап өлтірген күдікті 12 жылға сотталды
Қылмыс • Бүгін, 15:20
Қар, көктайғақ және тұман: Қазақстанда ауа райы күрт құбылуы мүмкін
Ауа райы • Бүгін, 14:52
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Бүгін, 14:10
Шымкентте екі қабатты мейрамхана өртке оранды
Шымкент • Бүгін, 13:33