Қарауылдағы қызметіміз өз дәрежесінде жүріп жатқан. Қырсыққанда мына бәленің киліге кеткенін көрмейсіз бе? Қап! «Ангарға» келе жатқан жолда зар қақсадық. «Жігіттер, ұйықтап қалмайық, ұйықтап қалмайық!» Бәріміздің ұжымдық қаупіміз қаны бөлек Елисеевте (тегі өзгертілді). «Әй, осы құртады-ау». Көптен бері қарауылға жіберілмей жүрген. Бүгін қайдан қосыла қалғанын? Тамақсаулау еді. Мұндай адам ұйқыға тез алдырады ғой негізі. Басында командир мұның есімін «Ангарға» баратындар қатарында атағанда ішім қылп ете қалған, жанымдағы серігім бетін тыржитқан. Көзі тұздай болып көлікке мініп жатқанда да ұнамаған. Ұнатпағанда не істейсің? Негізі неден, кімнен секемденсең сол жақтан бір «пәлекет» бас көтеретіні бар.
Елисеев менің алдымдағы 2-ауысымда. Оны 3-ауысымдағы мен ауыстырып отырамын. Күндізгі 13.00 жақындап қалған. Мені сержант постқа жеткізіп салып, әлгі Елисеевті алып қайтуы керек. Дәл осы кезде дивизияның штабынан тексеруші келе қалғаны бар емес пе? Анау-мынау емес, мүйізі қарағайдай генерал-майор. Ол кезде, дәлірегі 1992-93 жылдары Қазақстанда бұрынғы Кеңес Одағы тұсында өзге республикалардан келіп қызмет еткен әскери қызметкерлерден өз тарихи отандарына әлі қайта қоймағандар көптеп кездесетін. Мынау солардың бірі. Мұндай шендегілер тексеруге сирек келетін. Тексеруші «ойбай, мен бара жатырмын» деп алдын ала айтпасы белгілі. Жаңа «УАЗ»-бен сарт ете қалсын. Тексерушілер посттардағы сақшыларды ауыстыратын мезгілді жақсы білетіндіктен, уақытын соған орайластырып келеді. Бірінші мен баратын 2-постқа бет алдық. Қалың жауған қарға түскен жалғыз аяқ жолмен жүріп келеміз. Күн төбеде шақырайып тұр. Аяз жоқ. Бейнебір көктемнің күніндей. Шинелінің етегі қар бетін сызған генерал қасқайып алдымызда. Біз оған зорға ілесіп келеміз. Бәріміздің уайымымыз қалың: «1-постан қауіп жоқ. Тек, 2 посттағы әлгі Елисеев ұйықтап қалмаса жарар еді», «Күн қызуы темір мұнараны ысытып, әлгі маужырап...»
Енді бір төбешікті айналсақ күзет мұнарасы көрінуі тиіс. Біз ашық алаңға шыққанда қарауыл «Тоқта! Келе жатқан кім?..» деп, және де осы іспеттес басқа да әмірін беруге тиіс-тін. Әмір берілмесе, қарауыл ұйықтап жатқаны. Уайымымыз айнымай келді. Қарауыл тым-тырыс. Мәссаған. Бәріміз сүмірейдік те қалдық.
Биік мұнараның есігі айқара ашық тұр. Елисеевтің төбесі де көрінбейді. Мұнараның екі жақтауына сақшы жарықтық екі шылғауын әдемілеп жайып қойған.
Бізді бастап келген генерал биік мұнараның дәл түбіне келіп тоқтады. Сұқ саусағын ерніне тигізіп бізге дымдарыңды шығармаңдар деді. Бәріміз демімізді ішімізге тартып тұрмыз. Генерал сатымен биік мұнараға дымын білдірмей, аяғын мысықша басып шықты. Елисеевтен еш хабар жоқ. Генерал мұнараның есігінен қарап тұрып мырс етті. Оның неге мырс еткенін кейін білдім. Генерал Елисеевтің автоматын алып қайтадан жымын білдірмей төмен түсті де, әдеттегі рәсімсіз менің мұнараға шығып, қарауылдық қызметімді жалғастыр, ұйқыдағы сарбазды оятып жібер деді. Мен Елисеев оянсын деп сатыны аяғыммен дүрсілдете басып мұнараға шықтым. Оянар емес. Мынаны қараңыз. Генерал мырс ететіндей бар екен. Қаруласымыз Елисеев автоматын мұнара бұрышына сүйеген, қалың тұлыпты келістіре жайып ұйқыға бас қойған. Бәрінен де күлкі шақыратыны постқа тамақ алып кету рұқсат етілмесе де Елисеев ебін тауып бөлке нан мен тамақ істеуге арналған тоңмайдан молынан ала шығып, оны былшылдатып соғып жатып ұйықтап кеткен. Оң қолында тоң май жағылған, жартылай желінген бір тілім нан бар. Шамасы бөлке нанның соңғы кесіндісі. Тамағы тойған соң маужырап ұйқының аранына түскені анық.
Елисеевті ояттым. Ол орнынан атып тұрды да, сасқалақтап не істеп, не қойғанын білмей қалды. Төменде тұрған генералды көргенде есінен айырылғандай болды. Аздап есін жинады. Қарауылда тұрып ұйықтап қалудың жазасын жақсы білетін Елисеевте өң-түс қалмаған.
Бәрі келесі постқа қарай кетті. Елисеев байғұстың автоматы қарауыл бастығына тапсырылған, шинелінің белдігі алынып қойылған. Тұтқынға түскен жау сарбазындай топтың соңында аяғын ілбіп басып барады. Менің жаным ашып кетті.
Елисеевті алда 10 күн гауптвахта күтіп тұр. Бұл талқыланбайды. Ең жаманы біздің комбаттың белгілейтін жазасы. Батальоннан қарауылда біреу ұйықтап қалса, 10 километрге «марш бросок» болады. Оған тек сарбаздар ғана емес батальонның офицерлерінің барлығы түгел қатысады. Біздің комбат – подполковник Юрий Викторовичтің «марш бросогы» анау-мынау тозақты жолда қалдырады. Сарбазға тиесілі барлық асай-мүсейіңді арқалатып жүгірткенде көресің көр азапты. Ал ұйықтап қалған адам сол кезде шәниіп гауптвахтада жатады. Содан оны бүкіл батальон жазғырады, сыртынан боқтап-бұралайды. Кейін казармада кездескенде «әңгіме» тіптен басқаша өрбиді. Бұл – комбаттың жазасының шарықтау шегі.
Бірақ бұдан кейінгі жағдай мүлде біз күткендей болмады. Елисеев гауптвахтаға жіберілген жоқ. Біздің комбат та ескі әдеті – «марш бросогын» жаза ретінде қолданбады. Бұл біз күтпеген жақсылық еді. Қалайша?
Әлгі генерал мәселені төтесінен қойған: «Сарбаздарға жағдай жасалмаған. Қарындары аш болатыны сондай, постқа нан ұрлап апарып жеуге мәжбүр. Қарауылға шығар алдында сарбаздардың тынығуына жағдай жасалмаған».
Біз қарауылдан қайтқан күні ертесіне алаңда үлкен жиын болып, генерал көтерген мәселелер түгел шешімін табатын болды. Шынында көп өтпей қарауылға баратын сарбаздар үшін тамақ жағы жақсарды, молайды, күзетке шығу алдында тынығуға жағдай жасалды, басқа да игі істер атқарылды. Сол кезде Елисеевке кейіннен алғыс айтқандардың бірі ретінде осы оқиғаны үнемі есіме алып жүремін.
Комбат бірде Елисеевке қарап тұрып: «Сен сөзбен емес, нақты іс-қимылыңмен мәселені шешкен батыр жауынгерсің», дегені бар. Шын мәнінде айтты ма, кекетіп айтты ма, ол жағын білмедім.