10 Сәуір, 2014

Кадрлар тұрақтылығы басты назарда

464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалу барысы туралы әңгімеледі. Салаға шетелдік инвесторлар тарту жөніндегі тапсырманың орындалуын «Самұрық-Қазына» қоры бақылап отырғаны мәлім. Біздің қоғамның жұмысы да қордың жіті назарында. Бүгінде компаниямыз халықаралық ірі компаниялардың қатысуымен бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның ең маңыздысы – Балқаш ЖЭС құрылысы. Бұл жобаның құрылысы Samsung C&T және KEPCO корей консорциумымен бірлесіп жүргізілуде. Атап айтарымыз, Балқаш жылу-электр стансасы қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмейтін болады. Онда көмір жағудың ең озық технологиялары мен жабдықтары, сондай-ақ, ұлттық табиғатты қорғау нормативтері мен Еуроодақ стандарттарын сақтауды қамтамасыз ететін газ тазалау қондырғылары орнатылады, деді басқарма төрағасы. Акционерлік қоғам жетекшілері Мемлекет басшысының өндірістік персоналдың жалақысын көтеру жөніндегі тапсырмасын да орындап жатыр екен. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналас­тыру бойынша да үлкен жұмыстар жүргізілген көрінеді. «Компания өндірістік персоналдың жалақысын көтеру жөніндегі тапсырманы орындады. Жалпы, жалақының орташа деңгейі шамамен 135 мың теңгені құрайды. Біз өзіміздің өндірістік, инженерлік-техникалық персоналдарымыздың жалақысын осы деңгейге жет­кіздік, бұл саладағы кадр тұрақ­тылығын қамтамасыз етіп, кәсіп­қой кадрларды компанияның энер­гетикалық нысандарына бекітуге, ұжым алдындағы әлеуметтік бағ­дарламаны орындауға мүмкіндік берді. Өстіп, кадр тұрақтылығын басты назарға алдық», деді А.Сәт­қалиев. Компанияда мүмкіндігі шек­теулі жандарды жұмысқа орналас­тыру бойынша да үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір компанияда осындай 111 адам жұмыс істейтін көрінеді. Ал биылғы жыл соңына дейін тағы да мүмкіндігі шектеулі 70-шақты адамды жұ­мысқа қабылдауды жос­парлап қой­ыпты. Қайсар ЖҮСІП.