Коллаждарды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Ереже бұзудың 72 пайызы елді мекендерде тіркелген
«Жыл басталғалы бері елімізде 2 600-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, салдарынан 410 адам бақилық болып, 3 500 азамат түрлі дене жарақатын алды. Бірінші тоқсанның өзінде осындай жағдайлардың тіркелуі баршамызды ойландыруы тиіс», дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов жантүршігерлік цифрды сөйлетіп.
Уақытында жүргізуші куәлігін «бармақ басты, көз қысты» әрекетпен алды ма, әлде расында да емтиханды тамаша дейтін бағаға тапсырды ма, ол жағын кім білсін?! Әйтеуір куәлікті алудың жолын тапқандар жол ережесін сақтаудың жөнін табар емес. Темір тұлпарды тізгіндегендердің бір бөлігі жаяу жүргіншілер жолағында да ереже бұзып, елдің есін шығарып жүр. Қысқасы, Бауыржан Момышұлы айтқан «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөздің көлік жүргізушілері үшін ешқандай әсері жоқ секілді.
«Биыл жаяу жүргінші жолағында 88 жол-көлік оқиғасы тіркелген екен. Соның салдарынан 22 адам көз жұмып, 69 азамат жарақат алды. Жол-көлік оқиғаларының 72 пайызы елді мекендерде тіркелген», дейді министрлік өкілі.
Байқап отырсақ, заңға бағынбайтындардың басым бөлігі елді мекендерде жүр екен. Бейнебақылау жүйесі жоқ дегенді желеу қылған ауылдағы ағайынның заңды белден басқан әрекеттері құзырлы орган қызметкерлерінің назарынан тыс қалмайтынын статистиканың өзі байқатып тұр. Ауыл көшелерін шаңдатып жүрген жүгенсіз жүргізушілер осы статистикамен танысқаннан кейін қорытынды шығарса, қане?!
33 бала өмірмен қош айтысты
Көлікті бар жылдамдығымен жүргізетіндер туралы әңгіме тиегі ағытыла қалса, «Формула-1» бәсекесінде жеті маусым қарсыластарын шаң қаптырып, әлем чемпионы атанған әйгілі неміс спортшысы Михаэль Шумахер елдің есіне түседі. Қазір одан кем түспейтін пилоттар легі қалыптасқанына қарамастан, Шумахердің аты аңызға айналғаны қашан?! Бүгінде қазақтың даласын да, қаласын да «Формула 1»-дің әйгілі пилоты болған сол Шумахердің елесі кезіп жүрген секілді. Олай деп опына астарлауымыздың да себебі жоқ емес. Әйтеуір, күре жолда көлігін күркірете жүргізетіндердің қатары сирейтін күн байқалар емес.
Дәйекпен әдіптелген деректерге зер салсақ, тіркелген жол-көлік оқиғаларының үштен бірі жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы салдарынан болған екен. Тіркелген 758 жол-көлік оқиғасы кезінде 139 адам қаза болып, 1099 жолаушы түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Расында да бұл цифр жан түршіктіреді. Ал ауылдарда тұратын «Шумахерлер» 471 мәрте жол-көлік оқиғаларының тіркелуіне себеп болса, салдарынан 52 азамат қара жол үстінде көз жұмған, 606 жолаушы жарақаттанған. Қала сыртындағы трассаларда көлігімен құстай ұшқандардың кесірінен 287 жол-көлік оқиғасы анықталып, 87 адамның қайтыс болғаны, 493 азаматтың жарақат алғаны белгілі болып отыр.
«Жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар мен жараланғандардың төрттен бір бөлігін жаяу жүргіншілер құрайды. Ережені сақтамаудың салдарынан 128 адам қаза тапты. Ал 924 жолаушы жарақаттанып, аурухана төсегіне таңылған. Жалпы жаяу жүргіншілер де жауапкершілікті ұмытпауы керек. Жолдағы қауіпсіздік жаяу жүргіншілерге де, жүргізушілерге де бірдей. Осы уақыт аралығында жаяу жүргіншілердің кінәсінен 88 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, онда 22 адам қаза тауып, 69 адам жарақат алған.
Балалар жол қозғалысына қатысушылардың ең осал санаттарының бірі екенін үлкендер жағы ескерсе дейміз. Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 465 жол-көлік оқиғасы анықталып, салдарынан 33 бала мерт болса, 592 адам жарақат алды. Тағы бір қайғылы оқиға осы жылдың 4 сәуірінде Қызылорда облысында тіркелді. Онда шағын автобус доңғалағының астында қалған екі жасар бала қайтыс болды», дейді Атығай Арыстанов.
Аңдасақ, балалар жүрген жерде 465 жол-көлік оқиғасының тіркелуі кімді де болса ойландыруы керек. Ал сол оқиғалардың салдарынан 33 баланың бақилық болуы жанды аяздай қаритыны тағы рас.
178 рет ереже бұзған жүргізуші бар
Жол қозғалысы ережесін ұдайы бұзатын жауапсыз көлік жүргізушілері де аз емес. Деректерге сенсек, осы жылдың өзінде 1,2 млн-нан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркеліпті. Олардың басым бөлігі жоғарыда айтқанымыздай жылдамдықты арттырумен «ерекшеленсе», бірқатары жол жиектерінде орналасқан белгілер мен таңбаларды «байқағысы» келмей ереже бұзып жатады екен. Сонымен қатар 74 мыңға жетеқабыл жүргізуші көлік құралдарын пайдалану ережелерін белден басса, 56 мыңға жуық көлік жүргізушісі жолаушылар мен жүктерді тасымалдау кезінде қателіктерге бой алдырған. Бұдан бөлек 6,5 мыңнан астам жаяу жүргінші жол ережелерін бұзғаны үшін айыппұл арқалапты.
Ішімдік ішсе, рульге жармасатындардың саны да аз емес екен. Статистикалық деректерге жүгінсек, мас күйінде көлік басқарған азаматтардың саны 5,7 мыңға жеткен. Бір өкініштісі, ішімдік ішіп құқық қорғау органы қызметкерлерінің құрығына түскендердің саны жыл сайын мыңдаған адамды құраса да, жұртшылық одан қорытынды шығаруға еш асығар емес. Заң қаншалықты қатаң болғанына қарамастан, ащы суға аңсары ауғандардың қарасы азаймағаны қоғамдық мәселеге айналғаны даусыз.
Елімізде жол қозғалысын интеллектуалдық бақылау жүйесін белсенді түрде дамыту мәселесі кеңінен қолға алынып келеді. Бүгінгі күні жолдарда жол қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуын тіркейтін 16,9 мың автоматты бейнекамера орнатылған. Бейнетұзақ қазіргі кезге дейін 517 мыңға жуық заң бұзушылықты тіркеп, тиісінше, мемлекеттік бюджетке 3,6 млрд теңге айыппұл өндірілген.
«Мұндай жүйелерді енгізу жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар апат деңгейін төмендетуге айтарлықтай әсер етеді. Полиция қызметкерінің тәртіп бұзушымен тікелей байланысын болдырмайды, осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де төмендетуге түрткі болып отыр. Мәселен, өткен жылы Шымкент қаласы бойынша 1 мыңға жуық осындай камера орнатылды. Шымкенттік жүргізушілерге салынған айыппұлдың жалпы сомасы шамамен 2,2 млрд теңгені құрады», дейді министрлік өкілі.
Атығай Арыстанов келтірген деректердің бірінде жарты жыл ішінде жол ережесін 178 мәрте бұзған көлік жүргізушісіне 4,5 млн айыппұл салынғаны туралы айтылады. Бір адамның 178 мәрте ереже бұзғаны ойландырмай қоймайды. Көлікті жүргізген мұндай жүргізушінің ережеден хабары бар ма? Жүргізуші куәлігін қайдан алған? Алты айда 200-ге жуық ереже бұзған азаматтың көлік жүргізуге қандай моральдық құқы бар? Қалай десек те мұндай мәселеге бейжай қарауға болмас. Қысқасы, мыңдаған адамның жұлдызы сауатсыз әрі жауапсыз жүргізушілердің кесірінен болатын жол-көлік оқиғаларынан сөнбесе дейсің...