Қоғам • 25 Сәуір, 2022

Түнек ішіндегі шуақты әлем

387 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жанарының сәулесі көмескі тартса да, қара түнек ішінен таяғымен түртінектеп жол тауып, әр күнінен мән іздеп, өмірін мағынамен жалғап жүрген зағип жандардың мәселесі тек көпқабатты үйлерге пантус салып берумен немесе көше қиылысына сөйлейтін бағдаршам орнатып берумен шешілмейді. Көзі көрмейтін адамдардың көпшілігінің жанарында жарық болмағанымен, айналасын тереңірек сезінетіні, ең нәзік дыбыстың өзіне елітетін ерекше қасиеті бары баршаға белгілі ақпарат. 

Түнек ішіндегі шуақты әлем

Сол себепті тәулік бойы түңіліп-торығып, төрт қабырғаның ішінде қамалып, кәріптің күйін кешкеннен гөрі зағип жандар мәдени-рухани өмір сүруге бейім келеді: зауқы соққанда концертке барып ән тыңдап, сүйікті ақын-жазушысының авторлық кешіне қатысып, кітапхана жағалап, музей аралап, қылқалам шеберлерінің қаламынан туған шедеврлерді тамашалағанды ермек етеді. Иә, иә, тап солай, былайғы жұрт білмейтін де болар, қос жанарынан айырылғандардың көпшілігі музей аралайды.

Музейде тұрған картиналарды, экспонаттарды қолмен ұстауға болмайтыны көпшілікке мәлім. Бұл – мекеменің басты талабы. Ал музейдегі мыңдаған экспонаттардың арасында жүріп, мысалы, халық суретшісі Молдахмет Кен­баевтың «Асауды құрықтау» атты атақты картинасының алдына келгенде зағип жан не сезінеді? Кең жазира алқапта қос қапталынан қуып жүріп қыл мойнына құрық салып жуасытқысы келген екеуге еркіндігін бермей, ен далаға қарай басын алып қашқан асау ақбоздың жайын ол қалай ұғынады? Өте оңай.

Инклюзивті жобалар аясында Ә.Қас­теев атындағы Өнер музейіндегі әр туындының жанында QR-код орна­тылған. Музей тамашалаған адам теле­фонын кодқа жақындатса, осы экспо­наттың тарихы туралы аудиожазба іске қосылады. Бұған қоса гид маман автор мен картина туралы кең ауқымды ақпарат береді. Ең бастысы, қолмен ұстауға тыйым салынған картинада не бейнеленгені гипстен жасалған көшірме мүсін түрінде қойылған. Жанарын тұман тұмшалаған зағип адамға ең тиімдісі де осы – майлы бояумен кенепке салынған суретті гипстен иленіп жасалған мүсін түрінде арғымақтың басын, жалын, жігіттердің қолын, құрығын, сақал-мұртын қолымен сипап сезіне тұрып, QR-код тетігін басып, құлағындағы аудиодыбыс арқылы жылқының кісінегенін, тұяғымен дала тө­сін дүбірлеткенін, жылқышы жігіт­тердің айғайын, шыбын-шіркейдің ызыңын ести алады. Қабырғаға ілінген тақтайдай тегіс картина қол астында ойлы-қырлы, кедір-бұдыр көлемді мүсінге айналып шыға келгені өз алдына, енді картинадағы бейне тіл қатады. Бұл «картинаның рельефті моделі» немесе 3D көшірме деп аталады. Зағип жан­ның қаруы – көз емес, қол, жүрек болған­дықтан, мамандар ойлап тапқан бұл «ноу-хауды» олар қуана қабылдаған. Елімізде мұндай мүмкіндікке ие 6 музей бар.

Екі көзі шырадай жанған, қол-аяғы балғадай, он екі мүшесі сау қалыпты адам өзін қоршаған кеңістікті кішкентай нүктеден бастап көлемдіге айналғанға дейін  немесе жалпыдан жалқыға дейін көре алады. Ал мүмкіндігі шектелген зағип жанға кеңістік көлемдіден басталып кішірейіп барып безбенделеді. Осы себепті музей тәжірибесіндегі осындай инклюзив жаңалықтарды жетілдіре түсу уақыт талабына айналып отыр. Себебі 3D технология жетістігі «қолмен ұстауға болмайды!» деген экспонат пен тамашалаушы адам арасындағы тыйымды тез арада аластай алады. Мұндай аудиогид жетістігі тек зағип жандарға ғана емес, қоғамдағы өзге топтағы адамдар үшін де маңызды. «Көзбен көрген әсерді қолмен ұстап толықтыра түсу үшін аса қажет» деп есептейді мамандар.

в

Мүмкіндігі шектеулі зағип жанның әр күні үйренумен өтеді. Жөргектен жаңа шығып, беймәлім әлеммен таныстығын бастаған балаға «байқа, су ыстық, күйіп қаласың» деген сөздің мағынасын ата-анасы қалай үйретсе, қара түнек ішінде өмір сүретін адамдар да философиялық, психологиялық ұғымдармен танысу үшін сондай қажырлылықты қажет етеді. Кілем деген қандай болады? Ол неден жасалады? Жіп қалай иіріледі? Өрнек деген не? Оның түсі қалай үй­леседі? Балалар жиі қоятын «Ол кім? Бұл не?» деген сұрақ инклюзив білім­ді қажетсінетін әлеуметтік ортаның сұ­ранысына орай музей тәжірибесінде біршама шешімін тапқанын Ә.Қастеев музейіндегі жәдігерлермен танысу ба­рысында көз жеткіздік. Музейдегі кілем экспонаттарының рельефті репликасы осы технология базасында жақсы дамыған. 3D технологиясының нәтижесінде теріден жасалған бұйымдар, темір, мыс, жез, алтын, күмістен соғыл­ған әшекейлер де зағип жандардың қызыға тамашалайтын жәдігерлеріне айналған. Енді көзбен көре алмайтын экспонатты қолмен ұстап сезінуді ойлап тапқан осы саланың мамандары 3D мен QR-код мүмкіндігіне қосымша иіс сезімін енгізуді ойластырып отыр. Дәл сол «Асауды құрықтау» картинасының жанына келгенде оның мұрнына аттың ащы терінің иісі, дала гүлдерінің иісі келіп, қылқаламнан туған бейненің құны мен әсерін одан сайын арттыра түспек.

Инклюзивті жобалар аясын кеңейте түсу мақсатында Мемлекеттік өнер музейінің «Музейдің қолжетімді ортасын және барлық адамның мәдени өмірге тең қатысуын қамтамасыз ету» тақырыбында дөңгелек үстел ұйым­дас­тырудағы басты себеп те осы – үздіксіз жетілдіруді қажетсінетін жүйеге қатысты маңызды мәселелерді мамандармен бірлесе талқылау. Себебі мұражай көп­­ші­ліктің ең көп баратын мәдени ме­ке­мелерінің бірі ретінде әлеуметтік то­бы мен мәртебесіне қарамастан, қол­же­тімді кеңістіктің үлгісі болып отыр және жауапкершілігі шектеулі жан­дарға қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мәселесіне немқұрайды қарай алмайды. Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі директорының ғылым істері жөніндегі орынбасары Светлана Көпжанованың модераторлығымен өткен басқосуда кездесуге келген шығар­машылық өкілдері жаңа және іске асырылып жатқан әлеуметтік-инклюзивті жобалармен танысты. Соның бірі – жанары көмескі тартқан, көзі көрмейтін адамдардың оқуына арналған рельефті-нүктелі Брайль шрифтімен басылған жол көрсету анықтама құралы. Бұл құрал арқылы музей тамашалауға келген адам өзіне қажетті нысанды тез тауып алуына мүмкіндік бар. Архитектурадағы, кинорежиссурадағы, бейнелеу, мүсін өнеріндегі, білім берудегі инклюзивті жобаларды жаңа сапаға көтеру мәселесі күн тәртібінен түспеуге тиіс және бұған қоғамның да назарын аудару керек. Музей мамандары мен жұртшылықтың күш-жігерін біріктіру музей құралда­ры арқылы мүгедек адамдарды әлеумет­тендіру және шығармашылық оңалту тәжірибесін жетілдіруге, сондай-ақ мұражайда қолжетімді орта құруға сапалы өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді. Бірақ мамандар ойластырып отырған дәл осы жетістікке қол жеткізу үшін үкімет тарапынан үлкен қолдау, қыруар қаражат қажет.