Аймақтар • 26 Сәуір, 2022

Жалған нөмір қолданғандар жауапқа тартылады

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында өткен жиын­да ішкі істер саласын жетілдіру мәселесі талқыланды. Отырысқа Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов, қала әкімі Мұрат Әйтенов пен құқық қорғау органдарының басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты.

Жалған нөмір қолданғандар жауапқа тартылады

Отырыста Берік Бекжанов елімізде мемлекеттiк тiркеу нөмiрi жоқ немесе көлік құралына жалған, қолдан жасалған нөмiрлерді пайдалану арқылы көлік жүргізу фактілері кең етек алғанына назар аударды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік нөмірін қолдан жасау немесе жалған нөмір пайдалану бойынша жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Біз, ең алдымен, халықтың талап-тіле­гін орындап, осындай бұзақылықпен күре­суіміз керек. Бүгінгі таңда мұндай заң бұзушылықтарға Әкімшілік құқық бұзушы­лықтар туралы және Қылмыстық кодекстерде бірқатар жаза қарастырылған. Алайда жауапкершіліктің жұмсақтығы халық арасында алаңдатушылық туғызып отыр. Осыған орай қазіргі таңда Мәжілісте осы заң жобаларындағы нормалар қайта қаралып, жауапкершілік күшейтілуде. Өйткені заңсыз нөмірмен немесе мүлдем нөмірсіз көлік жүргізу ауыр қылмыс жасауға апаруы мүмкін», деді Мәжіліс депутаты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда заң үстемдігін орнатуға баса назар аударды. Осы орайда депутаттар құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге және жол-көлік оқиғаларын алдын алу үшін заңды қатаңдатуға ерекше мән беруде.

Атап айтсақ, Әкімшілік құқық бұзушы­лықтар туралы кодексте заңсыз мемлекеттiк тiркеу нөмiрiн қолданғандарға бес айлық есептiк көрсеткiштен (15 315 тг) төрт жүз (1 225 200 тг) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

Қылмыстық кодексте көлік нөмірін қол­дан жасау немесе жалған нөмір пайдалануға екі мың айлық есептік көрсеткішке (6 126 000 тг) дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу қарастырылған.

Айта кету керек, Бас прокуратураның мәлі­метіне сәйкес, аталған фактілер бойын­ша 2022 жылдың бірінші тоқсанында 73 124 құқық бұзушылық тіркелсе, 72 628 факті бойынша әкімшілік айыппұл салынып, 16 көлік иесі жүргізуші куәлігінен айырылған.