Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Алайда осы ақиқат шындық жете ескерілмей, қазіргі Негізгі Заңымыз – Конституцияда жер – мемлекет меншігі деп жазылғандықтан, 2016 жылы кейбір жоғары лауазым иелері еліміздің ауыл шаруашылығы жерінің бір бөлігін халықтың пікірі мен рұқсатын сұрамай-ақ аукцион арқылы саудаға салуға әрекеттенген болатын. Бірақ ондай жүгенсіздікке халық жаппай наразылық танытып, Ата Заңда көрсетілгеніндей, шынайы билік иесі кім екенін көрсеткен-ді. Жаңа тарихымызда «жер митингілері» деген атаумен қалған сол оқиғадан соң Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрлері отставкаға кетіп, Жер кодексінің кей баптарына бес жылға мораторий жарияланған. Ал өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетел компанияларына сатуға және жалға беруге тыйым салған заң қабылданып, еліміздегі ең маңызды мәселеге нүкте қойылды.
Енді, міне, Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауына сәйкес Конституцияға енгізілетін түзетулердің қатарына қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды жерге иелік ету мәселесін түпкілікті шешуді де қосып отыр. «Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор болмақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Осыған байланысты, Негізгі Заңның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы», деді Президент Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі кеңесте. Осылайша, Жаңа Қазақстан құру жолында тағы бір әділетті де тарихи шешім қабылданбақшы. Ол келешекте жерге қатысты кез келген реформа халық пікірімен санасу арқылы ғана жүргізілетініне кепілдік бермек.
Өкінішке қарай, кезінде ел пікірі ескерілмей, «Мемлекет деген – менмін» деп санайтын менмен шенеуніктердің ой-пиғылына сай қабылданған Жер кодексіне сәйкес жүргізілген реформалар, шындап келгенде, бұқара халықтың емес, ат төбеліндей аз топтың мүддесін көздеген болып шықты. Олар – сырттарында жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды шенеуніктері тұрған латифундистер.
Осы мәселеге Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйекте жариялаған алғашқы Жолдауында назар аударып: «Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуға тиіс. Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес», деген болатын.
Арада өткен екі жылдан астам уақыт ішінде орталық уәкілетті орган – Ауыл шаруашылығы министрлігінің Президент тапсырмасына орай атқарған ісі көңіл көншітпейді. Осыған орай Мемлекет басшысы жер мен латифундистер мәселесіне Үкіметтің биылғы 8 ақпанда өткен кеңейтілген отырысында тағы да назар аударып: «Мен бос жатқан жайылымдық жерлерді тезірек қайтарып алып, оны ауыл тұрғындарына беруді тапсырған болатынмын. Қазір халық үшін айрықша маңызы бар жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл жерде де Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер көзбояушылыққа жол берген. Министрлік жайылымдық жердің тапшылығы 6,8 миллион гектарға немесе 32 пайызға азайды деп мәлімет беріп отыр. Бұл шаруа қожалықтарымен меморандумға қол қоюдың және елді мекендердің аумағын кеңейтудің арқасында мүмкін болды. Алайда Бас прокуратураның тексерісі көрсеткендей, бірқатар өңірде жайылымдық жердің тапшылығы әлі де азаймаған. Ақмола, Атырау және Қостанай облыстарында ауыл тұрғындарына малын фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасалған. Шын мәнінде, жайылымдық жердің тапшылығы қағаз бетінде ғана азайған. Бұдан бөлек, аймақтар халықтың жайылымға деген сұранысын төмендетіп көрсете бастаған. Үкімет неге бұған көз жұма қарап отыр? Мұндай әрекеттер ауыл халқының наразылығын өршітпесе, кемітпейді. Үкіметке жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырамын.
Жерді ұтымды пайдаланудағы маңызды міндеттердің бірі – оның бір қолға шоғырлануына жол бермеу. Мен бұл туралы айтқанмын. Бүгін нақ жерді көбірек алып, инвестиция салмай, өнімсіз шоғырландыру жайлы айтпақпын. Бірқатар өңірде мәслихаттардың шешімдерімен жер телімдерінің мөлшерлері ғылыми-негіздеу тәсілінсіз бекітілген: Атырау облысында – 98 мың гектар, Алматы облысында – 96 мың гектар, Шығыс Қазақстан облысында – 69 мың гектар. Сол-ақ екен, Ауыл шаруашылығы министрлігі бір қолға 98 мың гектар ауылшаруашылық жерін беруге рұқсат ететін қаулы жобасын әзірлей қойды. Бұл шамадан тыс жерге ие адамдардың қазіргі иелігін бекіту, яғни нормативтік база ретінде айқындау әрекеті сияқты көрінеді», деді. Сөйтіп, Мемлекет басшысы айтқандай, латифундистерге «бүйректері бұрып тұрған» Ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларының шын ниеттері аңғарылып қалды.
Латифундистер қатары, әсіресе бос жерлері көп солтүстік өңірлерде қалың тәрізді. Жер қатынастарына құзыреті жүріп тұрған жергілікті шенеуніктер өз жақындарының аттарынан шаруа қожалықтары мен серіктестіктер құрып, бір кезде иесіз қалған жерлердің бәрін «келешекте не егін егерміз, не сатып пайда табармыз» деген пиғылмен өздеріне ала берген көрінеді. Олардың ішінде жалға алу құқығымен алған мыңдаған гектар алқапқа әлі күнге ештеңе өсірмей, текке ұстап отырғандары да бар.
Жуырда Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында Үкіметке солтүстік өңірлерге бизнеспен айналысқысы келетін азаматтардың да көшуіне жағдай жасау, оларға ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер телімдерін беру туралы тапсырма бергенін білгендіктен, Солтүстік Қазақстан облысына барып қайтқан бір таныс кәсіпкер бірнеше ауданның әкімдерінен картоп өсірумен айналысу үшін 500 гектар жер сұрап, ала алмағанын айтып қынжылды. «Бос жатқан жер жоқ дей алмаймыз, бірақ бәрінің заңды жалдаушысы бар. Солардан жалдау құқығын сатып алуыңызға болады...», деп шығарып салыпты жергілікті шенеуніктер...
Жалпы, қазір Қызылжар өңірінде жер дауы өршіп тұр. Әсіресе жері шұрайлы Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда. Өздеріне тиесілі жер үлестерінен әртүрлі себеппен айырылып қалған бірқатар ауылдың бас көтерер азаматтары былтырдан бері наразылық жиындарын өткізіп, құқық қорғау органдарынан әділдік іздеп жүр.
Түйіндей айтсақ, бүгінде еліміздің жер қатынастары саласында қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, жер мәселесімен мақсатты түрде айналысу үшін Президентке тікелей бағынатын дербес агенттік құру керек сияқты. Себебі осы салада тәртіп орнатуға аса құлшыныс танытпай отырған Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі шенеуніктердің шын «сырлары» ашылып қалды.
...Өткен ғасыр басында Ресейде Қазан революциясын жасап, билікті өз қолдарына алған большевиктер ауыл халқын өз жағына тарту мақсатымен «Жер – шаруаларға!» деген ұран тастаған-ды. Келмеске кеткен кеңес өкіметі тұсында жүзеге аспай, тек қағаз жүзінде қалған сол маңызды ұран қазіргі тәуелсіз Қазақстанның жағдайында да өзектілігін әлі жойған жоқ. Осы ретте Президенттің бастамасымен Ата Заңға жерге қатысты енгізілетін өзгеріс жердің нағыз иелерін табуға да қолайлы мүмкіндік туғызары анық.