«Қасіретті қаңтарға» байланысты қылмыстық істердің тергелу барысы туралы соңғы мәліметтермен бөліскен Елдос Қилымжанов жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері Алматы мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелгенін айтты. Мәселен, Шымкент қалалық прокуратурасы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде дүние-мүлікті қиратып, көліктерді өртеген 8 күдіктінің ісін сотқа жіберген. Ал Қызылорда өңірінде дәл осындай айыппен 7 адамның ісі сотқа жолданған. «Күдіктілердің кінәлары бейнежазба арқылы толықтай дәлелденіп отыр», деді ол.
Брифингте Бас прокуратура өкілі бұл қылмыстық істердің сотта қаралу ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, егер күдікті айыптау, дәлелдемелерге және келтірілген залал көлемімен дауласпаса, сондай-ақ жазаның түрі мен мөлшерімен толық келіссе, кінәні мойындау туралы келісім жасалады. Мұндай істер сотта 10 күн ішінде қаралып, жаза мөлшері ең жоғары мерзімнің жартысынан аспайды. Е.Қилымжановтың мәлімдеуінше, дәл осы келісім бойынша 3 адамға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындалған.
Ал жалпы қаңтар оқиғасына қатысты сотқа 265 қылмыстық іс жолданса, 243 адам сотталып, тағы 585-і күдікті ретінде қамауда отыр. Е.Қилымжанов олардың барлығы жаппай тәртіпсіздік кезінде қирату, ғимараттарды өртеу, қару ұрлау, мемлекеттік және құқық қорғау органдары ғимараттарына қарулы шабуыл жасауға «белсенді түрде қатысқанын» айтады. «Қамауда отырған әр күдіктіге қатысты мәліметтер жеткілікті. Бұл деректер олардың осы қылмыстарға қатыстылығын айғақтап береді», дейді ол.
Бұдан кейін спикер Алматы қаласы әуежайына шабуыл жасаған кейбір қылмыскерлердің рөлі туралы түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, 5 қаңтарда жанында бірнеше жақтасы бар «Н» есімді азамат әуежайдың ұшу-қону жолағының жарығын әдейі өшіріп тастаған. Соның салдарынан ішінде жолаушылары бар бірнеше ұшақ ұшу-қону жолағында 10 сағаттан артық тұруға мәжбүр болған. Ал дәл осы сәтті пайдаланған қарулы топ әуежай ғимаратын қиратып, тонай бастаған. Кейіннен «Н»-нің іс-әрекеттері терроризм актісі, яғни Қылмыстық кодекстің 255-бабымен сараланып, оның қылмысқа қатыстылығы толық дәлелденген.
Е.Қилымжанов тергеу барысында қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар мен қатысушыларын анықтауға ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл екі санаттағы адамдарды жауапқа тарту жұмыстары әлі де жалғасуда. Мәселен, Талдықорған қаласында әлеуметтік желі арқылы 5 қаңтар күні 400 адамды жинап, оларға облыс әкімдігін басып алу үшін толық нұсқау берген қос күдікті ұсталған. Оның бірі бұрын сотты болған. Орталық алаңға ұйымдасқан түрде шыққан осы топ жолай тас және металл кесінділермен қаруланған.
«Агрессивті топ қолдарындағы құралдардың көмегімен полицияның қоршауын бұзып өтіп, облыс әкімдігінің ғимаратын өртеп жіберді. Ал бұл «жетістіктерімен» тоқтамаған екі ұйымдастырушы бұл топқа тағы 500 адамды қосып алып, барлығы Талдықорған қалалық полиция басқармасын басып алуға барған. Жаппай тәртіпсіздік кезінде полиция ғимаратының 80 пайызы жойылды», деді спикер.
Бірінші қызмет басшысының орынбасары сондай-ақ тергеу кезінде азаматтардың құқықтарын сақтау мен заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді. «Тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдануға қатысты барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», деген Е.Қилымжанов кейбір арыз иелерінің азаптаулар туралы шағымды қорғану мақсатында жасағанын да алға тартты.
«Мысалы, Жамбыл облысында 5 қаңтарда «Б» есімді азамат өзгелерге еріп, мемлекеттік объектілерді өртеген, одан кейін полиция департаментінен «Калашников» автоматын, «Макаров» тапаншасын, 2 аңшы қаруы мен 3 травматикалық тапаншаны ұрлап кеткен. Күдіктінің бүкіл қылмысы бейнекамераға жазылып қалған. Алайда ұсталғаннан кейін ол «полиция қызметкерлері мені азаптады» деп арыз түсірген. Бұл факті бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тәуелсіз адвокаттың қатысуымен тергеп-тексеру жүргізді. Ыстанбұл хаттамасы секілді азаптауларға қарсы адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес психологиялық-психиатриялық сараптама да тағайындалды. Нәтижесінде, күдіктіге қатысты тергеу органдарының қандай да бір психологиялық қысым жасамағаны анықталды. Сондықтан іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды», деп мәлімдеді ол.
Бұдан бұрын өткен брифингте Бас прокуратура Қызылорда, Атырау, Шымкент және Тараз қалаларында болған террористік шабуылдар туралы жан-жақты мәлімет берген еді. Бұл жолы Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы оқиғаларға кеңінен тоқталған Е. Қилымжанов қанды оқиға кезінде ажал құшқан адамдар туралы әр ақпараттың жіті тексеріліп жатқанын айтты.
Спикердің хабарлауынша, қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысында 16 адам қаза болған. Оның 5-уі құқық қорғау органдарының қызметкері. Ал Шығыс Қазақстан облысының екі ірі қаласында бір уақытта болған шабуылдаушылар мен полицияның қақтығысынан 124 полиция мен Ұлттық ұлан әскери қызметкері жарақаттанған. Жалпы саны 2500 адам қатысқан қақтығыс кезінде агрессивті топ Семей қалалық әкімдігін басып алып, полицияның 12 көлігін қиратып кеткен. Өскеменде шабуылдаушылар әкімдік, «Халық банкі», «Сулпак» дүкенін, коммерциялық дүкендерді қиратып, 10 қызметтік көлікті төңкеріп тастаған. Мұнымен тоқтамаған олар «Бекет-2» стационарлық полиция бекетін түк қалдырмай қиратып кетті. «Осы оқиғалар кезінде өңірде 7 адам қаза тапты. Полиция департаментінде қаза болған 3 адамның өлімі бойынша тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары жүргізуде. Сондай-ақ 4 адамның ажалына қатысты істі полиция органдары тергеуде», деп мәлімдеді Е.Қилымжанов.
Сөзінің соңында ол қаңтар оқиғасын тергеу кезінде анықталған жаңа мәліметтер мен мән-жайлар туралы халыққа дер кезінде ақпарат берілетінін, сол себепті тек ресми деректерге сенуге және жалған ақпарат таратпауға шақырды.
ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтің мәлімдеуінше, қаңтар оқиғасы кезінде ұрлық пен тонаудың ең көбі Алматы қаласында тіркелген. Бұл қалада 2 мыңнан астам дерек анықталса, Алматы облысында – 204 және Жамбыл облысында 23 факт тіркелді. Дүкен, компания кеңселері, мейрамхана, банктер мен ірі сауда орталықтары – барлығы 1 502 бизнес нысаны тоналған. С.Әділов белсенді азаматтардың көмегімен бірқатар қылмыстың ашылғанын да мәлімдеді.
«Қазіргі таңда тергеушілер 410 айыпталушыға қатысты 261 қылмыстық істі сотқа жолдады. Мұндай істердің ең көбі Алматы қаласының «еншісінде» – 185, Алматы облысында – 49, Жамбыл облысы және Көліктегі департаментінде – 10, Қызылорда және Түркістан облысы бойынша 4 іс бар. Тергеу материалдарын талдау кезінде ұрлыққа барғандардың дені алғаш рет заң бұзған жастар екені анықталып отыр. Мұндай кезде олардың жеке басы және оң сипаттамалары ескеріле отырып, бас бостандығынан айыруға байланысты емес бұлтартпау шарасы қолданылады», деді ол. ІІМ өкілінің айтуынша, бүгінде осы негіздер және келтірілген залалды өтеу бойынша 326 күдікті қамаудан босатылған.
Қазіргі уақытта ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша 155 адам қамауда отыр, олардың барлығы ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінгендер. Сонымен қатар прокуратура мен полиция қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде ел тұрғындары 142 қару-жарақты ерікті түрде тапсырған. Ал қаңтар қырғыны кезінде қолды болған қарудың 1480-і, оқ-дәрінің 35 мыңнан астамы табылып, тәркіленген.
Брифингте С.Әділов «Қасіретті қаңтарда» аяусыз соққыға жығылып, әлі күнге дейін ауруханада емделіп жатқан полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер жайында да мәлімет беріп өтті. Естеріңізде болса, бұған дейін қаңтар оқиғалары кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша міндеттерін орындау барысында күштік құрылымның 3 мыңнан астам қызметкерінің жарақаттанғаны жөнінде хабарланған болатын. Олардың ішінде 58-інің сүйегі сынып, атыс қаруы және пышақтан ауыр жарақаттанған. «Қазіргі таңда ауыр жарақат алған 14 полиция қызметкері әлі ем қабылдап жатыр», деген ІІМ өкілі олардың арасында отбасының жалғыз асыраушылары да бар екенін айтып өтті.