Ақтөбе облысында 1 жас 9 айлық Диляра Тимурқызы саусақ ұшындай батарейка жұтып қойды. Оның анасы Гүлнәр Төлеуова жедел жәрдем шақырғанымен, ондағы қызметкерлер сәбиге келуден бас тартқан. Бұл туралы Munara.kz хабарлады.
Бұл оқиға Мұғалжар ауданы Қандығаш қаласында орын алды. Баласының кенеттен қақалып-шашалғанын байқаған Гүлнәр Төлеуова дереу жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалады. «Аудандық ауруханаға хабарласып, мән-жайды түсіндірдім. Олар біз бара алмаймыз, өздерің келіңдер деп телефон тұтқасын қоя салды. Кейін баламды таксимен апардым. Дәрігерлер баланы қарауға асықпады»,-дейді Г. Төлеуова.
Аудандық аурухана қызметкерлері сәбиді рентгенге түсіргенімен, ешнәрсе таба алмаған. Сосын олар жұтылған заттың таңертең баланың үлкен дәретімен бірге шығатынын айтып, сәби мен анасын үйлеріне кері қайтарып жібереді. Арада бір күн өткенде, Гүлнәр ауруханаға қайта барып, баласының тамақ қуысын рентгенге түсіртеді. Сол кезде дәрігер тиынның көлеміндей затты байқап, сәбиін Ақтөбе қаласына апаруға кеңес берген екен.
«Таксимен Ақтөбе қаласына әкелгенде кешкі сағат 5:00 болды. Балалар ауруханасының дәрігерлері 40 минут ота жасап, тиынның көлеміндей ойыншық батарейкасын алып шықты. Алғашында бәрі жақсы болды. Бірақ, батарейкадан бөлініп шыққан улы зат оның ішкі құрылысын зақымдап үлгерген. Себебі, ол ауруханаға 18 сағатқа кешіктіріліп жеткізілді»,- дейді Г. Төлеуова.
Жалпы, Диляраға бір жарым ай ішінде бес ота жасалған. Енді ата-ана Диляраның өліміне себепкер, дер кезінде диагноз қоя алмаған аудандық аурухана дәрігерінің үстінен сотқа шағымданбақшы.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: Munara.kz.
Фото: www. Sterlegrad.ru.